Здавалка
Главная | Обратная связь

Ілияс – абайтанушы. 6 страница



 

 

Дәріс №8 Ілияс- ауыз әдебиетін жинаушы, жариялаушы және зерттеуші

Жоспар

1. Ілияс фольклоршылдығының дәстүрлі арналары

2. Ілияс жазбаларының жанрлық құрамы

Ақсудың шыбығын мініп, кең даласының қосаяғын қуып өскен Ілияс бала күнінен бастап-ақ халқының рухани қазынасын құлағына құйып өсті. Айлы кеште, ұзақ түнде салқын самалда отырып қонақ айтатын әңгімені, құрбылары құбылтатын жұмбақты, әжелердің үнді әуезін, қыз бен жігіттің астарлы айтыстарын, әкесінің ертегін, мысалдары мен сын-сықақтарын қызыға тыңдап, құлшына жаттап есейді, ержетті. Ауыл арасында, ел ортасында болып жататын жиын-тойларды жағалап, әзіл-оспақтың, ұшқыр ойдың суырып салма шеберлері тудырған тапқыр сөздерді, ойлы нақылдарды, төгілмелі толғауларды, асқақ дауысты Әсет сияқты азаматтардың тамаша әндерін тамылжыта орындауға талпын-ды. Қос ішекке тіл бітірген ақпа күйші мен ат құлағында ойнаған сайыпкердің өнеріне сүйсінді. Өзі де соларға еліктеді.

Ел іші - ән мен күйдің кеніші. Соның нәтижесінде құймақұлақ Ілияс қазақ халқының шалқар ауыз әдебиеті мен музыкалық фольклорының асыл қорынан жастай сусындайды. Көптеген жырлар мен дастандарды жаттап өседі. Жас кезінде әкесі Жансүгірдің жинаған әдеби мол мұрасы да өз жәрдемін тигізеді. Оның ішінде батырлар жыры–«Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Төстік», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Құламерген» жыр- дастандарымен қоса махаббат дастандары «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», шығыстың қиса әңгімелері – «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы», «Мұңлық пен Зарлық», сондай-ақ Алдар көсе, Жиренше, Сары мен Қосай шешеннің,Төле би мен Бөлтірік батырдың өсиетке құрылған нақылдарын жатқа соқты. «Хат білген соң, өлең кітап оқитын болдым. «Қыз Жібек» қиссаларын мен оқығанда талай адам жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып, айтысып құтырған күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер өтті» ,- дейді Ілиястың өзі жастық күндері туралы.

Ілиястың жастайынан-ақ көпті білгендігін Ғали Орманов былай деп есіне алады: «...Ілиястың сарқылмас өлең-жырлары, әсем әні, шебер қалжыңдары мол болды. Желдіқара, Арқарлы адырлары мен Іле құмындағы елдерге қонып, Алматы аяғындағы Жәпек ауылына түнесек те, Iлияс не түрлі қисса-дастандар мен қызықты әңгімелерге жұртты қарық қылады да отырды... Ілиястың білгенін сол кезде өзі тұрғы ақын адамдардың біле қоюы неғайбыл еді».

«Қаракемер» совхозының тұрғыны Жұман Қабдолданов балалық шағында Ілиясты талай рет тыңдағанын, бір кеште оның күллі «Еңлік - Кебек» дастанын жатқа айтып бергенін айтады. Құсайын ШөкеновІлиястың ел аузындағы жырларды келістіре жатқа айтатынын мақтанышпен есіне түсіреді: «Домбыраның құлақ пернесін баптап алып, Ілияс «Қалқаман – Мамырды» бастап жіберген арада, екі үй кісіге лық толды.

Ілияс есімдері ел арасында құрметпен аталатын ақындардың — Сүйінбай мен Тезектің, Кемпірбай мен Шөженің, Жамбыл мен Құлмамбеттің, Біржан мен Сараның, Жанақ пен Түбектің, Әсет пен Ырысжанның айтыстарын, Абай мен Әріптің ойлы өлеңдерін, Құлдың қағытпаларын, Асанның толғауларын оқығанда да талайлардың таңдайын қақтырады.

Ілиястың сәби күнінен бастап – ақ ауыз әдебиетін қызыға тыңдауына, сүюіне әсер еткендер әкесі Жансүгір мен Әсет және қобызшы Молықбай, әңгімеші ана Алқа.

1920 жылы Ілияс ауыз әдебиеті үлгілерін жинайтын экспедицияға қатысады. Лепсі мен Қапал уездерін аралап, халық арасында ауызша сақталған тұрмыс-салт жырларын, мақал-мәтелдерді, өтірік өлеңдерді, Бақтыбайдың, Сүйінбайдың, Түбектің, Құлдың, Сараның айтыстарын жазып алды. Әсеттің әуендерін, тарихта болған адамдар мен жер–су аттарына байланысты аңыздарды қағазға түсірген. Халықтың талайдан ғасырдан-ғасырға созылып жатқан бай мұраларына көңіл тоқтатып қана қоймай, Диваевпен сырласып, пікірлесе жүріп, өзінің ауыз әдебиетіне деген көзқарасын біржола қалыптастырған. Осының бәрі өзінің халқының тарихын жақсы білуіне, арғысы мен бергісін салыстыруына, жеке аңызға, оқиғаға байланысты шындыққа көзін жеткізуге көмектесті. Ілиястың Ә. Диваевтың басшылығымен Лепсі мен Қапал уезін төрт айдай аралауы және осы сапарында ел әдебиеті туралы мол материал табуы ақынның өз халқына деген сүйіспеншілігін арттырды. Ілиястың бала күнінен ауыз әдебиетін қызыға тыңдауына, жаттап өсуіне, сүюіне, әкесі Жансүгірдің, әнші-ақын Әсеттің, ақын қыз Сараның әсері – бір төбе болса, аталмыш экспедиция құрамындағы іс-әрекеттің ықпалы бір төбе. Ендігі жерде Ілияс халық әдебиетінің асыл мұраларын көпшілікке ұсынуды жүйелі жүргізуге тиіс аса қажетті іс деп бағалайды әрі оның үлгісін өзі көрсете бастайды.

Жас шағында Ілияс халық ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілерін тыңдаушы, жаттаушы, мәнерлеп айтушы, халық арасындағы асыл мұраларды наихаттаушы ретінде көрінсе, білім алып, әдебиетке ден қоя бастағанда ел-жұрттың даналығын қастерлеп, оның мән-мағынасын терең сезініп, түсінуге талпыныс жасайды.

Жинаушының қолындағы ел қазынасы, негізінен, бүлдіршіндерге лайықты болғандықтан «Өтірік» те балаларға ықшамдалып, ыңғайланып дайындалады. Бұл туралы автор: «Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады. Себебі, бізде балалар әдебиеті әлі жасалмай жадағай жатыр, балалар жанына жағымды жаңа кітаптар жоққа тән. Жасалғанда да табан тасы, табалдырығы ауыз әдебиетінің үлгісінен өсуге тиіс. Олай болса, бұл жинақтың жарыққа шығуымен тигізетін қолқабысы қораш болмайды. Ермек үшінде, еңбек үшін де балалар әдебиетінің бүгінгіде, болашақтағы да жамауына жарайды. Мектептердегі тіл сабағына аймақты тануға, баланы баулуға бас білгі мұғалімдерге бұл жинақ бір қатар дерек береді. Осы оймен бұл кітапша балаларға бейім жазылды. Өтіріктен басқа өтірікке сыбайлас /жинақ аяғына қосымша/ от басындағы балалар сөзі, қысқа – қысқа балалар ертектері, ұсақ әңгімелер берілді» - дейді.

«Балалар әдебиеті», - деп жазды Ілияс сол жылдары, - әлі де жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің жасалуына көмектесу еді. Бұл туралы «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәутеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ» деген бірсыпыра еңбектер жазды.

Ілияс Жансүгіров 1930 жылы Қызылорда қаласында жарияланған «Жұмбақ» жаңа жинағына алпыс жеті жұмбақты пайдаланады. Жұмбақтарды үй сайманы, жаратылыс құбылысы, құрал-сайман тақырыптарына топтастырады. Алғашқысында - үйдегі мүліктер, екіншісінде - табиғаттағы күнделікті көріністер, соңғысында - адамның өмір сүруіне қажетті еңбек құралдары жұмбаққа айналдырылады. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың» бірнеше нұсқаларын қағазға түсіріп, олар жайындағы өзінің пікірін көпшілікке ұсынды.

Ілияс Жансүгіров 1934 жылы Қазақстан Кеңес Жазушыларының алғашқы съезінде жасаған «Қазақ Кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері» деген баяндамасында: «Ескіден келе жатқан ел әдебиеті – біздің қымбатты қазынамыз. Оның күрделісі – сөз, оның неше алуаны – ауыз әдебиетімен бірге тараған. Оның түрлерінде де сан жоқ: ертегі, жыр, мақал, тақпақ, жар-жар, беташар, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс өлең, қара өлең, ата өлең, тау өлең, өтірік өлең, жоқтау, шежіре, билер сөзі, ақындар айтысы, тағы да толып жатқан ел сөзінің бұлақтары бар. Бұлар сала-салаға бөлініп тексерілген жоқ. Бұл тексерудің тілге де, әдебиетке де көп пайдасы тиер еді. Бізге осы асыл қазынаны жиып, аршып, қорыту керек, ішіндегі керекті дәнін алу керек» деуі (3) – халық әдебиетін жинап жариялау құрғақ үгіт жолымен емес, жан-жақты дәлелдер мен тұжырымдар арқылы ғылыми негізде жүргізілуі тиіс екендігіне назар аударғаны М.Әуезовтің: «... қазақтың жоғалып, ұмытылып, тозып бара жатқан сұлу өнерін тірілтіп, тынбай жинау керек» (4) деген пікірімен сабақтастығын байқаймыз.

1. Ақындардың шығармалар жинағы. 2. Балалар әдебиеті туралы әр түрлі материалдар. 3.Батырлар туралы материалдар. 4. Бәдік жырларының жинағы. 5. 1916 жыл туралы. 6. Жұмбақтар. 7. Қазақ ауыз әдебиетінің жинағы. 8. Қазақ билерінің сөздері. 9. Қазақ жаңылтпаштары. 10. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасы жөнінде айтылған өлеңдер мен әңгімелер. 11. Қазақтың өткен ақындары туралы. 12. Қазақтың өткен билері туралы. 13. Қара сөздер. 14. Қоштасулар. 15. Қулар туралы материалдар. 16. Құдалық және құдандалық туралы ырымдар. 17. Мақал-мәтелдер. 18. Махамбеттің термелері. 19. Мамай батыр туралы поэмалар және материалдар. 20. Өткен батырлар туралы. 21. Сыңсу. 22. Тақпақ, мақалдар жинағы. 23. Шал ақынның шығармалар жинағы. 24. Шортанбай ақынның өлеңдер жинағы (1).

Дәріс № 9. Ілияс Жансүгіров аудармалары

Жоспар:

1. Ілиястың А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударуы.

2. Лермонтов шығармаларын аударуы.

3. Ілияс және аударма.

 

Ілияс Жансүгіров қалың қазақ оқырманын дүние жүзі классиктерінің шығармаларымен таныстырып, халқымыздың рухани байлығын байытуды мақсат етіп, аударма ісімен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары шұғылданып, орыс, басқа да ұлттардың атақты ақындарының туындыларын қазақ тіліне аударған. Ілиястың көп томдық шығармаларының 6-томына жетпіске жуық аудармалары енген. Атап айтсақ: Пушкиннің отыз бір өлеңін, «Жебірейілнама», «Евгений Онегин» поэмасын, Лермонтовтан төрт өлең мен «Черкестер» поэмасын, Некрасовтан бес өлең, Крыловтың екі мысалын тәржімалаған. Есімдері дүние жүзіне танымал Генрих Гейнені, Виктор Гюгоны, Э. Потьені, Ғ. Тоқайды, тәжік ақыны Ғ. Лахутиді, В. Маяковскийді, ақын Д. Бедныйды, өзімен замандас ақындардан И. Уткинді, А. Жаровты, Н. Тихоновты, А. Крайскийді, А. Безыменскийді, В. Рожденственскийді тағы басқа ақын- жазушыларды Ілияс қазақ тілінде сөйлетті.

Ілиястың аудармаларының ішіндегі ең бағалысы - әлемнің алтын қазынасының төрінен орын алған «орыс өмірінің энциклопедиясы» Пушкиннің «Евгений Онегині».

А.С. Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай «Евгений Онегин» романын Ілияс, уақыттың аздығына қарамастан, 1936 жылы 6 айдың ішінде қазақ тіліне аударады. Ильфа Ілиясқызының сөзімен айтқанда, бұл «Ілиястың аударма саласындағы істеген ерлігі». Пушкиннің образын, рухын, сөз атауларын, сонымен қатар өлең шумағын, ұйқастарын автордың өз үлгісімен беру әр ақын- жазушының қолынан келе бермейтін іс.

І.Жансүгіровтің «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» атты мақаласындағы ( «Қазақ әдебиеті», 1937,10 февраль) «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» - деген сұраққа: Қазақ әдебиетінің өткен жылғы көрнекті жұмысы - Пушкин кітаптарының аудармасы. Пушкиннің тарихи юбилейіне дайындалу қазақ әдебиетіне үлкен серпін берді. Ақынның негізгі шығармаларын жүз жылдыққа арнап қазақ тілінде шығардық. Пушкиннің юбилейіне, ұлы ақынның жиынына үлкен шашу- үш томдық Пушкинмен барғалы отырмыз. Мұның ішінде ақынның атақты романы «Евгений Онегиннен» бастап поэмаларынан «Руслан-Людмила», «Жебірайыл- наме», «Полтава», «Кавказ тұтқыны», «Цыгандар», «Ағайынды қарақшылар», «Мыс салт атты», Граф Нулин» тағы басқалар; әңгімелері - «Дубровский», «Капитан қызы», «Белкин әңгімелері», «Боран» тағы басқалар; пьесаларынан - «Сараң сері», «Тас қонақ»; ертегілерінің бәрі; өлеңдерінен - «Сібірге хат», «Чадаевқа», «Анчар», «Арион», «Сезік», «Пайғамбар», «Дауыл», «Әзәзіл», «Элегия», «Ақын», «Ақынға», «Өшеді үнім», «Ескерткіш қойдым өзіме», «Өмір арбасы», «Кавказ», «Жаңғырық» тағы басқа, сатираларынан елу шамалы ұсақ өлеңдері бар. Пушкин шығармаларын аударғандағы қазақ әдебиетінің олжасын айтатын болсақ, алдымен біз әдебиетімізді Пушкинмен байыттық. Әлемге әйгілі, асқан шебер, данышпан ақынның ең таңдамалы шығармаларын қазақ оқушысына бердік. Бұрын бізде үзіп-жұлқып қана аударылған Пушкинді енді том-томдап кіргіздік. Пушкиннің басылып шыққан үш томы тек жай ғана кітап емес, бұлар бүтін дүние әдебиетінің алтын қазынасына жататын шығармалар. Бұл Пушкин қазақ ақыны болды деген сөз»,- деп өз бағасын береді. І.Жансүгіров осы аударма тәжірибесінде (әсіресе «Евгений Онегинде») Пушкиннің өз үлгісі кіргендігін, ақынның атақты романындағы өлең түрі, сөз үлгісі, шумақ айшығы, образ, теңеу, ұйқастары сияқты түрлері де сақталғандығын, бұл қазақ әдебиетіндегі аударма тәжірибесінде болмаған жаңа үлгі екендігі, Пушкинге артық сөз қоспай, кем қалдырмай, мүмкіндігінше өз нұсқасын беруге тырысқанның тарихи, әдіс жағынан дұрыс болуымен бірге Пушкин үлгісінің қазақ әдебиетіне үлкен әсері көзге көрінгендігін, аз сөзбен көп мағына беретін ұмытылмас образ, өткір өлеңдерімен бар халықтың жазушыларынан жоғары жатқан асқан шебердің үлгісі-жазушыларға үлкен ұстаздық екенін, Пушкин тәжірибесі мен шеберлігінде қазақ жазушыларына алатын сабақтың көптігіне тоқталады. Сонымен қатар автор Пушкин сияқты «қазақ емес жазушылар өз үлгісімен алғанда қазаққа жат болады»-деген пікірдің өскелең қазақ әдебиетіне пайдалы пікір еместігін, бұл пікірді біреу жетпей айтса, біреудің жаулықпен айтатындығын, Абайдың өзінің ар жағындағы, өз тұсындағы, қазақ әдебиетінен жаңа, соны болып, Пушкиндердің үлгісіне ұштасып жатқандығының даусыздығына баса назар аударады. Пушкинді таныту ісін Абай бастағанын сөз етеді: «Қазақ халқының бел баласы ақын Абайдың сол өз тұсында істеген мәдени қызметін бүгінгі Пушкин жүз жылдығында ерекше еске алмауымызға жөн жоқ. Біз бұл жағынан Пушкинді қазақ халқына ерте таныстырып, оны халықтық түрге айналдырған Абай қызметімен көршіміздегі туысқан елдердің көбінен бұрын мақтанамыз. Сол заманда Абай шет-пұшпақтап аударған Пушкинді біз бүгін түгел аудармасақ та, оның ең тәтті, ең таңдамалы шығармаларын қазақ тіліне аударып отырмыз. Бұл біздің, жоғары айтқандай, бүгінгі советтік қазақ әдебиетінің өркендеу өрісінен туып отыр». Ілияс осы мақалада аударма мәселесін де көтерген: «Қазақ әдебиетіндегі аударманың осы күнгі беталысы аса маңызды, ете көлемді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде біз көркем әдебиет аудармасы жөнінен аса маңызды жұмыс істедік». Өзінің аудармасы туралы әдебиетші кәсіби пікір білдірген: «Екінші, бұл аударма тәжірибесінде (әсіресе «Евгений Онегинде» Пушкиннің өз үлгісі кірді. Ақынның атақты романындағы өлең түрі, сөз үлгісі, шумақ айшығы, образ, теңеу, ұйқастары сияқты түрі де сақталады. Бұл – бұрын қазақ әдебиетіндегі аударма тәжірибесінде болмаған жаңа үлгі. Пушкинге артық сөз қоспай, кем қалдырмай, мүмкін қадарынша өз нұсқасын беруге тырысқанымыз - тарихи, әдіс жағынан дұрыс болумен бірге Пушкин үлгіснің біздің әдебиетке үлкен әсері тиетіндігі көзге көрінді. Аз сөзбен көп мағына беретін ұмытылмас образ, өткір өлеңдерімен бар халықтың жазушыларынан жоғары жатқан асқар шебердің үлгңсі - бізге үлкен ұстаз. Пушкиннің мастерлігінде қазақ жазушыларына сабақ көп».

Сонымен қатар аудармашы А.С. Пушкиннің «Чаадаевқа», «Гүл», «Лилаға», «Тұтқын», «Қара бұлт», «Тұтқын», «Қара бұлт», «Ақынға», «элегия», «Пайғамбар», «Әзәзіл» және т.б. өлеңдерін, «Жебірейілнама» (1936) поэмасын қазақ тілінде сөйлетті. М.Ю.Лермонтовтың «Ақынның өлімі», «Тұрмыс тостағаны», «Қанжар», «Тілек» өлеңі мен «Черкестер» поэмасын, Некрасовтың «Темір жол», «Қызыл тұмсық», «Орина солдат анасы», «Жасыл шу», «Жыр» өлеңдерін, Крыловтың «Жапырақтар мен тамырлар», «Сыншы-ақ» мысалдарын, Державиннің «Сыпайылық», А.М. Горькийдің «Дауылпаз» өлеңдерін аударды.

Есімдері дүние жүзіне танымал Генрих Гейне («Тоқушылар», «Салауат», «Егіншіге»), Виктор Гюго («Қырғында»), Эжен Потье («Интернационал»), Бальмонт («Түнге»), Ш.Петефи («Иттердің сөзі», «Қасқырдың сөзі») В.Маяковский («Лениншілдер»), Д.Бедный («Соқа мен зеңбірек», «Жан қайла»), татар ақыны Ғ.Тоқай («Тасталған татар қызына», «Күзгі жел»), тәжік ақыны Ғ. Лахути («Иран қызына»), құмық ақыны Манай («Алпыстағы шалдың жиырма бестегі жесір сұлу әйелге жазған хаты»), өзімен замандас ақындар В. Рождественский («Түрксіб»), И.Уткин («Күнбатар»), А.Жаров («Либкнехт», «Қылыштың қиялы жыры»), Н.Тихонов («Гаудан қақпасы»), А.И.Безыменский («Партбилет №224332») А.Крайскийді («Еркін еңбек жасасын») Ілиястың аударымен қазақтарға таныс болды.

Ілияс аудармалары жайлы М. Әуезов «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» («Социалды Қазақстан» газеті, 1936) С. Жамагетов «Ақынға алғыс» («Социалистік Қазақстан» газеті, 6 январь 1937ж.), Телжан Шонанов «Евгениий Онегиннің» аудармалары туралы» («Социалистік Қазақстан» газеті, 8 февраль 1937ж.), Р. Жаманқұлов «Пушкин шығармасы қазақ тілінде» («Қарағанды пролетариаты» газеті, 15 февраль1937ж.) мақалалар жариялады.

Тапсырма: «Евгений Онегин» романы қазақ тілінде тақырыбында салыстырмалы талдау жасау. (Абай, Әсет, Ілияс аудармалары негізінде)

Дәріс №10. Ілияс Жансүгіровтің әдебиетке қатыты сын-зерттеулері

Жоспар:

Ілияс – абайтанушы.

2. Ілияс және Албан Асан

3. Ілияс және Сүйінбай

4. Ілиястың әдеби толғамдары.

Ол қазақ әдебиетiнiң аяқ алысы, бағыт-бағдары жайлы мақалалар жазды. Кейбiрiнде өзiн сынағандарға жауап беріп отырды. (Ғ.Тоғжановпен бірге Абай өлеңдерінің ұйқас ерекшеліктерін талдаған редакциялық мақала «Өлең өнері». («Еңбекші қазақ» газеті 3.06. 1926ж.), «Бетiм анадай емес, мынадай» («Еңбекші қазақ» газеті, 5 сәуiр 1928 ж.), «Жiкке жол жоқ» («Еңбекші қазақ» газеті, (17 ақпан 1930 ж.), «Кім қалай жазған?» («Жаңа әдебиет» журналы, №6-7, 1931ж.), Ғ.Тоғжановпен бірге Абай әндерін сөз еткен мақала. «Еңбекші қазақ» газеті 1931ж. 2 қараша) «Қаталасуға қарсы большевиктiк сынды күшейтемiз» ( «Социалды Қазақстан» газеті, 12 ақпан 1932 ж.), «Ақын Асқар» («Әдебиет майданы» журналы, №4, 1933ж.), «Абайдың сөз өрнегі» («Әдебиет майданы» журналы, №11-12, 1934ж.), «Өсудің негізі өзара сын» («Қазақ әдебиеті» газеті, 14 ақпан 1935ж.), «Жолдасқа. Қанатым Қалмақан!» («Қазақ әдебиеті» газеті, 12 қыркүйек 1935ж.), «Өзара сын және ұсақ жанр туралы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 23 мамыр 1937ж.), «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10 ақпан 1937ж.), және тағы басқа мақалалары - ауыз толтырып айтарлықтай құнды дүниелер.

1933 жылғы Қызылордада шыққан Абайдың тұңғыш шығармалар жинағына алғы сөз жазған Ілияс Жансүгірұлы еді. Мақалада тұңғыш рет Абай шығармаларының текстологиясы көтерілген. Басылымда кеткен қателер корректор-түзетуші кінәсінен деп айыпталған. Осы ретте абайтанушы Ілияс Жансүгірұлы әр сөзге нақты әдебиеттанулық түсініктеме берген. Мысалы:

1. «Мал мен бастың кеселін ұят бұзар» — 26-бет, 6-жол. Бұл ұят бұзар емес, «ұя бұзар». Ынтымақ, бірлікте іріткі салатын шәргездердің сын аты.

2. «Тиянақсыз, билеусіз байқұс құлың» — 28-бет, 12-жол. Құлың емес, «құлқың», құзғындық.

3. «Кірлі болып түскен соң» — 57-бет, 17-жол. Кірлі емес, «кәкірлі»: қылмысты, жазықты. Ұлықтан келетін жазаны «кәкір» дейді.

Абайдың тілі туралы Алаш әдебиетшісі былай дейді: «Бұлай болғанда Семей мен Жетісу да тұтас жатқан арғын, найман қазақтың ішіндегі таза — «сара тілдісі» деуге болады. Абай, міне, сол таза қазақтың баласы. Оның үстіне, қазақтың ескі сөзді қара тілі, әдейі қысқарған жат тілдердің бірлі-жарымдысы болмаса, қазақтың қара халқының қара даңғыл сөзінен ауытқып сөйлеуді білмейді. Абай, мәселен, «Аттың сынындағы» мүшелердің көбін осы күнгі біздің оқығандарымыздың көбі білмейді. Абай өлеңінің, онын үйлесіп ұйқасуы туралы: «Тегінде Абай -өлеңнің, жырдың ұйқасымына өте сақтық қылатын ақын. Өлең жырлардың иықтарында қыл сыймайтын қию бар. Басқалардай пікір үйлесетін жанамалау сөзді әкеле салмайды. Тізбегіне әдемі келетін ұнасымды сөзді, пікірдің ішіндегі ұйқасымды да қарамайды. Абайдың өлеңін дұрыстағанда бұл сарын да ескерілуі керек.

Абайдың сөзіне мұқият болып, қиянат жасап алмас үшін, әдебиетші келесі басылымдарға: «Абайды жете білетін Шәкәрім, Мұхтар, Мағжан, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп, осы бастан қам қылып, асықпай бірнеше жылды мойынға алу керек», - дейді. Абайдың есімі қара тақтаға жазғандарға осылай тойтарыс берген Алаш әдебиетшісі Ілияс Жансүгірұлының бұл зерттеулері тәуелсіз әдебиеттанудын төрінен орын алары да айқын. Абайдың алдындағы әдебиетті сол кезде жоққа шығарғандарға әдебиетші Ілияс Жансүгірұлы былай деген: «Абайдың алдындағы қазақ әдебиетінің үлгісі - батырлардың жырлары, билердің, шешендердің сөздері, жыраулардың толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі қисса, ертегілері ел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрынғы заман әдебиеті - сол ескі жұртшылықтың заман бетінен торыққандығынан туған әдебиет еді. Абай, негізінде, осы жұртшылықпен қайнасып, осы әдебиетпен аяқтасып жатқан ақын. Бірақ Абайдың басына біткен қайшылық Абайды ескі заманға күйіндіре отырып, жаңаның бағытына жырлаттырады».







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.