Здавалка
Главная | Обратная связь

АУСЫЛ (ЯЩУР, APHTAE EPIZOOTICAE) 1 страница



Аусыл –пикорнавирустармен қоздырылатын, қызбамен, интоксикациямен, мұрын мен ауыздың шырышты қабығының, саусақ арасы және тырнақ ернеуіндегі терінің везикулезді-эрозиялы қабынуымен сипатталатын жедел зоонозды жұқпалы ауру.

Бұл ауру әлемнің барлық елдерінде кездеседі.

Тарихи мәліметтер.Хайуандардың аусылы туралы алғаш рет италиялық дәрігер Д.Фракасторо 1546 ж. жазған. Адамдардың аусылмен ауыратыны 1746 жылдан белгілі. Ф.Леффлер мен П.Фрош 1897 ж. аусылдың қоздырғышы бактериальды фильтр арқылы өтетінін анықтады. Аурудың вирусты этиологиясы дәлелденген.

Этиологиясы.Қоздырғышы Rhinovirus тұқымдастығына, Picornaviridae тегіне жатады. Бұл өте ұсақ вирус, вирионның көлемі – 8 - 20 нм, құрғату мен мұздатуда жақсы сақталады, спирт пен эфирге сезімталдығы әлсіз. Қыздырғанда тез жойылады. Антигендік қасиеті бойынша аусыл вирустары 7 типке бөлінген (А, О, С, САТ, САТ2, САТ3, Азия), олардың әрқайсысы көптеген варианттарға бөлшектенген, қазір олардың 60-тан көбірегі белгілі болып отыр. Вирус жоғары вирулентілігімен жәае дерматроптылығымен ерекшеленеді.

Эпидемиологиясы. Аурудың көзі - сырқаттанған жануарлар, әсіресе ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі. Аусыл жануарлардың арасында кең таралған инфекция. Ауру эпизоотия тәрізді өтеді. Ауруға жас жануарлар сезімтал. Ауру өте ауыр түрде өтіп, жоғары өлім-жітімділігімен сипатталады. Вирус сырқат жануардың ағзасынан, яғни сілекей, сүт, нәжіс, зәр арқылы бөлінеді. Вирус сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады (2-3 ай). Сүтте вирус 25-30 сағат (тоңазытқышта-10 күнге дейін), майда, егер тоңазытқышта болса - 45 күнге дейін сақталады. Ал тұздалған ет пен шұжықта - 50 күн, киімде-100 күнге дейін сақталатыны белгілі.

Аурудың берілу жолы - алиментарлы. Адам шикі сүт өнімдерін, сирек ауру малдың етін қабылдағанда жұқтырады. Аусыл кәсіптік ауру ретінде контактілі жол арқылы мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдарға жұғады. Ауру жануарлармен контакта болған адамдар, балалар және мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер жиі ауырады. Соның ішінде сауыншылар, бұзау бағушылар, малшылар, бақташылар, ет комбинатында жұмыс істейтіндер, мал дәрігерлері мен зоотехниктер аусылға көп шалдығады. Адам ағзасына вирус терінің аздаған жарақаты және де көз, мұрын, ауыздың шырыш қабықтары арқылы енеді. Ауру адамнан адамға берілмейді.

Патогенезі.Адам ағзасына түскен вирус шырышты қабаттардың эпителий жасушаларында немесе терінің эпидермальды клеткаларында көбейеді, сонымен көпіршік тәрізді ісіну реакциясы пайда болады. Одан әрі вирус қанға түседі. Вирустың диссеминациясы екіншілік көпіршіктердің құрылуымен (ерінде, мұрында, тілде) қабаттаса жүреді. Вирус терінің жіңішке қан тамырларында кідіріп, қол және аяқ саусақтарының арасындағы теріде афталардың пайда болуын тудырады.

Вирустың енген жерінде біріншілік афта, немесе біріншілік аффект дамиды, қанға өткен вирус гематогенді жолмен бүкіл организмге тарайды. Одан әрі екіншлік афталар және теріде везикулезді элементтер пайда болады. Вирусемия кезінде дене қызуы көтеріліп, ағзаның улануы байқалады.

Клиникалық көріністері.Жасырын кезең –2-12 күн (жиі 3-8 күн). Ауру жедел басталады. Бұл кезде қалтырау, бұлшықеттердің ауыруы, дене қызуы көтеріліп, аурудың 1-ші күнінің аяғында немесе 2-ші күні дене қызуы жоғарғы деңгейге жетеді. Қызба 38-40°С дейін көтеріліп, 5-6 күн бойы сақталады. Аурудың 1-ші клиникалық белгілері пайда болғаннан 1-2 күн өткен соң, ауыз қуысының шырышты қабықтарында ісіну өзгерісі байқалады: ауыздың уылуы, дуылдауы, еріннің, қызыл иектің, жұтқыншақтың, жақтың шырыш қабықтарын қан кернеу, тілдің ісінуі. Осыдан кейінгі 1-2 күннен соң тілдің шетінде, қызыл иекте, таңдайда, еріндерде тары дәнінен ірі бұршақ көлеміне жететін бөртпелер шығады. 2-3 күннен кейін везикулалар жоғалып, оның орнында эрозия немесе жаралар қалыптасады. Афталар тілде, қызыл иекте, таңдайда, кейде мұрынның шырышты қабықтарында, қынапта орналасады.

Балаларда аусыл жедел гастроэнтеритті тудыруы мүмкін. Кейбір науқастарда бөртпе теріге, әсіресе қолдың, табанның, тобық, ауыздың айналасына шығады. Бөртпе кезеңі 1 аптаға жуық созылады. Ауруды бірнеше айға дейін ұзартатын жаңа бөртпелердің шығуы да мүмкін. Науқастардың жұтқыншағы ауырып, өте мол сілекей бөлінеді (тәулігіне 4-5 л), тілдің көлемі едәуір үлкейеді. Кейбір науқастарда шырыштар мен теріде көпіршікті бөртпелердің қайталануы мүмкін. Аурудың ауыр өткен жағдайларында мойынға, кеуде мен арқаға геморрагиялық бөртпе және дақты-папулезді бөртпелердің шығатыны белгілі.

Аусылдың қабылданған жалпы клиникалық жіктелуі жоқ.

Әдетте келесідегідей клиникалық түрлері бөлінген:

1) терілік, саны аз афтталар тек теріде анықталады. Бұл түрі жиі кездеседі;

2) шырышты, оның негізгі көрінісі афтозды стоматит;

3) терілік-шырышты, тым жиі кездеседі, шырышты қабықтардың (ауыз қуысы, көз) және терінің (көбінесе саусақ тұстары) зақымдануымен сипатталады.

Диагностикасы. Аусылды анықтау қиындық тудырмайды. Есте сақталатыны - науқастардың тең жартысында ауру тек афтозды стоматит көрінсе, ал кейбір жағдайларда тек терінің зақымдануымен ғана байқалады.

Лабораториялық анықтау үшін КБР және ТГАР қолданылады. Теңіз шошқалары мен басқа да жануарларға биологиялық сынама қолданылады.

Дифференциальды диагнозды 1-ші кезекте афтозды стоматитпен жүргізу керек, ол көбіне кішкентай балаларда кездеседі. Аусылдан айырмашылығы: бұл кезде жоғарғы дене қызуы да, терінің зақымдануы да болмайды, ауыз қуысынан басқа шырыштар зақымданбайды, бірақ жаралар аусылға қарағанда тым терең болады, олар ешқашан өз ара қосылмайды, олардың түбі ақ қабықпен жабылған болады.

Көп ретте шешекпен дифференциальды диагнозды жүргізу керек, бірақ онда көпіршіктер көбінесе кеудеге, бастың шашты бөлігіне орналасады, алайда қолдың білезіктері мен табандарда болмайды.

Болжамы жағымды.

Емдеуі.Науқасты ауруханаға жатқызып, аурудың жедел білінуі басылғанға дейін оңаша жатқызу керек. Науқасқа ұқыпты күтім керек. Тамақ жартылай майлы, қоздырмайтын болуы қажет, тамақты ішер алдында науқасқа 0,1 г анестезинді беруге болады. Ауызды шаю үшін сутегі тотығының ерітіндісін (3%), калий перманганатын (0,01-0,1%) қолданады.

Этиотропты терапия жете зерттелінбеген. Ауыз қуысын күтіп, афттыларды вирустарға қарсы мазьдармен (оксолин, теброфен, интерферон және басқа) майлау керек.

Лейкоцитарлы интерферон, РНКаза ерітінділірін қолдануға болады. Эпителизация

процестерін күшейту үшін гелий-неонды лазер, УФО, аэрозольды препараттар (пантенол, левовинизоль, винизоль) тағайындалады.

Антибиотиктерді екіншілік бактериальды инфекция қосылған жағдайда қолдану керек.

Патогенетикалық емге интоксикациямен күресу, десенсибилизация жатады.

Алдын алу шаралары.Ауру жануарлармен жұмыс істеуші адамдардың арнайы жұмыс киімі болуы керек. Сүтті, етті міндетті түрде әбден термиялық өндеу қажет. Аусылмен ауырған үй жануарларымен күрес жүргізу (вакцинация, карантин шаралары, дезинфекция). Шикі сүт өнімдерін пайдалануға тиым салынады.

МАҢҚА (САП)

Анықтамасы.Маңқа- Pseudomonas maelli қоздыратын, жедел септикалық және созылмалы түрлерінде өтетін, әртүрлі мүшелермен тіндердің, терінің, шырышты қабаттардың арнайы зақымдалуымен сипатталатын зоонозды жұқпалы ауруы.

Тарихи мәліметтер.Манқа ескі заманнан белгілі ауру. ХVIII ғасырда адамның жылқадан манқаны жұқтырғаны туралы алғаш рет жазған. 1882 ж. V. Babes науқастан бөлінген іріңде манқаның таяқшасын анықтаған. Бір жылдан кейін қоздырғышты манқадан өлген жылқыдан бөліп алған. Н.П. Васильев 1883 ж. манқаның қоздырғышын науқастың қанынан бөліп алған. 1891 ж.Х.И.Гельман және О.И.Кальнинг манқаны маллеин сынамасы арқылы анықтау әдісін ұсынған.

Этиологиясы. Маңқаның қоздырғышы Pseudomonas mallei - грам теріс таяқшалар, көлемі 0,5 – 1,0 мкм, оларға полиморфизм тән, L-түріне ауысуы бейім. Қоздырғыш ыдырағанда эндотоксин (маллеин) бөлінеді. Глицерин қосылған қарапайым ортада өседі. Сыртқы ортада тұрақсыз, бірақ қолайлы жағдайларда: суда, ылғалды жерде 1 ай сақталады. Қыздыруға төзімсіз, дезинфектанттарға сезімтал.

Эпидемиологиясы. Аурудың көзі және резервуары маңқамен ауыратын жылқылар, түйелер, жыртқыштар (жолбарыс, арыстан және т.б.). Жануарларда ауру жедел және тері мен шырышты қабатарының зақымдануымен сипатталатын созылмалы түрлерінде өтеді. Адам ауру жылқылардын контактілі жол арқылы жұқтырады. Ауру жануарлар қоздырғышты мұрын, жаралардың бөлінділері арқылы қоршаған ортамен заттарды залаладайды. Аурудан өлген малдың терісімен еті қауіпті.

Сирек ауру алиментарлы жолмен залалданған су арқылы беріледі. Зерттханада аэрогенді жол арқылы берілу мүмкін. Өте сирек жағдайда аурудың көзі науқас адам болуы мүмкін.

Манқамен жиі кәсіптік топтар аурады: ветеринарлар, малшылар. Аурушылдық жылдың суық мерзімінде жиі кездеседі.

Патогенезі. Маңқаның қоздырғышы адам организміне зақымдалған тері және шырышты қабаттар: жиі мұрын, көз және тыныс жолдары арқылы енеді. Енген жерде гранулема қалыптасуымен қабыну процессін тудырады. Гематогенді және лимфогенді жолмен әртүрлі ағзаларға жайылып, гранулемалардың дамуына әкеледі. Аурудың жедел ағымы кезінде ішкі ағзаларда және бұлшық еттерде метастатикалық абсцесстер қалыптасады, іріңді остеомиелит және артриттер. Теріде және шырышты қабаттарда пустулезді бөртпелер дамиды. Маңқаның созылмалы ағымы кезінде түйіндерде пролиферативті көріністер байқалады. Ішкі ағзаларда абсцесс, полиартриттер, созылмалы сепсис дамиды. Өкпеде карнификация, пневмосклероз, бронхоэктаз, созылмалы абсцесс дамиды.

Клиникалық көріністері.Клиникалық ағымы бойынша жедел және созылмалы түрін ажыратады. Маңқаның жедел түрінде жасырын кезеңі 1-5 күн. Бастапқы кезеңде қалтырау, дене қызуы 38,6-39,5°С көтеріледі. Аурудың жалпы белгілеріне бас ауыру, бұлшық ет, буындардағы ауыру сезім, әлсіздік жатады. Инфекцияның кірген жерінде дақ пайда болады, сосын ол қызыл-күрең түсті папулаға ауысады, сосын серозды-іріңді бөлінділерімен сипатталатын пустулаға аусады, нәтижесінде жара пайда болады. Қоршаған тері ісініп қызарады, тілмеге ұқсайды. Жаралардың түбі майлы сияқты болады, іріңді бөлінділермен, тегіс емес, жарадан көтерінкі шеттерімен ерекшеленеді. Аймақтың лимфангит және лимфаденит дамиды. Ауру жедел өршиді. Аурудың 5-7 күні дене қызуы аз уақыт төмендейді де, кейін қайтадан жоғарғы санға дейін жоғарылайды. Теріде, ауыздың шырышты қабатында және мұрында көбейген екіншілік папулалар пайда болады, олар пустулаға, жараға аусады. Мұрыннан шырышты іріңді жасыл түсті бөлінділер бөлінеді. Өкпеде қалыптасқан гранулемалар нәтижесінде кеудеде ауыру сезімі, жөтел шырышты-қанды қақырық бөлінеді.

Жедел маңқаның терминальды кезеңінде іріңді артрит (жиі тізе, шынтақ буындары зақымданады), бұлшық еттер абсцесінің өзіндік жарылуы болуы мүмкін.

Манқаға өкпенің зақымдануы тән: плевропневмония, өкпе абсцесстері. Науқастың іші тоқтаусыз өтуі мүмкін.

Жүрек шекаралары кеңейіп, тондары тұйықталады, пульс жиілейді. Бауыр мен көк бауыр ұлғаяды. Шеткі қанда нейтрофилді лейкоцитоз, ЭТЖ жоғарылайды.

Жедел түрі 1-2 аптаңың ішінде науқастың өліміміен аяқталады.

Маңқаның созылмалы түрінде барлық белгілер біртіндеп дамиды. Аурудың терілік, өкпелік, мұрындық түрлері бар. Ұзақтығы бірнеше айдан 3 жылға дейін созылады.

Терілік түрі жиі кездеседі. Жаралар баяу дамиды, майлы сарғыш іріңді бөлінділерімен сипатталып, қатты терең тыртыққа аусады. Бұлшықет арасында абсцесстер дамып, олар тесіледі, свищ пайда болады. Бөлінділерде манқаның қоздырғышы анықталады.

Өкпелік түрі плевропневмония мен бұлшық еттерінің абсцесстерімен сипатталады.

Мұрынның шырышты қабықшалары зақымданғанда сары, жасыл түсті іріңді бөлінділер, терең жаралар көмей, кеңірдекке дейін таралады.

Аурудың созылмалы түрінде айқын интоксикация, ұзақ жоғары қызба дамиды. Науқастарда әлсіздік, кахексия қалыптасады. Екіншілік инфекция қосылады.

Өлім-жітімділігі жедел түрінде -100%, созылмалы түрінде - 50 %.

Диагностикасы. Ауруға тән клиникалық көріністер анықталғанда эпидемиологиялық анамнез жинау керек. Лабораториялық диагностика - бактериологиялық, серологиялық, биологиялық әдістер қолдану арқылы жүргізіледі.

Бактериологиялық зерттеуге алынатын материалдар –жарадан бөлінділер, қақырық, қан.

Серологиялық әдістер: АР, КБР, ТЕГАР. Аллергиялық сынама жылқыларда қолданылады.

Емдеуі. Міндетті түрде ауруханаға жатқызу. Этиотропты препараттарға сульфаниламидтер (сульфатиозол 5-6 г\тәулігіне) және антибиотиктер (тетрациклин, хлорамфеникол, канамицин, рифампицин, ципрофлоксацин, офлоксаин) және олардың комбинациясы жатады. Оларды 25-30 күн тағайындау қажет.

Патогенетикалық терапия: кристаллоидты және коллоидты ерітінділер.

Симптоматикалық терапия. Жараның жазылуын жақсарту үшін және бұлшық ет, буындардан ауыру сезімін басу үшін ультра күлгін сәулесі қолданылады. Абсцесс кезінде хирургиялық емдеу.

Алдын алу шаралары. Санитарлық және эпидемияға қарсы санитарлық ұйымдар жүргізу. Науқас адамды жеке палатаға жатқызу. Қызметкерлер арнайы сақтанатын костюмдермен жұмыс жасау. Қатаң гигиеналық режим. Маңқаның арнайы алдын-алуы жоқ.

 

ТОКСОПЛАЗМОЗ

Анықтамасы. Токсоплазмоз – Toxoplazma gondii қоздыратын, бірнеше механизмдермен берілетін, клиникалық полиморфизммен сипатталатын, жиі патологиялық процесс орталық жүйке жүйесінің, көру мүшелерін, лимфа түйіндерін, жүрек және қолқа бұлшық еттерін, жыныс мүшелерін және басқа жүйелерді зақымдайтын, негізінде жасырын (латентті) және созылмалы түрде дамитын зоонозды табиғи-ошақты антропургиялық протозойлы инвазия.

Тақырыптың маңыздылығы. Токсоплазмоз - убиквитарлы ауру: барлық климаттық аймақтардан Қиыр Солтүстікке дейін кездеседі. Адамдардың токсоплазмозбен залалдануы 5-90%. Аурудың субклиникалық түрлері жиі кездеседі, ал клиникалық көріністері бойынша ауруға полиморфизм тән. Оның полиморфизіміне байланысты басқа ұқсас аурулармен салытыруға тура келеді. Маңызды мәселе болып туа пайда болған токсоплазмоз саналады.

Тарихи мәліметтері.Токсоплазманы алғашқы рет 1908 жылы Тунисте француз ғалымдары Ш.Николь мен А.Мансо африкалық Ctenodactylus gondіі дейтін кеміргіштің (сондықтан паразиттың аты - toxoplasma gondіі) және Ф.Сплендоре Бразилияда қояндардың организмінен тапқан. 1930 жылы Д.Н.Засухин мен Н.А.Гайский токсоплазмаларды сарышұнақтардың организмінен тапқан. Олар ең бірінші болып бұл инвазияның табиғи-ошақтылығы туралы болжам айтып, кейіннен оны дәлелдеді.

Этиологиясы. Қоздырғышы – Toxoplasma gondіі, қарапайымдылардың споралылар класына жататын облигатты жасушаішілік паразит, морфологиясы жарты ай немесе созыңқы апельсин үлесшесіне ұқсас болады (toxo – грекше арка деген сөз). Бір шеті үшкірленген, екіншісі – жұмырланған, ұзындығы – 4-7 мкм. Цитоплазмасы Романовский-Гимза әдісімен ашық көк түске, ядросы - қызыл-күлгін түске боялады. Токсоплазмалар барлық сүтқоректілердің эритроциттерінен басқа жасушалардың бәрінің ішінде өсіп-өніп көбейеді, тіндерде аурудың жіті кезінде табылады. Вегетативтік түрінің (трофозоиттардың) бір жасуша ішінде шоғырлануын жалған циста (псевдоциста) дейді. Тіндерде (мидың, көздің, бұлшық еттің т.б.) токсоплазмалар тығыз қабаттан қоршалған нағыз цисталар құрайды. Олар сыртқы ортада төзімді болады.

Морфологиялық ерекшеліктері және даму циклі. Ие жасушасының ішінде орналасқан токсоплазмалар – эндозоидтар деп аталады. Эндозоид жарты ай пішіндес (өлшемі 4-7 х 2-4 мкм). Оның бір ұшы үшкір, екінші ұшы дөңестелген. Орталығында ядросы бар. Үшкірленген ұшында микроскоппен қарағанда коноидкөрінеді, ол сорғышқа ұқсас. Коноид паразиттің жасушасына бекітіліп енуі үшін қажет. Эндозоид жыныссыз көбейеді, ұзыннан бөліну немесе эндогония жолымен жүреді. Бірнеше бөлінулерден кейін ие жасушасының цитоплазмасында көптеген токсоплазмалар пайда болады да, мембрананы созады. Токсоплазмалардың жасуша мембранасының астында жиналуын псевдоциста деп атайды. Зақымданған жасуша өлгеннен кейін токсоплазмалар жаңа жасушаға енеді. Созылмалы токсоплазмозда псевдоцистамен қатар шынайы цисталар түзіледі. Бұл әдетте, токсоплазмалардың тірі жинақтары (100 мкм-ге дейін), қалың қабат астында бірнеше жүз токсоплазмалар жиналады. Жасушадағы цисталар тіршілігін бірнеше жылға дейін сақтауы мүмкін. Иесінің паразиттік тіршілігіне көнуі және түрдің жыныссыз көбеюі арқылы ұзақ уақыт тіршілік етуге бейімді. Алайда, түрді сақтап қалу үшін токсоплазма әр кезде жынысты жолмен де көбейеді. Ол мысықтектес жыртқыштар денесінде жүзеге асырылады (әсіресе, үй мысықтарында). Ол үшін жіңішке ішек эпителиінде алдымен бір эндозоидтардан макрогаметоциттер түзіледі, ал кейін макрогаметалар, ал басқа біреулерінен микрогаметоциттер, әрі қарай микрогаметалар; популяциядан кейін зигота түзіледі, оның қалың қабығы бар. Мұндай форма ооциста деп аталады.

Резистенттілігі. Токсоплазманың ооцисталары сыртқы ортада ұзақ уақыт шыдай алмайды, қысқа мерзімге тасымалдаушылардың өлігінде және экскременттерінде ғана сақталады. Цисталары әлде қайда төзімді келеді.

Токсоплазмамен ластанған заттар құрғатылған кезде қоздырғыш жылдам қырылады. Токсоплазмалар 40-500С температурада 15-20 мин, ал 60-800С-та 5-10 мин. кейін өледі. 5-80С температуралық жағдайда токсоплазмалар суда бір тәулік қана, сүтте – 2 тәулік тіршілігін сақтай алады. Олар тауық жұмыртқасының сары уызында 3-4 апта, ал нәруызында (белогында) 1-2 апта бойы ауру қоздыру қабілеттілігін сақтайды. Жануарлардың бұлшық етінде (t0 4-60С) 10-24 тәулік, мида – 30 күндей тіршілік қабілеттілігін жоғалтпайды. Малдардың өлігінде, қоршаған ортаның ылғалдылығына және температурасына қарай, токсоплазмалар 1 күннен 8 тәулікке дейін сақталады.

Күнделікті тәжірибеде қолданылып жүрген дезинфекциялық ерітінділер токсоплазмаларға да тиімді әсер етеді.

Токсоплазмалардың тіршілік циклі. Жыныстық және жыныссыз жолмен көбею сатыларынан тұрады. Жыныстық даму циклі алғашқы әрі негізгі иесі болып табылатын мысықтар мен мысық тұқымдастықтың басқа өкілдерінің ішек жол ішек жолындағы шырышты қабат жасушаларында өтеді.

Мысықтарға органдарында цисталар (ооцисталар немесе зигоцисталар) бар тышқандарды жегенде алғашқы рет жұғады. Сонан соң цисталардан спорозоиттер шығады, олар ішек жасушасына еніп трофозоиттарға айналады да жыныссыз жолмен (шизогония) көбейіп мерозоиттар құрайды. Олар эпителиальды жасушаларды бұзып, маңындағы ішек қабатының қабыршақтарына енеді де гаметоцисталарға айналады.

Әртүрлі жынысты гаметоцисталардың бір-біріне қосылуы нәтижесінде зиготалар (ооцисталар) пайда болады. Ооцисталар – диаметрі 9-14 мкм, дөңгелек пішінді түссіз екі қатарлы тығыз қабатпен қоршалған. Мысық организмінен олар нәжіспен сыртқа шығады. Олар топырақта және қоршаған ортаның басқа объектілерінде жақсы сақталады. Жабайы және үй жануарлары мен кеміргіштерге қоректену кезінде мысықтың нәжісімен бірге ооцисталарды жұтқанда жұғады. Ақырғы иесінің организмінде бүкіл даму циклы 1-3 аптада аяқталады.

Адамдар, көптеген жабайы және үй жануарлары мен кеміргіштер (соның ішінде синантроптылар) токсоплазманың аралық иесі болып табылады. Олардың организмінде токсоплазмалардың көбеюі мен дамуы өтеді. Әртүрлі органдардың жасушаларында токсоплазмалар шоғырланып жиналады (жалған цисталар). Жалған цисталар (псевдоцисталар) – токсоплазмалардың макрофагтармен фагоцитталған вегетативті түрлері. Бірақ фагоцитоз аяқталмаған сипатта болады, сондықтан паразиттер фагоциттардың ішінде тіршілік қабілетін сақтайды.

 

 

 


Toxoplasma gondіі –дыңжыныстық циклінің дамуы: А –токсоплазма; 1 - мысықтың (ақырғы ие) ішегінде даму стадиясы: 2-4 токсоплазма ооцистісінің жетілу процесі; 5 – тышқан организмінде (аралық ие) вегетативті стадияның дамуы; 6 – тышқанның бас миындағы токсоплазма цистасы; 7 – жаңа туған тышқанға трансплацентарлық жолмен жұғуы; 8 – анасының жатырындағы балаға (аралық ие) трансплацентарлық жолмен жұғуы (С.Ә.Әміреев, А.Жаханов, Қ.Құдайбергенұлы «Медициналық паразитология, 2005 ж.»)

 

 
 

Жасушалар бұзылған кезде босанған паразиттер лимфа тамырлары арқылы макрофагтармен тарап, басқа жасушаларға енеді де, бөліну циклы қайталанады. Паразитемия тек қана аурудың жедел кезеңінде дамиды.

Тoxoplasma gondіі тіршілік ету циклі: А – ақырғы ие; гомологиялық иенің (мысықтар) ішектік циклі: а) жыныссыз жолмен көбею (шизогония), а1 - шизонт, а2 - трофозоит, а3 - мерозоит, а4 - спорозоит; 1- микрогаметогония; 2 – макрогаметогония; Б – геторологиялық иенің (адам – аралық ие) ішектен тыс циклі: б1 - жалған циста; б2 - спорозоит; б3 – ішкі органдардағы нағыз циста (1 – плацента, 2 – бауыр, 3 – ми, 4 – қаңқа бұлшық еті, 5 - өкпе, 6 – көкбауыр); В – жануарлар организміндегі жасушадан тыс цикл – аралық иелерде: жалған циста; в2 – спорозоит; в 3 – ішкі органдардағы нағыз циста (мезентериалды лимфа түйіндеріндегі – жалған циста (в4 ); Г – жұғу жолының мүмкіншілігі: г1 – плацента арқылы; г2 – ооцистіні жұту арқылы; г3 – Toxoplasma gondіі дақылы арқылы: г4 – залалданған етпен жанасқанда; г5 – толық піспеген етті қолданғанда







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.