Здавалка
Главная | Обратная связь

Жазуда ескерілетін емле ережелер 1 страница



ҚР-дағы мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, ведомстволар, мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары атауларының алғашқы сөзі бас әріппен жазылады:

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі

Қазақстан Республикасы Қыздар педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институты

Мекемелер мен ұйымдардың, министрліктер мен ведомстволардың атаулары күрделі тіркестің құрамында келген жағдайда дербес қолданылғандағы емлесін сақтайды: Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті

Төмендегідей атауларда барлық сөз бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасының Парламенті.

Дүниежүзілік қоғамдық ұйымдардың атаулары бас әріппен жазылады: Біріккен Ұлттар Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы, Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйымы.

Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар бас әріппен жазылады:

«Халық Қаһарманы» жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі, «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы

Әскери және ғылыми атақтар, ғылыми дәрежелер кіші әріппен жазылады: авиация маршалы, армия генералы, генерал-майор, профессор, академик, техника ғылымдарының кандидаты т.б.

ҚР мемлекеттік өкімет және басқару органдары жүйесіндегі лауазым атаулары бас әріппен жазылады: ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңесінің Басшысы, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі.

Мекемелер мен ұйымдар, министрліктер мен ведомстволар жүйесіндегі ішкі жүйелік құрылымдар, лауазым, қызмет атаулары кіші әріппен жазылады: Қазқстан Республикасы Әділет министрлігі Ішкі әкімшілік департаменті ұйымдастыру –бақылау басқармасының жетекші маманы.

Мерзімді баспасөз атаулары тырнақшаға алынып, бас әріппен жазылады: «Егеменді Қазақстан» газеті, «Жас алаш» газеті т.б.

«Мемлекеттік» сөзі мынадай ретте бас әріппен жазылады: ҚР-ның Мемлекеттік елтаңбасы

Ескерту. Төмендегідей жағдайларда «мемлекеттік» сөзі кіші әріппен жазылады: мемлекеттік ұйым, мемлекеттік басқару органдары, мемлекеттік меншік, мемлекеттік меншік нысандары.

Ресми құжаттардың мәтінінде күрделі атаулардың шартты түрде ықшамдалған атауы алынады: Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы (бұдан әрі - Тараптар). «Арман» жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам)

Ресми құжаттарда күрделі атаулардың қысқарған нұсқасы қолданылады:

БҰҰ –Біріккен Ұлттар Ұйымы;

БАҚ – бұқаралық ақпарат құралдары;

ТМД – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы;

АҚШ – Америка Құрама Штаттары;

ЖШС – Жауапкершілігі шектеулі серіктестік;

АҚ – Акционерлік қоғам;

ЕҚЫҰ – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы,

ҰҚК – Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

ҚазМҰУ - әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті;

РФ – Ресей Федерациясы.

Қысқарған сөздерге қосымша жалғауда орфоэпиялық норма басшылыққа алынады: ТМД (айтылуы: ты-мы-ды), демек, ТМД-ның, ТМД-ға;

ІІМ (айтылуы: і-і-м) демек, ІІМ-ге, ІІМ-нің;

ЖШС (айтылуы: жы-шы-сы) демек, ЖШС-ға, ЖШС-ның;

АҚШ (айтылуы: а-қы-ш) демек, АҚШ-тың, АҚШ-қа;

ҚазМУ (айтылуы: қаз-мұ-у) демек, ҚазМУ-дың, ҚазМУ-ға.

Халықаралық стандарт сипатындағы аббревиатуралар өзгеріссіз қолданылып жүр. Мысалы, ЮНЕСКО, ЮСАИД, НАТО. Оларға қосымша дыбысталуына сәйкес жалғанады. ЮНЕСКО-ға, ЮСАИД-ке.

Ресми құжатта күрделі атаулар шартты түрде қысқартылып алынуы мүмкін: мысалы, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Ақпараттық-баспа орталығы – Қазстатақпарат.

«бүкіл», «жалпы» деген сөздермен басталатын анықтауыштар әрқашан бірге жазылады: бүкілодақтық, бүкілхалықтық, жалпыодақтық, жалпыхалықтық т.б.

Сын есімдік анықтауыштар бірге жазылады: ұлтаралық, дүниежүзілік, әралауан, әртүрлі, әрқилы, әртектес, біркелкі, бірқалыпты, бірқатар, біртұтас, бірыңғай, біртектес, саналуан, санқилы т.т.

«арғы жақ», «бергі жақ» деген сөздердің өзгерген нұсқалары – аржақ, бержақ, аржағында, бержағында – бірге жазылады.

Сөйлемдегі оқшауланған сөздер: демек, сонымен, сөйтіп, әрине, әлбетте – үтір арқылы жазылады; сабақтас сөйлемнің төл мүшелері ретіндегі ал, бірақ, әсіресе, өйткені, әйткенмен, дегенмен, әйтсе де деген сияқты сөздерден кейін үтір қойылмайды.

Ресми құжаттарда қолданылатын шартты қысқартулардың емлесі бірдей, біртектес, жалпы түрде бекітілген болуы міндетті. Қабылданған шартты қысқартулар мыналар:


қ. – қала

обл. - облыс

ауд. – аудан

ж. – жыл

жж. – жылдар

млрд – миллиард

т.ж. – темір

с. – село

даңғ.- даңғыл

көш. – көше

т.б. – тағы басқа, тағы басқалар

т.с.с. – тағы сол сияқты

млн. – миллион

тг- теңге


Жазу тәжірибесінде кейбір түбір сөздер екі түрлі дыбысталуына қарай екі (кейде тіпті үш) нұсқада беріліп жүр. Бұларды бөліп-бөліп тану қажет. Бірқатар түбір сөздердің екі, кейде үш нұсқасының да жазылуы заңды түрде орын алады. Олардың бір тобының (сан жағынан өте шағын тобының) екі нұсқасын қатар қолдана беруге болады: айғай – айқай; бұндай-мұндай; балуан – палуан; ертегі-ертек; пәле-бәле; гауһар-жауһар; заңғар-зеңгір; байымдау-пайымдау-бағамдау; айдаһар-аждаһа; сықылды-секілді; өзге-өңге; уәде-уағда; жәбір-зәбір; жаһан-жиһан; айуан-хайуан т.б.

Сонымен қатар тек бір нұсқасын қабылдап, соның жазылуын қалыптастыратын қатарлар да бар. Соңғылар көбінесе фонетикалық дублеттер деп аталатын, яғни кейбір дыбыстары ғана өзгеше келетін сөздер болады. Мұндай орфографиялық норма болып есептелетіндері сөздікке енеді де, өзге нұсқалары жақша ішінде «емес» деп көрсетіледі. Мысалы: қазір (қазыр, кәзір емес), міне (міні емес), ерегіс (ерегес емес), жіті (жыты емес).

–ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилияларға қосымша бастапқы түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: Аймановқа, Тәжібаевқа дегенде Айман, Тәжібай түбірлерінің соңғы буыны жуан болғандықтан, қосымша да жуан жалғанып тұр. Ал Жүнісовке, Әйтиевке дегендерде түбірдің соңғы буындарында жіңішке дауысты дыбыс болғандықтан қосымшаның да жіңішке нұсқасы жалғанып тұр.

–мен (-пен, -бен), -паз, -қор, -қой, -нікі, -тікі, -гер, -кеш, -гөй, -хана, -тал, -дар қосымшалары сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай, осы көрсетілген түрлерінде ғана жазылады: кесемен, қасықпен, мақтампаз, өнерпаз, әсемпаз, жеңімпаз, пайдақор, пәлеқор, әзілқой, саудагер, жүлдегер, арбакеш, әзілкеш, ақылғөй, шайхана, шеберхана, ұғымтал, өсімтал, сезімтал, хабардар, діндар, ауылдікі, мемлекеттікі.

Ә әрпіне аяқталған немесе соңғы буынында ә әрпі жазылған сөздерге қосымша жуан жалғанады: кінәлау, күнәсыз, күнәға, күмәндану, Күләнға.

Кейбір сөздердің соңғы буындарындағы ы, і дыбыстары сол сөздерге белгілі бір қосымшалар жалғанғанда, айтылуда да, жазуда да сусып түсіп қалады. Мысалы, орын-а-орна/ды/, ойын-а-ойна/ды/, ойын-а-ойна/ды/ (бірақ ойын-ым-ойыным, ойын-ы-ойыны), қырық – ыншы – қырқыншы, айыр-ық-ша – айрықша.

Соңғы буындарында ы, і дыбыстары бар сөздерді тәуелдегенде, көбінесе соңғы буындарындағы ы, і әріптері сақталып жазылады: киім-і – киімі, бауыр-ы – бауыры, бақыт-ы – бақыты, ырыс-ы – ырысы, иіс-і – иісі. Ескерту. Тәуелденгенде соңғы қатаң дауыссыз дыбысы ұяңдап кететін сөздерде ы, і әріптері түсірілмейді: көрік-і (ұстаның) көрігі, білік-і (арбаның) білігі, Халық-ы (Мұсабайдың) Халығы. Бірақ бұған қарап кез келген сөзге тәуелдік жалғауы жалғағанда, соңғы буынындағы ы, і дыбыстарын сақтап жаза беруге болмайды. Мына сияқты сөздерді, яғни соңғы буынындағы қысаң ы, і дыбыстары үнді дыбыс пен қатаң дыбыстың ортасында келген сөздерді тәуелдегенде, қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады және түсіріліп жазылады: бөрік-і – бөркі, көрік-і - көрі (ажар, келбеті), халық-ы-халқы, ерік-і – еркі, әріп-і-әрпі т.т.

Орыс тілінен енген к, г дыбыстарына аяқталған сөздерге қазақ тілінің қосымшалары буын үндестігіне қарай, яғни сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай жалғанады: фи-зик-тер, лак-тың, га-мак-тың, по-ляк-тар, ма-як-қа, бам-бук-тың т.б. Ескерту. Ог, уг дыбыстарына аяқталған сөздерге қосымша жіңішке жалғанады: педагог-ке, педагог-і, педагог-тік, округ-і, округ-тік.

Орыс тілінен енген рк, рг, ск, кт, кс, нк, лк, нкт деген дыбыстар тізбегіне аяқталған сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жіңішке жалғанады: паркке, Омскіге, Омскіден, киоскіге, киоскісі, фактіге, фактісі, танкіге, танкілер, полкке, полктер, полкі, пунктке, пункті.

Жіңішкелік белгісіне аяқталған көп буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады, яғни сөздің соңғы буыны жуан болса, қосымша жуан, соңғы буында жіңішке дауысты дыбыс болса, қосымша жіңішке жалғанады: ла-герь-ге, лагер-і, банде-роль-ға, фести-валь-ға. Ескерту. Жіңішке ль дыбысына аяқталатын сөздерге тәуелдік жалғаулары (яғни дауыстыдан басталатын қосымшалар) сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай, тек қана жіңішке жалғанады: ди-зель-і - дизелі, дизеліміз, фестиваль-і – фестивалі (бірақ фестивальға, фестивальдан, фестивальдық), магистраль-і – магистралі (бірақ магистральға, магистарльдан).

Соңғы екі дауыссыздың арасында жіңішкелік белгісі бар сөздерге де қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады. Мысалы: вальс-қа, вальс-ты, асфальт-қа, асфальт-ы, рельс-ке, рельс-і.

кль, брь, бль тәрізді дауыссыз дыбыстар мен жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздерге және жіңішкелік белгісіне аяқталатын бір буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары әрдайым жіңішке жалғанады: ансамбль-ге, тюль-ге, ось-ті, ткань-ді, князь-ге, ткан-і, князі, княздік, верфьке.

л әрпінен кейін жазылатын сөздерге қазақ тілі жұрнақтары жалғанғанда, жіңішкелік белгісі жазылмайды: материальный – материалдық, феодальный – феодалдық, коммунальный – коммуналдық, патриархальный – патриархалдық.. Ал жұрнақтар жалғанбай-ақ түбірдің өзінде л-дан кейін жіңішкелік белгісі келетін сөздерде бұл белгі сақталады: моральный- моральдық, артельный – артельдік, акварельный – акварельді.

Соңғы буынында ю, е, э дауысты дыбыстар келетін орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке жалғанады: полюс-ті, полюс-ке, шлюз-ді, шлюз-ге, дюйм-ге, дюйм-і, велюр-ге, велюр-ді, парашют-ке, парашют-тер, актер-лер, актер-ге, дуэль-ге, дуэль-і, дуэт-ке, дуэт-і.

нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстарына аяқталатын орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: фонд-ы-сы, фонд-ы-ны, ценз-і-ге, ценз-і-сі, штамп-ы-ны, штамп-ы-лау, танк-і-ге, танк-і-лер, франк-і-сі, митинг-і-сі, шланг-і-сі, ромб-ы-ға, ромб-ы-сы, объект-і-ге, киоск-і-ге, киоск-і-лер, лифт-і-мен, рецепт-і-нің, фармацевт-і-ге, ямб-ы-ны.

Қатар келген дауыссыз дыбыстар тіркесінің қалған түрлеріне (нс, рс, рт, рш, нт, рд, рм, фр т.б.) аяқталған кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша тікелей жалғанады: финанс-қа, финанс-ы, аванс-ы (авансысы емес), цемент-ке, цемент-ті, фермент-тік, цифр-ға, цифр-ы (цифрысы емес), хлороформаға, хлороформ-нан, хлороформ-ы, фунт-қа, фунт-ы.

сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстарына біткен орыс тілінен енген жалпы есімдер атау күйінде өзгеріссіз жазылады да, оларға қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда соңғы дауыссыз дыбысы түсіріліп жазылады: кросс - кросқа, кросы, класс - класқа, кластар, класы, металл - металды, металы, грамм - грамм-ға, грамдық, грамы, киловатт – киловатқа, съезд – съезге, съезі, ведомость – ведомосқа.

Бірдей қос дыбыстарға аяқталған жалқы есімдерге қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда, қос әріп сақталып жазылады, тек қосымшаның басқы дауыссыз дыбысы түбірдегі қос дыбыспен бірдей болғанда ғана, үш біркелкі әріп жазылмай, екеуі жазылады: Гримм – Гриммге, Гриммді, Гриммен (Гримммен емес), Покрасс – Покрассты, Покрасспен, Покрассқа, Кирилл – Кириллмен, Кириллді, Филипп – Филиппті, Филипптен, Кузбасс – Кузбасстан, Кузбасспен, Донбасс – Донбассқа, Донбасста, Порккала-Удд – Порккала-Уддтан, Лакнесс – Лакнесске, Лакнесспен.

Цифрмен, жазылған есептік, бөлшек сан есімдерге дефис арқылы жалғанатын қосымшалардың жуан-жіңішкелігі цифрмен белгіленген санның айтылуына қарай болады: 10-ды 2-ге көбейт (онды екіге). Оқушылардың 20-сы экскурссияға кетті (жиырмасы). Жолдың 1/5-іне келіп қалдық (бестен біріне).

Пайызды (%) градусты ( о) белгілейтін таңбалары бар сөздерге қосымша пайыз, градус деген сөздердің соңғы буынының әуенімен жалғанады: жұмыстың 90%-ы. Суықтық 20 о-қа дейін барды.

см, мм, км, га сияқты қысқарған белгілерге жалғанатын қосымшалар да дефис арқылы жазылып, осы белгілер таңбалайтын сөздердің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: Ұзындығы 10 см-ге (он сантиметрге) жуық сызық сызыңдар. 20 км-ден (жиырма километрден) астам жер жүрдік. 500 га-ға жуық жуық жер жыртылды (500 гектарға).

Ғылымның әр алуан саласына жататын күрделі терминдердің компоненттері бөлек жазылады. Ол күрделі атаулар бірнеше тәсілмен жасалады:

тәуелдік жалғаулы сөзбен келеді: көмір қышқылы, тіл білімі, оқу орны, мал шаруашылығы;

етістікті тіркес болып келеді: дауыс беру, жер аудару, шағым беру, тыйым салу;

анықтауышты тіркес болып келеді: өзара әсер, жеке адам (личность), жәрдем ақша (пособие)

еш, әр, кей, әлде, бір деген сөздер есімдіктермен, үстеулермен тіркесіп келгенде, бірігіп жазылады: әрбір, әркім, әрқайсы, әрдайым, әрқашан, әрнеме, әркелкі, әрқайда, ешкім, ешбір, ешқайда, ешқашан, ешқандай, ештеңе, ешқайсысы, ешқалай, кейбір, кейбіреу, қайбір, бірдеңе, бірнеше, біраз, бірсыпыра, біркелкі, әлдекім, әлдене, әлдеқашан, әлдеқайда, әлдеқандай, әлдебір, әлдеқайдан т.т.

Еш, әр, қай қайсы, әлде, бір деген сөздер зат есімдермен келгенде, бөлек жазылады: әр адам, әр уақытта, әр жұмыс, әр нәрсе, әр күні, кей адам, кей жылы, кей уақытта, қай адам, қайсы жылдары, қайсы адам, бір адам, бір күні, бір жылы, еш адам, еш нәрсе, еш уақытта, еш жұмысым жоқ.

Бір деген белгісіздік есімдігі мына сияқты тіркестерде бөлек жазылады: белгілі бір, бейне бір, екінші бір (екінші бір айтатын әңгіме), неше бір (неше бір түсінбесеңіз де), не бір (не бір әдемі гүлдер бар).

Жазып келе жатқанда жолға сыймаған сөздер буын жігімен тасымалданады: қа-лалық, қала-лық..

Орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, олар буын жігіне қарай тасымалданады: ро-лінде (рол-інде емес), съез-дің (съезд-ің емес).

ОРыс тілінен енген сөздер де буын жігі бойынша тасымалданады. Бұлардың ішінде екінші, үшінші буындардың дауысты дыбыстардан басталатындары кездесе береді: про-ект, ро-яль, по-эма.

Екі, үш кейде төрт-бес дыбыстан тұратын бір буынды (яғни ішінде бір ғана дауысты дыбысы бар) сөздер тасымалданбайды: төрт (төр-т емес), жалт (жа-лт емес), пункт (пун-кт емес), спорт (спо-рт емес).

Тыныс белгілері жазып келе жатқан жолда қалдырылады.

Сан есіммен келетін қысқарған шартты белгілерді цифрдан бөліп тасымалдауға болмайды: 25 га, 15 см, 1987 ж.

Әріптерден қысқарған сөздерді өз ішінен бөліп тасымалдауға болмайды: (ЮНЕС-КО деп бөлуге болмайды).

Төл тілінде дефиспен жазылатын кісі аттары (көбіне тегі) қазақша жазуда да дефис арқылы таңбаланады. Бұлар, негізінен, орыс халқы және Еуропа, Америка т.б. халықтары өкілдерінің тегі, аты-жөндері болып келеді: Немирович-Данченко, Книппер-Чехова, Жолио-Кюри, Дон-Жуан, До-Кихот. Соңғы екі есімнен шыққан ұғым атаулары дожуандық, донкихоттық сөздері жалпы есім ретінде кіші әріппен бірге жазылады.

Араб халықтары есімдерінен келетін әл, аш, ар, аз, әд, бен секілді бөлшектерден соң дефис қойылып, олардың өздері кіші әріппен алдыңғы сөзден бөлек жазылады. Абд ар-Рахнан, әл-Халиси, Ибрагим әл-Муфти, Авадх бен-Солех, бен-Галеб, аз-Закир Рукн, ад-Дин Бейбарс, әл-Фараби, әл-Кинди. Ескрету. Араб халықтары аты-жөнінде келетін ибн сөзі кіші әріппен бөлек жазылады: Әмір ибн Кулсум, ибн Халдун, ибн Сина, Тарафа ибн әл-Абд.

Түркі, парсы т.б. халықтар есімдерінің соңында келетін паша, бей, бек, заде, оглы сияқты тұлғалар да дефис арқылы кіші әріппен жазылады: Турсун-заде, Нахас-паша, Измаил-бей, Абдулла-бек.

Түркі, монғол хандары есімдерінің соңында келетін хан сөзі дефиссіз бөлек жазылады: Шыңғыс хан, Тәуке хан, Жәңгір хан.

Реттік сан есімдер цифрмен жазылса, өзіне қатысты сөзбен араларына дефис қойылады: 7-сынып (жетінші сынып), 15-үй (он бесінші үй), 50-километр (елуінші километр). Кейбір реттік сан есім жасайтын –ншы, -нші, -ыншы, -інші жұрнақтары көрсетіліп жазылуы мүмкін, ол жағдайда да дефис сақталады: 7-інші сынып, 15-інші үй, 50-інші километр. Айды, жылды көрсететін цифр мен ай атын білдіретін сөз және жылы деген сөздердің арасына дефис қойылмайды: 8 наурыз, 1 қазан, 1987 жыл.

Шылаулар бөлек жазылады. Бөлек жазылатын шылаулар мыналар (әліпби тәртібімен): ал, алайда, әйткенмен, әрі, әлде, басқа, бері, бұрын, бірақ, біресе, бірде, гөрі, ғана (қана), ғой, дағы (сан дағы), да (де, та, те), дегенмен, дейін, және, жуық (жүзге жуық), екеш (бала екеш бала да түсінеді), кейін, қабат, қарай, қаралы (жүз қаралы), қатар, құй, құйт, ма (ме, па, пе, ба, бе), мен (пен, бен), менен (бенен, пенен), мейлі, не болмаса, немесе, онда да, өйткені, сайын, себепті, сондықтан, сияқты (секілді, сықылды), соң, сынды, туралы, түгіл, шақты, шамалы, ше, шейін, үшін, я, я болмаса, яки.

да (де, та, те) шылауы бірақ, әлі, тағы, сондықтан, сонда, әйтсе, сөйтсе, және, қандай, сірә деген сөздермен жанаса қолданғанда, олардан бөлек жазылады: бірақ та, әлі де (болса), тағы да, сондықтан да, сонда да, әйтсе де, және де, қандай да болса, сірә да.

Қазақ елі – менің Отаным

«Отан – от басынан басталады» дейді халық. Отан дегеніміз адамның туып-өскен жері, туған-туысқандарымен, жақындарымен бірге тұратын мекені.

Қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны – Қазақстан Республикасы. 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан тәуелсіз Республика болып жарияланды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанның Елбасы – президентінің сайлауы болды. Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің сессиясы Республиканың Елтаңбасын, Мемлекеттік Туын және Әнұранын бекітті. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.

Осы күнге жету үшін қазақ халқы талай қиыншылықты бастан өткізді. Өйткені ол соңғы үш жүз жыл бойы тәуелсіздіктен айрылған еді. Екі жүз жылға жуық патшалық Ресейдің отары болды.

Ал соңғы 74 жылда Кеңес мемлекетінің құрамында болып, дербестікті де, тәуелсіздікті де мүлдем жоғалтты.

Дербес, тәуелсіз ел болу деген бақыт! Елдің өз құқы өз қолында. Дүние жүзінің жүзден астам елі Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп таныды. Қырықтан астам елмен жан-жақты қарым-қатынас жасап отыр.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

Қазақ тілінің негізгі тілдік заңдылығы қандай?

Буын үндестігін қалай түсіндіресіз?

Ерін үндестігінің қандай ерекшелігі бар?

Дыбыс үндестігі дегеніміз не?

Дыбыс үндестігінің қандай түрдлері бар, олардың ерекшеліктері бар?

ҚР-дағы мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, ведомстволар, мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары атауларының алғашқы сөзі қалай жазылады?

Мекемелер мен ұйымдардың, министрліктер мен ведомстволардың атаулары күрделі тіркестің құрамында келген жағдайда қалай жазылады?

Мына сөздер атаулар қалай жазылады: қазақстан республикасының президенті, Қазақстан Республикасының үкіметі, Қазақстан Республикасы президентінің жарлығы, Қазақстан Республикасының парламенті.

Дүниежүзілік қоғамдық ұйымдардың атаулары қалай жазылады?

Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар қалай жазылады?

Әскери және ғылыми атақтар, ғылыми дәрежелер қалай жазылады?

ҚР мемлекеттік өкімет және басқару органдары жүйесіндегі лауазым атаулары қалай жазылады?

Мекемелер мен ұйымдар, министрліктер мен ведомстволар жүйесіндегі ішкі жүйелік құрылымдар, лауазым, қызмет атаулары қалай жазылады?

Мерзімді баспасөз атаулары қалай жазылады?

«Мемлекеттік» сөзі қандай ретте бас әріппен жазылады?

Төмендегідей жағдайларда «мемлекеттік» сөзі қалай жазылады: мемлекеттік ұйым, мемлекеттік басқару органдары, мемлекеттік меншік, мемлекеттік меншік нысандары.

Ресми құжаттарда күрделі атаулардың қысқарған нұсқасы қалай қолданылады:

Біріккен Ұлттар Ұйымы;

Бұқаралық ақпарат құралдары;

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы;

Америка Құрама Штаттары;

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік;

Акционерлік қоғам;

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы,

Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті;

ЮНЕСКО, ЮСАИД, НАТО. Сөздерінің қазақша баламасы қандай? Оларға қосымша қалай жалғанады?







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.