Здавалка
Главная | Обратная связь

Шарм Эль Шейх курорты



Каир қаласынан 120 км қашықтықта, Синай түбегінің оңтүстігінде Шарм Эль Шейх курорты орналасқан. Оның атауы араб тілінен аударғанда «патша шығанағы» дегенді білдіреді. Шарм Эль Шейх курорты туристерді тыныш жағажайлық демалыстарымен тартады. Ол жерде Қызыл теңіздің ғажайып су асты дүниесімен танысасыз. Бұл курорт жыл бойы туристерге қызмет көрсетеді. Наама Бей бухтасының жағалауында туристерге арналған бірінші кластық қонақүйлер мен туристік кешендер салынған. Ол жерде демалу және спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Шарм Эль Шейхты су астында жүзуді ұнататындар жоғары бағалайды. Жиырмаға жуық дайвинг орталықтары су астында жүзушілерге барлық қызмет түрлерін ұсынады. Туристердің көбісі джип-сафариді ұнатады. Туристер Синай түбегіндегі Әулие Екатерина монастырына экскурсияға шығады. Монастырь Синай тауының етегінде орналасқан. Қазіргі таңда Шарм Эль Шейх Египеттің ең көрікті курорттарының бірі болып саналады.

№4 мәтін

Қазақстан туризмі

Туризм адамдарды әрбір мемлекеттің табиғат көркімен, ереше сұлу жерлерімен таныстырады. Қазіргі заманғы туризм өндірісі дамып келе жатыр. Қазақстанның туристік ұйымдары отандық туризмді насихаттау үшін болашағы бар 75 жоба жасады. Олар: іскерлік, тарихи-мәдени, сауықтыру, ғылыми, әуесқой-спорттық, балық аулау, тау туризмі т.б. Қазақстан Республикасының 1999 жылдың 10 желтоқсанында «Лицензиялау туралы» заңы аясында елімізде 638 ұйымға туристік қызметпен айналысу құқығы берілген. Лицензия берілген туристік компаниялар елімізге туристер тартумен емес, сыртқы туристік сапарлар ұйымдастырумен айналысуда.

Еліміздің туристік аймақтары – Алматы, Көкшетау, Қапшағай, Маңғыстау өңірлері. Олар туризмнің нағыз орталықтары. Көбінесе туристік кәсіпорындар Алматыда орналасқан. Шетелдік туристердің басым бөлігі Алматы қаласына келеді. Бұл - туризм бизнесінің Қазақстан бойынша дамуына жол ашпақ. Әлемдік маңызы бар «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» демалыс орны, «Алатау» туристік базалары әсем табиғат аясында тұрып сұлулығымен көз тартады.

 

 

№5 мәтін

Қожа Ахмет Иассауи кесенесі

Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Түркістан қаласында орналасқан. Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Иассауи қабірінің басына тұрғызылған. Ол дүние жүзінен ұста, зергер, сәулетшілерді жинаған. Бұл ғажайып ғимараттың құрылысы он жылға созылған. Бұл үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Күйдірілген шаршы кірпіштен тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер сан түрлі әдістерді қолданған. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. Мұражайдың ортасында ең үлкен – Тайқазан орналасқан. Ол 7 металл қоспасынан жасалған. Қазан Әмір Темірдің бұйрығымен жасалынып, кесенеге сыйға тартылған. Мұсылман әлемінде Қожа Ахмет Иассауи кесенесі екінші Мекке болып саналады. Қазақ халқы үшін кесене қасиетті орынға айналған. Бұл жерге әлемнің түпкірінен келген туристер де ат басын бұрып кетеді.

 

 

№6 мәтін

Қазақстанның табиғи саябақтары, қорықтары оларды қорғау

Дүние жүзінің әр түрлі елдерінде құрылған қорықтардың қорғау тәртібі, атқаратын қызметі мен негізгі бағыты әр түрлі. Қазір дүние жүзінің 124 елінде 2600-ден артық ірі қорық бар екен. Олардың ішіндегі ең үлкені Гренландия ұлттық паркі. Біздің республикамызда жалпы 784,1 мың гектар жерді алып жатқан 7 қорық бар.

Қорық – ерекше қорғауды қажет ететін тұқымы құрып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін табиғи күйінде сақтайтын жер. Мысалы, Барсакелмес қорығы – құланды, Қорғалжын қорығы – қоқиқазды, Үстірт қорығы – дала қойын, Алматы қорығы - Тянь-Шань шыршасын сақтап, көбейту мақсатында құрылған. Марқакөл көлінде түршелік деңгейдегі жергілікті түрге жататын 4 түрлі балық мекендейді. Сібір майқаны (ускуч)- Марқакөл тарихының бүкіл бір дәуірінің символы және қорықтың эмблемасы болып саналады.

Көптеген ғалымдардың еңбектерінде VІ-VП ғасырларда қазақ жерінде ерекше қорғалатын жерлер болғанын жазады. Мысалы, В.В.Бартольд "Жер жанаты – Жетісу» деген еңбегінде жазған.

Ал Ұлттық парктердің қорықтардан айырмасы бар. Ұлттық парктерде өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін әрі бағалы түрін сақтаумен қатар, адамдардың мәдени демалысын ұйымдастыратын, туризммен шұғылдануға мүмкіндік жасайтын орындар бар.

Табиғат ескерткіштерін қорғау – бұл жанды табиғатқа тән затты қорғау деген сөз.

 

№7 мәтін

Шымбұлақ

Шымбұлақ – Алматы маңындағы Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орын тепкен. Табиғаты ерекше сұлу. Тау, биік ағаштар және ауасы тап-таза. Кешен - тау-шаңғылық курорт. Талғар асуының бөктеріндегі бұл спорттық кешен 1954 жылы салынған. Мұнда тау шаңғысы спортшылары үнемі жаттығу жасап отырады.

Қазір кешен соңғы үлгідегі спорттық құралдармен жабдықталған. Кешеннің жарыс жолы ұзартылды және кеңейтілді. Аспалы жолдардың болат арқандары жаңартылған. Әлемдік жоғары деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Тау шаңғысы мен сноубордтың халықаралық мектептері ашылды. Медеу мен Шымбұлақ арасына жүретін 4,5 шақырымдық аспалы жолдар салынған. Осы жолдар арқылы тау шаңғысы кешеніне он бес минутта көтерілуге болады. Қыста қалалықтардың шаңғы тебетін мекеніне айналады. Жазғы уақытта туристер көп келетін, демалатын тамаша орын болып табылады.

 

 

№8 мәтін

 

Мұхитарал

Астанада «Думан» ойын-сауық орталығының ішінде Мұхитарал орналасқан. Мұхитбақ дегеніміз – шындығында, алып аквариум. Мұнда 2000-нан астам теңіз тұрғындары тіршілік етеді. Мұхитарал әр түрлі көлемдегі 11 аквариумнен құралған. Аквариумның қалыңдығы 7 сантиметрлік акрил шынысынан жасалған 70 метрлік дәлізден тұрады.

Аквариумдерде тасбалықтар, қанатты теңбілдер, кірпібалықтар жүзіп жүреді. Мұхитаралдың ең алып тұрғындары: акулалар, теңіз алабұғалары, үлкен патшабалықтар. Барлық аквариумдердегі судың жалпы көлемі – үш миллион литрге жетеді. Бұл су арнайы мұхиттан әкелінбеген, жергілікті су. Оны мамандар күн сайын арнайы сүзгіден өткізіп, тазартады. Ал Қызыл теңізден жүз жиырма тонна тұз алдыртқан. Келушілердің теңіз жәндіктерін қоректендіру сәттерін қызықтауға мүмкіндігі бар. Күніне екі рет жүзгіш мамандарымыз су астына түсіп, оларды қоректендіреді. Бұндай ғажайып окенариумды көріп, сіз тамаша әсер аласыз. Өзіңізді ертегілер әлеміндегі су асты патшалығында жүргендей сезінесіз.

 

№9 мәтін

Қазақ театры

Театр –ойын-сауық орны. Мұнда ойын-сауықтан басқа драмалық шығармалар, мәдени шаралар да өтеді. Театр ең алғаш Грецияда ашылған. Қазақ театр өнері ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізге негізделген. Үйлену салты, шілдехана тойымен байланысты өтетін ойын-сауықтар, ақындар айтысы, т.б. дәстүрлеріміз театр өнерінің алғашқы көріністері болған.

Кейін халқымыздың талантты өнерпаздары шағын труппалар құрып, ел аралап, жәрмеңкелерде өнер көрсеткен. 1917 жылы Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында) М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясы тұңғыш рет қойылды. Кейіннен 1925 жылдың аяғында Қызылорда қаласында тұңғыш музыка театры ашылды. Театр шымылдығы 1926 жылы ақпанның 13-інде М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясымен ашылды.

Театр алғаш рет құрылған жылы онда Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қалибек Қуанышбаев, Елебек Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Жұмат Шанин, Шара Жиенқұлова және тағы басқа өнер тарландары қызмет етті. Олар театр тарихына өшпес із қалдырды. 1934 жылы қазақ драма театрының құрылуына негіз болды. Бұрынғы қазақ музыкалық театрының орнында қазір Н.Бекежанов атындағы облыстық театрдың ғимараты тұр. Бұл күнде облыс орталықтарының бәрінде драма театрлары ашылды. Қазақ драма театрының сахнасында қойылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан Сері – Ақтоқты», «Еңлік – Кебек», «Ана – Жер-ана» спектакльдері театр сахнасынан түспей келеді, сондықтан соңғы жылдары театр репертуары байи түсті.

 

№10 мәтін

Тәуелсіздік алған күн

Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы алды. Қазақ елінің қуанышында шек болмады. Қазақ халқы бір-бірінен сүйінші сұрады. Қазақстан тәуелсіз ел болғаны туралы әлемге хабарлар таратты. Сол күні ең бірінші болып Түркия мемлекеті елімізді тәуелсіздік алуымызбен құттықтады. Еліміз алыс, жақын шетелдерден ресми құттықтау хаттар алды. 1991 жылдың соңына дейін Қазақстанның тәуелсіздігін әлемнің 18 елі танып үлгерді. Қазақ ақындары тәуелсіздікті ән-жырға қосты.

Қазақстан - көп ұлтты егеменді мемлекет. Қазақстан батысында Каспий ойпаты, шығысында Алтай тауларына дейін үш мың шақырымға, солтүстігінде Батыс Сібір, оңтүстігінде Тянь-Шань шыңдарына дейін бір мың бес жүз шақырымға созылып жатыр. Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырымнан асады. Қазақстан – егеменді тәуелсіз мемлекет. Қазір Қазақстанда 130 ұлттың өкілдері тұрады. Бүгінде еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді. Жас мемлекетіміздің болашағы өте зор. Алдағы уақытта дамыған елу елдің қатарынан орын алмақшы.

№11 мәтін

Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері

Қазақстанның өркендеуі – экономика саласына тікелей байланысты. Қазақстанның басты стратегиясы – ашық экономика және еркін сауда саясатын ұстану.

Қазақстанның жер байлығы оның экономикалық мүмкіндіктерін көрсетеді. Қазақстан минерал қоры бойынша әлемде алдыңғы орында. Елде 35-ке жуық химия және мұнай өндірісінің кәсіпорындары жұмыс істейді. Түрлі-түсті металлургияда 30-ға жуық кәсіпорын металл қорытып, шикізат өңдейді. Лондонның түрлі-түсті металл биржасында Қазақстанда жасалған өнім бірнеше рет эталлон ретінде бағаланды. Қазақстанда темір және тас көмір қорын игерумен 24 кәсіпорын шұғылданады.

Әлемдегі уран қорының төрттен бірі Қазақстанда. Уран бейбіт мақсатта электр стансаларында қолданылады. Әлемдегі тұңғыш нейтрон өндіріс реакторы Каспий жағалауында орналасқан. Қазақстанның болашағы мұнай, газ кешенінің дамуына байланысты. Қазақстан үшін мұнай мен газ - аса маңызды стратегиялық сала. Қазақстан табиғи газдың қоры бойынша әлемде 15-орында, ал ТМД елдері бойынша 4-орында.

 

 

№12 мәтін

 

Мемлекеттік рәміздер тарихынан

1992 жылы 4 маусымда ресми рәміздеріміз туралы заң қабылданды. Оларды егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге және мақтаныш етуге тиісті. Біздің мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран.

Мемлекеттік Ту Республика Президенті сарайына, Парламент, үкіметтің, министрліктердің ғимараттарына ілінеді. Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің ғимараттарына тұрақты орнатылады. Бұлардан басқа ту ұлттық мерекелер кезінде көтеріледі. Тудың авторы – Ш. Ниязбеков.

Мемлекеттік Елтаңба мөрге, металл ақшаға, мемлекеттік ғимараттарға салынады. Қазақстан Республикасының азаматы екендігін айқындайтын төлқұжатта да елтаңба бар. Елтаңбаның авторлары – сәулетшілер: Ж.М.Мәлібеков, Ш.Ы.Уәлихан.

Мемлекеттік әнұранды салтанатты жиналыстар мен мәжілістерде орындайды. Қазақстан Республикасының әнұраны көпшілік алдында орындалған кезде, қатысушылар әнұранды тұрып тыңдайды.

Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрып жатқан кез-келген адам Қазақстан Республикасының туын, әнұранын және елтаңбасын құрмет тұтуға міндетті.

 

№13 мәтін

Ұлттық валюта – теңге

Қазақстан Республикасы – егеменді, тәуелсіз демократиялық мемлекет. Оның өз Ата Заңы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық валютасы бар.

Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы.

Халқымыз теңгені бұрын да пайдаланған. Ерте замандарда теңгелерді Түркістан, Тараз қалаларындағы арнаулы шеберханаларда жасаған.

Ұлттық валютамыз 1993 жылы 15 қараша күні таңертеңгі сағат 8:00-ден бастап енгізілді. Қазақ теңгесі Англияда басылды.

Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың белгісі. Басқаның валютасына тәуелді болу – барлық байлығыңды біреудің билігіне беру. Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ол барлық уақытта тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді.

«Тиыннан теңге құралады»,- демекші, ақшаны үнемді пайдалану керек.

№14 мәтін

Бейжіңдегі университетте оқитын отандасымыз «Жыл студенті» атанды

Бейжіңдегі мемлекеттік мұнай университетінде оқып жатқан отандасымыз Аслан Жанұзақов «Жыл студенті» атанды.

Қытайда мұндай атақ оқу үлгерімі бойынша жоғары көрсеткішке жеткен, қоғамдық және спорттық шараларға белсене қатысқан және үздік ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасаған білімгерлерге беріледі. Жерлесіміз Аслан Жанұзақов қазір ғылыми диссертациялық жұмысын жазуда. Ол келер жылы магистратураны аяқтаған соң, Қазақстанға оралып, инновациялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Аслан Жанұзақов Қытайдың белді оқу орнында 7 жылдан бері білім алуда. Мұнай компаниясының бөлген грантын жеңіп алған Ақтөбелік түлек, 2007 жылы Бейжің мемлекеттік мұнай университетіне қабылданды. 5 жыл бойы үздік оқыған Аслан Қытай Білім министрлігінің оқу грантын иеленіп, білімін магистратурада жалғастыруына мүмкіндік алды. Қазір ол түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарына атсалысып, инновациялық технологияларды терең меңгеруде. Асланның ғылыми жетекшісі Хан Гуоцин қазақстандық студентке үлкен үміт артып отыр.

№15 мәтін

Шетелде білім алу

 

Мен Жапонияда Нагасаки университеті «Экология» факультетінің магистратурасын бітірдім. Қазірде Токио қаласындағы Васеда университетіне докторантураға түстім. Бұл университет Жапония бойынша өте атақты университеттердің бірі. Рейтинг бойынша 10-дыққа кіреді. Бұл оқу орнында экологиялық экономика мамандығы бойынша оқимын. Осыған дейін зерттеп келген объектім – Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің әлеуметтік пайдалары еді. Бізде мұндай сала әлі дамымаған. Қазақстанда әлемдік мұрағатқа кіретін тек үш объекті бар екен: Түркістан мавзолейі, Тамғалы тас және Қорғалжын қорығы. Дамыған елдерде жай бір саябақ не тарихи объект болсын, оның өз пайдасы болады. Саябақты қорғау үшін, салықтар төленеді. Салық төлемі әр түрлі деңгейде шешіледі. Экономикалық бағалау дейтініміз сол. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі қанша тұрады деп сұрасақ, ешкім айта алмайды. Ондай объектілер бағасыз болып саналады. Сонда менің зерттеуім экономика мен экология арасындағы сабақтастықты табу.

 

 

№16 мәтін

Әлемдегі ең таңдаулы мамандық

 

Адам екі нәрсені таңдауда жаңы­лыспауы керек. Соның алғашқысы – мамандық таңдау екен. Өйткені мамандық әр­бірімізге өмір бойына азық болады. Тұрмыстық, рухани тұрғыда жанға жайлылық берер кәсіп. Қазақстан мұнайлы өлке болғандықтан, еліміздегі ең таң­даулы табысы мол ма­мандық та мұнаймен бай­ланысты. Қазіргі таңда экономикалық мамандықтар ауадай қажет. Елімізде бизнес-консалтингтер де сұранысқа ие. Сондай-ақ заңгер мамандығы да әлі күнге талапкерлер арасында «таны­мал» мамандықтардың қата­рында. Одан кейінгі орында ақпараттық технология және телекоммуникация мамандығы орналасқан. Үздік маман­дық­тар тізімінің соңына маркетинг, PR саласы орнықты. HR-ма­ман­дарының айтуынша, бұл саланың кең етек жаюы елі­мізде компаниялардың кө­беюі­мен байланысты. Осыдан бір жыл бұрын құрылысшы, бан­кир мамандықтары сұранысқа ие болса, биыл аталмыш ма­мандық түрлері үздік маман­дықтардың қатарынан кө­рінбеді. Бұған қоса, әлеу­меттік салаға қажетті мамандық түр­лері де тізімінен бой көр­сет­педі.

№17 мәтін

Іскерлік

Біріншіден, шағын бизнеспен айналысам деген адам өз материалдық мүмкіндігін анықтап алуы қажет. Ол өз күш-қуатын, өз іскерлігін, біліктілігін, тіпті денсаулығын объективті түрде бағалауға тиіс. Екіншіден, қолыңыздан не келеді, қандай іспен айналысқыңыз келеді? Және сол жұмыс, сол қызмет, сол өнім нарықта сұранысқа ие бола ала ма? Осы мәселені шешпей, бизнеске кірісуге болмайды. Үшіншіден, кәсіпорын құрып, өнім шығара бастағанда, жарнама арқылы өз өнімдеріңізге тұтынушылардың көңілін аудару қажет.

Қазіргі кезде бірыңғай әйелдер жұмыс істейтін ұжымдар бар. Іскер әйел басқаратын мекемелер, фирмалар, мемлекеттік органдар да бар. Білімі, іскерлігі, кәсіби біліктілігі, ұйымдастыру қабілеті мықты басшы әйелдер аз емес. Дегенмен, басшы қызметте отырған әйел адамның бірнеше маңызды сипаттары болуы керек. Өз басқаруындағы ұжым мүшелерінің мінез-құлқын, іскерлік қабілетін, көңіл күйін сезімталдықпен байқау керек. Басшы әйел адамдарды ұжымдастырып, істі ілгері жүргізе алады. Басшы әйел ең алдымен психолог, содан кейін ұйымдастырушы болуға тиіс.

№18 мәтін

Әлемдегі ең бай адамдар

Билл Гейтс — АҚШ кәсіпкері, әрі қоғам қайраткері. Microsoft Corporation компаниясының негізін қалаушы. Оның байлығының ең биік шыңы 120 млрд. долларға дейін жеткен. Гейтстің өсиет хатына сәйкес оның үш баласының әрқайсысы тек $10 млн. алады. Қалғаны қайырымдылық қорының еншісіне тиеді. Microsoft жүйелері әлемде пайдаланылатын компьютерлердің 93%-да орнатылған. Гейтс 1955 жылдың 28 қазанында Сиэтлда Мэри Максвелл Гейтс отбасында дүниеге келді.

Карлос Слим - жер бетіндегі ең бай адам деп саналады.Басылым деректерінше, оның қазынасы 79,6 миллиард долларға бағаланған. Бұл осыған дейін байлардың көшін бастаған Билл Гейтстің қазынасынан 500 миллион долларға көп.

Бұған Слимнің Мексикадағы телекоммуникация саласында негізгі орынды алатын America Movil компаниясы активі құнының өсуі себеп болған. Слимнің бизнесі телекоммуникациямен байланысты. Ол Мексиканың ғана емес, Латын Америкасындағы өзге елдердің де байланыс саласын қадағалайды. 2013 жылы Слимді бай адамдардың көш басындағы орнын, Forbes жорналының пікірінше, Билл Гейтс басқан. Қазір Слим бұл атағын қайта иемденді.Карлос Слим 1931 жылы туған.

Баффет Уоррен Эдвард — американ инвесторларының бірі болып табылады. Әр акциясы шамамен елу мың доллар тұратын Berkshire Hathaway жекеменшік инвестициялық компаниясының 36%-ын иеленеді. Компания Gillette немесе Coca-Cola сияқты анағұрлым табысты фирмаларға ақша салады. Баффет жыл сайын миллиардтаған табыс алады және Америкадағы аса бай адам деп танылған. Бүгінгі таңда Баффеттің байлығы 30,5 миллиард доллар. Уоррен Эдвард Баффет 1930 жылы Небраска штатының үлкен қаласы Омахада туған.

 

№19 мәтін

Кімде қандай коллекция бар?

 

Әркімнің әр нәрсе жинауға әуестігі бар. Өйткені, адамдардың талғамы бірдей емес. Димитрис Пистолас кинокамера жинаумен әуестенеді. Оның коллекциясынан 937 ескі камера моделдері мен кинопроэкторлар табуға болады. Ал қытайлық коллекционер Вонг Гуохуа шылым қораптарын жинаумен айналысады. Қазір оның жинаған дүниесі 30 мыңға жеткен.

Лайза Кортнидің коллекциясы кезінде Гиннестің Рекордтар кітабына да кірді. Жұмсақ ойыншық жинайтын Лайзаның 12113 қуыршағы бар. Пам Баркер ойыншық жапалақ жинаумен әуестенеді. Памның коллекциясы 18 мыңнан асып жығылады. Шэрон Бэдглидің жинаған коллекциясы 6 мыңға жуық. Шэрон Санта Клаус қуыршақтарын жинайды.

Резеңкеден жасалған ойыншық үйректі Валли Хаммер жинайды. Оның 2470 резеңке үйрегі бар. Ал Рон Тиллер мырза кәдімгі салпыншақ (брелок) жинауға әуес. Салпыншақтың мыңдаған түрін кездестіруге болады. Ал неміс фермері Генрих Кэт сыра саптыаяғын жинаумен әуестенеді. Қазір оның жинаған саптыаяғы 20 мыңға жетті.

№20 мәтін

Ақ Азияда ойындары

Қазақстанда тұңғыш рет 7-ші қысқы Азияда ойындары өткізілді. Қазақстандағы Азияда бойтұмары жасалынды. Ол үшін барыс күшігін таңдап алған. Оның аты – Ирби. Қазақстанның ірі қалаларында Азияда алауы салтанатты түрде жағылды. Азияданың ашылуы бас қаламыз Астанада өтті. Оны әлем елдерінің барлығы тамашалады.

Алматы қаласы зеңгір Алатауымен мақтана алады. Азияда қысқы ойындарының 11 түрі өткізілді: мәнерлеп сырғанау, тауда шаңғы тебу, т.б. Алматыда қысқы ойындар Шымбұлақта, Медеу мұзайдынында өтті. Жарыстар табиғат аясында және жабық стадионда өткізілді. Азияданың жабылу салтанаты Алматы қаласында өтті. Спортта біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Қазақстан бірінші орынды жеңіп алды. Осы Азияданың өтуіне байланысты Астана мен Алматы қаласында жаңа стадиондар, спорттық кешендер салынды.

№21 мәтін

Бисердің шығу тарихы

Бисер - ұсақ моншақтарға берілетін жалпы түсінік. Бисер тоқу өнері ертеде кеңінен таралған. Бисер әшекей бұйымдар дайындаудың бір түрі. Бисермен жай суреттерден бастап өте күрделі түрлі-түсті жұмыстар жасауға болады. Мысалы алқа, тұмарша, сырға, білезік, белдік, сөмкелер т.б. Сонымен қатар ойыншақтар да тоқуға болады. Қолдан жасалатын бисер моншақтары Ресейде, шетелдерде өте жоғары бағаланады.

Бисер тоқу өнері өте нәзіктікті, әдемілікті, шыдамдылықты және фантазия мен шеберлікті талап етеді. Әр адам бисер тоқумен айналысуына болады. «Бисер» атауы Египет елімен байланысты. Оның атауы арабтың «Бусра» немесе «Бусер» деген сөзінен шыққан, мағынасы «жалған маржан».

Қазіргі кезде бисерден тоқылған бұйымдарды жастар мен орта жастағы әйелдер тағады. Алуан түрлі бисерден әшекейленген киімдер, аяқ киімдер, сөмкелерді жиі кездестіруге болады.

 

 

№22 мәтін

 

Танымал тұлғалар

Қазақ халқында танымал тұлғалар өте көп. Абай – қазақ үшін ақындықтан жоғары, ол дана ақылдың, кесек ер тұлғаның өзі. Шоқан Уәлиханов Қырғыздың «Манас» эпосын тұңғыш рет қағазға түсірген. Ыбырай Алтынсарин – «Өнер білім бар жұрттар» деп алғаш оқу-білімге шақырған ізашар ұстаз. Әлкей Марғұлан – ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, өнертанушы ғалым. Әбілхан Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған, ұлттық сурет өнерінің шебері. Жамбыл – ұлы ақын, жырау, жыршы. Шәмші Қалдаяқов – композитор және Қазақстанның халық әртісі. Шәкен Айманов - актер, режиссер, театр мектебін қалыптастырған. Қаныш Сәтбаевтың есімімен жаңадан табылған бір минерал мен кіші планета аталады. Дінмұхаммед Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнаған қоғам қайраткері. Роза Рымбаева – атақты әнші, кәсіби әнші. Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» роман-эпопеясы дүние жүзіне танылды.

 

№23 мәтін

Достық деген не?

Қазақта: «Көзден таса – көңілден болады ұмыт» деген нақыл сөз бар. Адал дос досын ғана ойында сақтайды. Досты дос қарама-қарсы отырғанда, жақында жүргенде есте сақтайды. Қиыр шет, тым алыста жүргенде де көкейінде ұстайды. Кейбір адамдар, тіпті қайтыс болған достарын да ұмытпайды.

Ол бақытсыздыққа ұшыраса – барыңмен бөліс. Ауруға шалдықса – көңіліңмен демеу бол. Ол ашулы отырса, ақылыңды айт. Адал достың бір-бірімен қарым-қатынасы тек қана осылай болуы абзал. Адал дос аңқау болады. Ешқашанда адал досты алдама. Алдаған дос аяусыз үкім шығарады. Данышпан Абайдың: «Досыңа достық – қарыз іс» деген сөзі бар. Бұл сөздің мәнісі адам досына достық көрсетіп, бір-біріне қызмет қылуға міндетті дегенді білдіреді. Егер сен досым маған қызмет етсін деп шіреніп жатып алсаң, онда достық бұзылады. Себебі шын дос адамдар бір-біріне қызмет етеді: айтқызбай жақсылық жасайды, айтқанының бәрін де орындайды. Бірақ бұған ешқайсысы бір-бірінен ақы дәметпейді. Өйткені достықты міндет қылған адам – дос бола алмайды.

№24 мәтін

Бірлігі жарасқан ел

Қазақстан көп ұлтты мемлекет екені баршамызға мәлім. Қазақстан – ежелден береке-бірлігі жарасқан ел. Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүріп отыр. Олар бір отбасының баласындай тату-тәтті. Әр адамның өз туған жері, өз Отаны болады. Қазақстан кейбір азаматтарға тарихи Отан болған. Олар Қазақстанды ортақ «Отанымыз» деп санайды.

Әр халықтың өзіне тән мәдениеті мен салт-дәстүрі болады. Әр ұлт өкілдері өз тарихтарын жақсы біледі. Өзге ұлттардың тілін, салт-дәстүрін ұмытпауға елімізде барлық жағдай жасалған. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтейтін, қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері де көптеп саналады.

Қазақстан халқы арасында қарым-қатынас, достық жақсы дамып жатыр. Қазақстанда мекен ететін халықтар арасында келіспеушілік жоқ. Халықтар арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылық сақталған. Бұндай мейірімділік – ұлт болашағын, ұлт тағдырын, ұрпақтардың келешегін ойлайтын мемлекетке ғана тән қасиет.

 

№25 мәтін

 

Аққу – махаббат символы

Аққу – өте ірі және күшті құстардың бірі. Ол көне заманнан бері сұлулық пен махаббаттың, тазалық пен нәзіктіктің белгісі болып саналады. Оны көп халықтар киелі құс санап ерекше құрметтеген. Аққулар аңыздар мен ертегілерде жырланады. Олар – ерекше сезгіш және сақ құс. Балапандарын ата-енесі бірлікте тәрбиелеп өсіреді. Аққу – сұлулықтың, асқақ ананың, айрылмас жардың символы. Құстардың ішінен жұптасып өмір сүретін бірден-бір құс. Егер жұп аққудың бір сыңары өліп қалса, енді бір сыңары басқа бір жұпқа қосылмайды. Өмірден қайғырған қалпында жалғыз өтеді екен. Бұл айнымас адал махаббаттың символы екенін көрсетеді.

Қазақ халқы ұзақ ғасырлар бойында аққуды ерекше қастерлеген. Халық қазақтың әдемі қыздарын аққуға теңеген. Аққудың қауырсынын бесіктің басына және балалардың омырауына ырымдап тағады. Қазақ халқы "Аққуды атуға болмайды", "Махаббаттарың айдында жүзген қос аққудай болсын" - деген дана сөздер қалдырған. Аққу – табиғаттың аса ғажап және қазір сирек кездесетін туындысы. Біздің елімізде оларды аулауға тыйым салынған.

 

 

№26 мәтін

Үйлену тойы

Үйлену тойы – қуанышты уақыт! Жас жұбайлардың бас қосуы – жаңа өмірдің бастауы. Көптеген жұбайлар «Бұл біздің өміріміздегі ең бақытты күн» - деп айтады. Үй болу үшін үлкен дайындық пен мол қаражат керек. Қазақ халқында «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Бұл шаңырақ көтерудің маңызды екенін білдіреді.

Үйлену – қыз бен жігіттің ата-ана, ағайын-туғандары танысып-білісуінен басталады. Құда түсу үшін күйеу жігіттің әке-шешесі, ағайын-туыстары қыздың үйіне келеді. Бұны құда түсу дейді. Қыздың ата-анасының, туыстарының ризалығын алады, қызға сырға салады. Құда болысып, тойдың барысы жайлы сөз байласады. Қыз ұзату тойын қыздың отбасы жасайды. Келін түсіру тойлары жігіттің шаңырағында өткізіледі.

Заман өзгерді, уақыт талабы басқа. Қазіргі кезде екі жақ келісе отырып, үйлену тойын бірге жасауы да кездеседі.

№27 мәтін

Әдептілік туралы

Қазақ халқының салтында үлкенді сыйлау әдептіліктің бір үлгісі болып табылады. Ата-ананы сыйлау, оларды қадірлеу, ізет көрсету адамның ең қастерлі қасиеттерінің бірі. Кіші үлкенді сыйласа, үлкендер де өз тарапынан оған лайық ықылас білдірген. Содан барып үлкен мен кіші арасында жарасымды қарым-қатынас орнаған. Ол әдетке айналып, әдептілік ережелерін тудырған. Үлкендер отырған жерде сөз жарыстырмай, ізет көрсете білу, көңілге қарай сөз айту, қажет кезде өзіңді ұстай білу халық дәстүрінде қалыптасқан қасиеттер.

Әдептілік адам бойында бірден қалыптаспайды. Ол - біршама жылдардың, қоршаған ортаның, жақсы тәрбиенің жемісі. Адам – ең әуелі адамгершілігімен, әдебімен көрікті. Әдептілік – өзіңді әр түрлі жағдайда мінез-құлықтың жалпы ережелеріне, эстетикалық, этикалық талаптарға сәйкес ұстай білу.

Әдепті адам ыңғайсыздық тудыратын жағдайды болдырмауға тырысады. Әдепті адам өзінің басқа адамды жек көретінін немесе өте жақсы көретінін көпшіліктің алдында білдірмейді. Адам мәдениеті жоғары болған сайын, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы сыпайы бола түседі.

№28 мәтін

Нәресте мен періште

Бір нәресте дүниеге келуге жақындағанда, бір періштеден сұрайды:

-Мен өте кішкентаймын, сондықтан мен ол жақта қалай өмір сүремін?

-Қорықпа! Сен ол жақта жалғыз болмайсың. Сені бір өте мейірімді қамқоршың күтіп алады. Ол әрдайым сенімен бірге болады, сенімен бірге күледі, жылайды. Сені ешқашан жалғыз қалдырмайды. Тіпті саған ол жақтағы ең әдемі тағамды береді.

-Ол жақта жаман адамдар бар екен. Мені олардан кім қорғайды?

-Сенің қамқоршың сені жан-тәнімен қорғайтын болады. Өзіне қауіп төнсе де, сені жалғыз тастамайды.

-Алайда мен осында бақыттымын. Ән айтамын, періштелердің әнін тыңдаймын.

-Сенің қамқоршың да саған әрдайым әдемі әндер айтып береді. Сені ыстық алақанына алады, мейірім толы құшағына басады, бетіңнен сүйеді, «періштем» деп еркелетеді.

-Егер ол жақтағылар менімен сөйлессе, мен оларды қалай түсінемін?

-Сенің қамқоршың саған олардың тілін үйретеді.

-Сен оған «ана тілім» дейсің. Тіпті сен ең бірінші оның атын айтатын боласың.

-Ендеше менің соңғы сұрағым мынау: мен оны қалай танимын? Оның аты кім?

-Оның аты –Ана. Сен оған “Анашым” дейтін боласың.

№29 мәтін

Отбасы

Ата-аналар мен балалардың, аға-інілер мен апа-қарындастардың және туған-туыстардың ортасын құрайтын отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі болып табылады. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады.

Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын қағидалары, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да өзара татулықты қажет етеді.

Отбасының берік болуына, ар-намысын сақтауға, отбасы мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеуде әке мен ананың орны ерекше. Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Ана үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ балалардың тәрбиесіне аса үлкен назар аударады.

Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы, адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани-адамгершілік бастауы. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады.

№30 мәтін

Отбасылық бюджет

Отбасылық бюджет – бұл бір жанұяның белгілі бір уақытқа жоспарлаған кірісі мен шығысы. Бюджет деген ұғым көне нормандық «Bougette» деген сөзінен аударылған. «Былғары әмиян» деген мағынаны білдіреді.

Отбасылық бюджетті құру – үйге келген ортақ ақшаны дұрыс жұмсауға көмектеседі. Негізгі табыс – ол сендердің ата-аналарыңның бір айдағы еңбекақысы, сол ақша отбасы мүшелерінің бәріне жұмсалады. Тіпті, әлі еңбектеніп, еңбекақы алмайтын сендер де сол ақшаға ортақсыңдар.Үйдегі жан-жануарларға да қажетті дүние ата-аналарыңның ақшасына алынады.

Отбасылық бюджетті сауатты жоспарлау – үлкен өнер. Әр адам осыны меңгерсе, ақшасын үнемдейді және артық қор да жинай алады. Бюджет қалай тиімді болады? Ол үшін отбасылық кірістерді және шығыстарды дұрыс құрастыру қажет. Кіріс дегеніміз – белгілі бір еңбекке төленетін ақша, табыс, кейбір жерлерде оны жалақы деп те атайды. Ал шығыс дегеніміз – кез келген затты сатып алуға жұмсалатын қаржы немесе ақша. Еңбекпен тапқан қаражатты қалай болса солай жұмсауға болмайды. Демек, ақшаны шаша бермей, оны дұрыс ұстауға үйренуіміз керек. Мысалы, шет мемлекеттерде отбасылық бюджетті жоспарлау, ақшаны үнемдеуді арнайы оқытып, балаларды жастайынан тәрбиелейді.

(«Қызықты қаржы», №6)

Емтихан билеттері

БИЛЕТ №1

ТЫҢДАЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Тыңдалған мәтін бойынша тест толтырыңыз. (Тыңдау және дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-1 мин.)

  дұрыс бұрыс
Ол Оксфорд авиация академиясын бітірмеген    
Ұшқыш күн сайын екі мәрте тексеруден өтуі керек.    
Қазақстанда шетелде оқыған, шетелдік лицензиясы бар ұшқыштар санаулы.    
Жақсы ұшқыштарды шетелге жұмысқа шақырмайды    
Ұшқыштардың жалақысы өте төмен    

 

2-тапсырма.Тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын айтыңыз. (Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

 

СӨЙЛЕСІМ (10 мин.)

1-тапсырма.Берілген жағдаяттық тақырыпқа әңгіме құрастырыңыз. (Дайындалу уақыты-3 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

 

Досыңыз шаңырақ құрды. Тілек, бата айтыңыз.

Жоспар:

1. Ұлттық үйлену дәстүрі

2. Той қызығы

3. Жас жұбайларға тілек

2-тапсырма.Берілген тақырып бойынша әңгіме дайындаңыз.(Дайындалу уақыты-4 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

 

Қазақстандағы білім беру жүйесі. Білім туралы мақал-мәтелдер.

 

ОҚЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Мәтіннің мазмұнын айтыңыз.(Дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-2 мин.)

 

Адам мен табиғат

Адам мен табиғат егіз. Табиғаттың адамға берері мол. Тек соны түсіне білуің керек. Өзге адамдардан жақсы қасиеттерді үйренгенің сияқты, табиғаттан да үйренуге болады.

Топырақтан үлгі ал. Себебі, ол – кішіпейіл бүкіл тіршілік атаулының қайнар бұлағы. Құлпырған гүл де, жайқалған орман да топырақтан өсіп шығады. Бірақ мынаны ұмытпа: топыраққа не ексең, сол шығады. Қалай баптасаң, солай өседі. Ең бірінші, таудан сабырлықты үйрен. Тау орнынан тапжылмай тұрғанымен, оның іші қазынаға толы. Бүкіл байлық содан табылады. Жердің тепе-теңдігін сақтап тұрған да – таулар. Сен де адамзаттың тыныштығын сақта. Басында мәңгілік қар жататын таулар, бір жақтан өмірден көргені мен түйгені мол, шашына ақ түскен кемеңгер қарияларға ұқсайды. Әлемдегі ауаны тазартатын да – таулар. Сен де адамзатты жаман қасиеттерден тазарт. Оларға ақ жүрегіңді, мөлдір махаббатыңды сыйла.

Қазақстанның табиғаты мейлінше алуан түрлі. Оның байтақ жерінде тау да, төбелер мен жазықтар да бар. Қазақстан жерінің ең биік нүктесі – Хан Тәңірі шыңы теңіз деңгейінен 6995 м жоғары орналасқан. Ал ең төменгі нүктесі – Қарақия ойпаты теңіз деңгейінен 132 м төмен жатыр. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – дамудың даңғыл жолына түскен жасампаз ел. Еліміздің тарихы бай, табиғи ресурстары мол, еңсесі биік. Сондықтан да Алаш жұртының ертеңі кемел болмақ.

 

2-тапсырма.Оқылған мәтін бойынша басты тірек сөздерді табыңыз (7-8 тірек сөз).(Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

ЖАЗЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Берілген тақырыпқа эссе жазыңыз. (Дайындалу уақыты -8 мин., тексеру уақыты-2 мин.)

 

«Менің саяхатым»

БИЛЕТ №2

ТЫҢДАЛЫМ (10мин)

 

1-тапсырма.Тыңдалған мәтін бойынша тест толтырыңыз. (Тыңдау және дайындалу уақыты -5 мин., жауап беру уақыты -1 мин.)

 

  Дұрыс бұрыс
Пойызбен Рамесварам аралына дейін жетуге болады.    
«Kuranda Scenic Railway» теміржолы тау жанында орналасқан.    
Сарқырама жанынан өткенде жолаушылар қорықпайды.    
Теміржол бұрынғы күміс кен орнының үстінен салынбаған.    
Үндістандағы теміржол көпірі бір жарым шақырымға созылып жатыр.    

2-тапсырма.Тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын айтыңыз. (Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

 

СӨЙЛЕСІМ (10 мин)

1-тапсырма.Берілген жағдаяттық тақырыпқа әңгіме құрастырыңыз. (Дайындалу уақыты-3 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

Шымбұлақтағы жексенбілік демалыс.

Жоспар:

1. Демалысты ұйымдастыру

2. Мұз айдынында кездесу

3. Демалыстан алған әсер

2-тапсырма.Берілген тақырып бойынша әңгіме дайындаңыз.(Дайындалу уақыты-4 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

Қазақстанның халықаралық байланысы

ОҚЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Мәтіннің мазмұнын айтыңыз.(Дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-2 мин.)

 

Су астындағы қонақүйлер

Адамдар алыс, жақын шетелдерге саяхатқа шығады. Оларды ең алдымен қонақүй мәселесі толғандырады. Саяхатшылар қонақүйдің сәулетті, әрі қолайлы болуын қалайды. Қазіргі таңда таңғажайып қонақүйлерді тұрғызу сәнге айналып келеді. Сәулетшілер қонақүйдің жаңа, таныс емес жобасын жасауда. Олар қонақтарға жайлы бөлме ұсынғысы және сапалы қызмет көрсеткісі келеді. Туристерді таң қалдырғысы келеді. Германия астанасы Берлинде бөлмелері бір-біріне ұқсамайтын «Қалалық пропеллерлі үй-арал» қонақүйі бар. Ол ел арасында «Таңғажайып қонақүй» деген атқа ие болған. Себебі, бұл қонақүйлер су астында орналасқан.

Флорида, Америка Құрама Штаттарында адам таң қалатын қонақүйлер бар. Су астындағы алғашқы қонақүйлер Флоридада пайда болды. Океанология саласының мамандары су астына қонақүй салып, оны танымал жазушы Жюль Вернның құрметіне атады. Қонақүй бөлмелері кондиционер, тоңазытқыш, микротолқынды пеш, теледидар т.б. тұрмыстық техникалық бұйымдармен жабдықталған. Әр бөлмеде ванна, душ, дәретхана бар. Мұндай қонақүй тұрғыны болу үшін әуелі дайвинг курсынан өту керек. Себебі, қонақүйге аквалангпен алты метр тереңдікке түсу керек. Қонақүй бөлмесінің бір тәулік бағасы кісі басына 500 АҚШ долларын құрайды. Бұл қонақүйге қалтасы қалыңдар барады. Осы қонақүйде болу кез келген адамның арманы десе болады.

2-тапсырма.Оқылған мәтін бойынша басты тірек сөздерді табыңыз (7-8 тірек сөз).(Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

ЖАЗЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Берілген тақырыпқа эссе жазыңыз. (Дайындалу уақыты -8 мин., тексеру уақыты-2 мин.)

 

«Менің сүйікті қалам»

БИЛЕТ №3

ТЫҢДАЛЫМ (10мин)

 

1-тапсырма.Тыңдалған мәтін (№3) бойынша тест толтырыңыз. (Тыңдау және дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-1 мин.)

 

  дұрыс бұрыс
Шарм Эль Шейх курорты туристерді тыныш жағажайлық демалыстарымен тартпайды.    
Бұл курорт жыл бойы туристерге қызмет көрсетеді.    
Шарм Эль Шейхты су астында жүзуді ұнататындар жоғары бағалайды.    
Оның атауы араб тілінен аударғанда «патша шығыны» дегенді білдіреді.    
Синай түбегінің солтүстігінде Шарм Эль Шейх курорты орналасқан.    

 

2-тапсырма.Тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын айтыңыз. (Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

 

СӨЙЛЕСІМ (10 мин)

1-тапсырма.Берілген жағдаяттық тақырыпқа әңгіме құрастырыңыз. (Дайындалу уақыты-3 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

Бәйтеректің басындағы тілек

Жоспар:

1. Астанаға сапар

2. Астана сәулеті

3. Тілек

2-тапсырма.Берілген тақырыпқа сипаттама дайындаңыз.(Дайындалу уақыты-4 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

Алматы әуежайы

 

ОҚЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Мәтіннің мазмұнын айтыңыз.(Дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-2 мин.)

 

Вокзалда

Алматының темір жол вокзалы тәулік бойы жұмыс істейді. Вокзал ішінде толған жолаушылар. Вокзалдың күту залында шығарып салушылар мен күтіп алушылар да көп.

Анықтама бюросының алдында кезекке тұрғандар көп екен. Жолаушылардың бірі анықтама бюросынан сұрады:

- Қарағандыдан келетін пойыз қанша сағатқа кешігетін болды?

- Екі сағатқа. Ауарайының қолайсыздығына байланысты.

Аяна кезегі келген кезде былай деп сұрады:

- Кешіріңіз, Семейге дейін қандай пойыз жүреді? Пойыз қай платформаға тоқтайды? Қай жолдан жүреді?

- Семейге екі жолаушылар пойызы жүреді. Біреуі жүрдек пойыз. Кестені қараңыз. Пойыздың келуі де, кетуі де анық көрсетілген. Пойызыңыз екінші платформаға тоқтайды. Бірінші жолдан жүреді.

Аяна перронға шықты. Енді бір жолаушыдан үшінші вагон қайда екенін сұрады:

- Үшінші вагон пойыздың бас жағында ма, аяқ жағында ма?

- Пойыздың бас жағында. Былай қарай жүріңіз. Асығыңыз, пойыздың жүруіне 3 минут қалды.

- Мынау үшінші вагон ба?

- Иә, үшінші вагон. Мен жолсерікпін. Билетіңізді көрсетіңіз. Жолаушы кім?

- Мен. Билетім міне. Менің орным қай купеде? Орным жоғары да, ма әлде төменде ме?

- Үшінші купе, тоғызыншы орын, төменде.

Аянаны анасы мен сіңлісі шығарып салды. Олар Аянаға сәтті сапар тіледі. Аяна пойыз ішіне кіріп

өз орнына жайғасты. Жүктерін орналастырды. Пойыз дәл белгіленген уақытында жүріп кетті.

 

2-тапсырма.Оқылған мәтін бойынша басты тірек сөздерді табыңыз (7-8 тірек сөз). (Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

ЖАЗЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма.Берілген тақырыпқа эссе жазыңыз. (Дайындалу уақыты -8 мин., тексеру уақыты-2 мин.)

Табиғатты аялайық!

БИЛЕТ №4

ТЫҢДАЛЫМ (10мин)

 

1-тапсырма.Тыңдалған мәтін бойынша тест толтырыңыз. (Тыңдау және дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-1 мин.)

 

  дұрыс бұрыс
Театрда ойын-сауықтан басқа драмалық шығармалар, мәдени шаралар да өтеді.    
1925 жылдың аяғында Астана қаласында тұңғыш музыка театры ашылды.    
Театр ең алғаш Германияда ашылған.    
1917 жылы Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында) М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясы тұңғыш рет қойылды.    

 

2-тапсырма.Тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын айтыңыз. (Дайындалу уақыты-2 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

СӨЙЛЕСІМ (10 мин)

1-тапсырма.Берілген жағдаяттық тақырыпқа әңгіме құрастырыңыз. (Дайындалу уақыты-3 мин., жауап беру уақыты-1 мин)

 

Отбасыңызда үйлену тойы өтейін деп жатыр. Тойға дайындық туралы айтыңыз.

Жоспар:

1. Құда түсу сәтін баяндау

2. Той болатын орынды дайындау

3. Шақырылатын қонақтардың тізімін жасау

2-тапсырма.Берілген тақырып бойынша әңгіме дайындаңыз.(Дайындалу уақыты-4 мин., жауап беру уақыты-2 мин)

Сүйікті ісім

ОҚЫЛЫМ (10 мин.)

1-тапсырма. Мәтіннің мазмұнын айтыңыз.(Дайындалу уақыты-5 мин., жауап беру уақыты-2 мин.)

 

Қазақстан табиғаты

Бурабай көлі – емдік қасиетімен әрі әсем табиғатымен ерекшеленеді. Көл – теңіз деңгейінен 320,6 м биіктікте. Көлдің суы таза, тұщы, жұмсақ, тұнық болғандықтан түбі және ондағы жәндіктер анық көрінеді. Жер шоқтығы атанған көрікті Көкшетаудың ең бір әсем, жанға шипалы өңірі. Қарағайлы, қайыңды орман, Көкшенің шоқылары, аңыз болған Жұмбақтас, бір-біріне жақы







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.