Здавалка
Главная | Обратная связь

АУСЫЛ (ЯЩУР, APHTAE EPIZOOTICAE) 2 страница



(С.Ә.Әміреев, А.Жаханов, Қ.Құдайбергенұлы «Медициналық паразитология, 2005 ж.»)

 

Созылмалы процесс кезінде қоздырғыш бұлшық етте, бас миында және басқа органдарда тығыз қабаты бар нағыз циста (орташа мөлшері 100 мкм) түзеді. Әр цистада жүзден астам паразиттер болады, олардың бір-бірімен тығыз орналасқаны соншалықты препаратты микроскопта қарағанда тек қана ядролары көрінеді. Бұл, аралық иесі – жануарлар организміндегі паразиттің ақырғы даму фазасы. Ақырғы иесінің организмінде ооцисталар түзіліп және сыртқы ортаға шығарыла отырып, токсоплазмалардың даму циклы тоқтаусыз жүріп жатады. Сол жерлерде олар жетіледі және жақсы сақталады. Олар ауыз арқылы жұтылғанда аралық иелері – адамдарға, жануарларға, соның ішінде кеміргіштерге жұғады.

Эпидемиялық (эпизоотиялық) процестің сипаттамасы. Мысықтар және мысық тұқымдастықтардың басқа өкілдері токсоплазмоз инвазиясының ең негізгі инвазия көзі және резервуары болып табылады. Олардың организмінде паразиттің толық даму циклі өтеді, сондықтан оларды токсоплазмалардың ақырғы иесі деп есептеу керек. Сонымен бірге токсоплазмалар сүтқоректілер мен құстардың барлығынан да табылады, олар паразиттің аралық иесіне жатады. Әсіресе тышқан тектес кеміргіштер, қояндар өте жиі зақымданып, олардың арасында токсоплазмоз кең тараған індет (эпизоотия) түрінде өтеді. Адам организмі токсоплазмалар үшін биологиялық тұйық болып табылады. Дегенмен, құрсақ ішіндегі ұрпаққа плацента арқылы жұққанда анасы екіншілік аралық инвазия көзі бола алады.

Негізгі инвазия көзінің жұқпалылығы белгісіз мерзімге созылады, өйткені мысықтарда токсоплазмоз симптомсыз белгісіз тасымалдаушылық түрінде өтеді.

Токсоплазмоз зоонозды инвазияға жататындықтан, оған 200 дей жануарлар мен құстардың және кейбір омыртқасыздардың да қатысы бар болуы мүмкін. Олар әртүрлі дәрежеде эпизоотиялық процесіне қатысып, сол арқылы адамдар арасында эпидемиялық процестің дамуына себепкер болуы ықтимал. Сондықтан адамдар арасында бұл аурудың кең таралуын түсіну қиын емес. Бірақ қоздырғыш көзі ретінде әртүрлі жануарлардың рөлі бірдей емес. Табиғи резервуар және басқа жабайы және үй жануарларына жұқтыру көзі ретінде үй мысықтары мен Felіdae (мысық) тұқымдастығының кейбір түрлері басты рөл атқарады. Мысықтар адамдармен, ауыл шаруашылық және үй жануарларымен жиі және өте жақын араласады. Сонымен қатар олар паразиттың пролиферативті түрін сақтаушы синантропты кеміргіштер және құстармен де тығыз байланысты. Үй мысығы оларды жегенде токсоплазманың ооцисталары жұғады, ал ол бөліп шығарған нәжісіндегі зигоцисталар синантропты және жабайы жануарлар арасында токсоплазмоздың таралуына себепкер болады. Мысықтар бөліп шығарған зигоцисталар сыртқы ортада жеткілікті төзімділігі бар болуына қарай әртүрлі омыртқасыздар мен құстар арқылы жан-жаққа тарайды.

Алғашқы рет токсоплазма жұққан бір мысық 20 күнге дейін зигоцисттар бөліп шығара алады және 50-60 күннен кейін оған екінші рет жұғуы мүмкін. Сондықтан көпшілік жағдайда жануарларға (адамдарға да) жұғу көзі мысық болып табылады, яғни олар басқа жануарлар үшін, соның ішінде ауыл шаруашылық жануарларына да, донор болады. Соңғыларына келетін болсақ, олар көпшілік жағдайда ұзақ уақыт токсоплазма тасымалдаушысы болып қалады, себебі бұл инвазия оларда латентті түрде жиі өтеді, ал адамдарға жоғарғы температурамен жақсы өңделмеген малдардан дайындалған өнімдерді пайдаланғанда немесе адамға олардың (мысалы, шошқалардың) қиы арқылы түскенде жұғады. Дегенмен, мысықтарға қарағанда ауыл шаруашылық жануарларының (қой, сиыр, шошқа т.б.) эпидемиологиялық маңыздылығы онша емес. Соған қарамастан біздің жүргізген зерттеулеріміз ет комбинатының жұмысшылары, кәсіби малшылар мен малға қатысы бар басқа адамдар арасында токсоплазма жұғушылық едәуір жоғары екенін көрсетті (Қ.Қ.Құдайбергенұлы, 1967; С.Ә.Әміреев, 1970). Мысалы, мал жайылымының жұмыскерлері арасында токсоплазмаға қарсы спецификалық антиденелер табудың оң нәтижелері 17,2-ден (КБР бойынша) 28,4 пайызға (ЖИФАР бойынша) дейін болатындығы анықталды, ал Алматы ет комбинаты жұмысшыларында әлде қайда аз болып шықты (3,7-10,1%).

Әртүрлі авторлардың деректері бойынша ауыл шаруашылық жануарлардың арасындағы токсоплазмоздың таралуы да айтарлықтай. Мысалы, ірі қара мал мен қойлардағы жұғушылық АҚШ-та 11-ден 31 %, Ресейде – 14-32,9 %, Чехословакияда 13-тен 24 % дейін жетеді (L.Mіller, H.Feldman, 1953; Е.А.Шевкунова, 1961; Гавлик авторларымен, 1960; И.Г.Галузо, 1965). Кәсіпшілік аңдар да тиісті эпидемиологиялық рөл атқарады. Ондатралар, қояндар, саз құндызы (нутриялар), терісі қымбат аңдар (күміс-қара түлкілер) арасындағы токсоплазма жұғушылық 9,4-тен 15,7 % дейін екені анықталды (С.Ә.Әміреев, 1970).

Қоздырғыштың берілу механизмі. Қоздырғыш негізінде фекалді-оралді механизмімен таралады. Ол бірнеше жолмен атқарылуы мүмкін: 1) ауыз арқылы шикі немесе жартылай шикі етті, фаршты пайдаланғанда, ал жиірек жағдайда – мысықтардың нәжісіндегі ооцисталармен ластанған (мысықтардан) көкөніс, жемістер, тұрмыстық заттар, су, қол арқылы жұғу; 2) жанасу жолы – тұтас мал етін мүшелеу кезінде қасапшылардың және залалды заттармен жұмыс атқаратын лабораториялық қызметкерлердің жарақаттанған қол терісі мен шырышты қабаттары арқылы жұғу; 3) жүктіліктің бастапқы мерзімінде анасынан құрсақ ішіндегі нәрестеге плацента арқылы жұғу (вертикалдық-тікелей), осындай жұғу жолы 40% жағдайда болуы мүмкін.

Токсоплазмамен жұғушылық барлық елдерге кең таралған. Жасы ұлғайған сайын токсоплазмалар жұғуы ұлғая түседі. Мысалы, АҚШ-та тұрғындарды серологиялық әдіспен тексергенде 50 жастан асқандардың арасында 10-50 %, ал 10-19 жастағылардың 5-тен 30% дейінгілеріне токсоплазма жұғылғандығы анықталған. Әртүрлі авторлардың мәліметіне сүйенсек токсоплазмамен жұғушылық барлық елде бірдей емес, көрсеткіші 4-тен 70 % дейін байқалған. Көрсеткіштердің бір-бірінен мұндай алшақ болуы диагностикалық жұмыстың деңгейімен және гигиеналық ережелерді орындау жағдайларымен т.б. түсіндіріледі.

Адамдардың табиғи қабылдаушылығы жоғары емес, көпшілік жағдайда токсоплазма жұқаннан кейін симптомсыз тасымалдаушылық туғызады. Бірақ адамдарға АИВ (ВИЧ) жұққан кезде токсоплазмоз инвазиясының маңызы күрт артады, яғни токсоплазмоз оппортунистік инвазия ретінде қауіпті сипат алады. Мысалы, ЖИТС-пен (СПИД) науқастанғандардың арасында 2,8-ден 20%-ға дейінгі жағдайда токсоплазмоз бар екені анықталған. ЖИТС-пен ассоциацияланған ауру ретіндегі токсоплазмоздың үлесі Қазақстанда 2,5%, Еуропада – 8,7%, Ресейде – 15,1%, АҚШ-та – 20% құрайды (Ж.З.Трумова, 2001).

Токсоплазмалардың жүйке жүйесі, жатыр, көз тіндерінде өсіп-өнуге бейімділігін ескере отырып, сондай ағзалары зақымданып, дертке шалдыққан адамдарға тексеру жүргіздік (С.Ә.Әміреев, 1975). Бұрын акушерлік ауытқулары (түсік тастау, өлі бала туу) болған 114 жүкті әйелдерді тексергенде олардың 20%-де токсоплазмаларға қарсы антиденелер бар екені анықталды, ал дені сау әйелдерде токсоплазмамен жұғушылық 2,2% болды. Көкшетау (қазір Ақмола), Қарағанды облыстары мен Алматы қаласындағы 14 арнайы балалар мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан 2328 балаларды тексергенде токсоплазмаға қарсы антиденелердің табылуы 20,1 мен 30,4% аралығында екені анықталды. Көрсеткіштердің әртүрлі болуы қолданылған әдіске (КБР немесе ЖИФР) және мүшелер мен жүйелер қызметінің бұзылу сипатына байланысты. Даун ауруымен зардаптанған 3 науқас баланың жұлын сұйығынан токсоплазмалар бөлініп алынды.

Көзі дертке шалдыққан адамдар арасында да токсоплазма жұғушылық жоғарғы деңгейде екені белгілі болды – 15-21%. Ғ. К. Жұмабаеваның (2000 ж) мәліметтеріне қарағанда токсоплазмалардың көзге зиян келтіруі одан да жоғары болуы мүмкін. Қарағанды облысында жүре пайда болған созылмалы токсоплазмоз ауруына күмәнді 396 науқасты ИФТ әдісімен тексергенде 29,5% көзі токсоплазмалармен зақымданғаны дәлелденген.

Токсоплазмоз жылдың барлық кезеңдерінде болады, дегенмен, күзгі-қысқы немесе қысқы-көктемгі маусымдарда жиірек байқалады. Бұл қысқа қарай температуралық фактордың және авитаминоздың әсерінен жануарлар организмі әлсіреп, ауруға қарсы тұру қабілеттілігі төмендеудің нәтижесінде олардың инфекцияға сезімталдығының күшеюімен байланысты болуы ықтимал. Мұндай жағдайда бұрынғы жасырын түрдегі инфекция айқын ағымдық келбет алып, токсоплазмалардың сыртқа шығуы молая түсуі мүмкін.

Қала тұрғындарына қарағанда ауылды жердегі адамдар арасында токсоплазмамен жұғушылық біршама жоғары, әсіресе ондай жағдай мал шаруашылығымен айналысатын және жабайы жануарлардың терісін өңдейтін кәсіби топтағы адамдарда жиі кездеседі.

Патогенезі. Адамдар мен жануарлар организміне енген токсоплазмалар лимфа сұйқтығының ағымымен аймақтық (мезентериалдық) лимфа түйіндеріне жетеді де инфекциялық гранулема құрайды. Сонан соң олар қанға түсіп барлық ағзалдарға тарайды да әртүрлі мүшелердің (бауыр, көк бауыр, лимфа түйіндері, бас миы, көз, миокард, қанқалық бұлшық еттер, жатыр, плацента) тіндеріне шоғырланып орналасады. Олар сол жерлерде алдымен жалған циста, сонан соң нағыз циста түзіп, ондаған жылдар, кейде өмір бақи сақталады. Олар шоғырланып орналасқан жерде қабыну ошақтары пайда болады, ал кейбір мүшелерде (мысалы, бас миында, бұлшық еттерде) кейіннен кальцификацияланатын некроздық өзгерістер байқалады.

Ауру патогенезінде жоғарғы сезімталдықтың баяу типі тектес өтетін аллергияның үлкен маңызы бар. Әртүрлі әдістермен анықталатын спецификалық антиденелер өндіріледі. Антиденелер жаңа жұғудан сақтайды. Бұл кезде иммунитеттің жасушалық факторларының маңызы аз емес. Токсоплазма жұққандардың көпшілігінде аурудың латентті (жасырын) және симптомсыз дамуы, организмнің спецификалық қорғанысымен байланысты. Бірақ, иммундық статус төмендегенде, мысалы, АИВ (ВИЧ)-инфекциясы немесе иммунды депрессант қолданумен және басқа себептермен (гельминттер жұққанда) байланысты иммундық тапшылық пайда болғанда, созылмалы және латентті процестер аурудың айқын (манифестік) түріне айналуына әкеледі. Мұндай жағдайда токсоплазмоз жедел қатерлі түрде өтеді, шектелген немесе кең жайылған (диффузды) менингоэнцефалит дамиды, бұл процеске көз және басқа мүшелер де қамтылады. ЖИТС (СПИД) ауруына қайта қозған генерализацияланған токсоплазмоз қосылса науқасты өлімге әкеп соғады.

Токсоплазмоздың жүре пайда болатын және туа пайда болатын екі түрі болады. Жүре пайда болатын токсоплазмоз жедел, біріншілік – латентті, біріншілік және екіншілік созылмалы түрінде болуы мүмкін. Қазіргі кезде «иммунды тапшылыққа душар болғандардың токсоплазмозың деп өз алдына жекелеп бөлген түрі есепке алынуы керек.

Патогенез негізінде бір – біріне ұқсас 3 фактор бар, олар инфекциялык процесстің тағдырын анықтайды:

1.Қоздырғыштың жағынан

-қоздырғыштың клетка ішілік паразиттілікке беиімділігі.

-әртүрлі мүшелерді зақымдауға беиімділігі.

-токсикалық, аллергиялық – метаболиттік, вируленттік қасиеті.

-даму цикілінің қасиеті.

2. Қожайын жағынан

- типтің және жастың сезімталдығы.

- иммунитеттің жағдайы.

- кіру қақпасындағы локализациясы.

3.Модифицирлік өзара – сыртқы орта жағдайына байланысты

- субклиникалық және инаппаратты.

- әртүрлі көріністермен көрінетін манифесті мүшелер.

 

Жедел токсоплазмоздың патогенезінде 4 фазаны ажыратады.

1. Қоздырғыштың енген жерінде ( тері, ас қорыту жүйесі) қабыну реакциясына жауап ретінде 1-лік ошақтың түзілуі.

2. Қандай болмасын инфекциялық процестен келесі фаза ретінде – регионарлы лимфадениттің дамуы.

3. Лимфогематогенді диссеминация – қоздырғыш лимфогенді, гематогенді жолдармен бауырға, талаққа, сүйек майына, өкпеге, миокардқа, бүйрекке таралады. Токсоплазмоздың клетка ішілік көбеюі басталады, псевдоцист түзіледі, токсикалық – аллергиялық, механикалық әсер клетканың бұзылуына әкеледі, гранулемалар түзіліп, олардың ортасында некроз дамиды. Жаңа сапалы өзгеріске көшкен кезде 4-ші фаза басталады, екіншілік ошақ түзіледі немесе токсикалық сепсис түзіліп, септикалық процестің компоненттері дамиды. Бұл процесте өмірге қажетті мүшелер зақымданғанда ақыры аяқталуы мүмкін. Жиі жедел фазасы созылмалы түріне ауысады.

4. Инфекцияның таралуы – арнайы антиденелердің қанға түсу нәтижесінде жаңа токсоплазмалар біріншілік ошақтан босайды, цисталар мида, торлы қабықта, миокардта, қалқа бұлшық еттерінде түзіледі. (4-фаза – аурудың созылмалы стадиясы).

5. Аурудың созылмалы стадиясы жиі клиникалық көрінісі жоқ созылмалы инфекциясы тасымалдаушыға ауысады, бірақ цист мүшелерде сақталады.

- Қожайын қоздырғыштан толық босайды немесе жазылады.

- Паразит- рецидив немесе процестің қайталап таралуы.

- Инфекциялық процестің ақыры иммунитеттің жағдайына байланысты.

- Токсоплазмоз иммунодепресивті әсер етеді, ол иммунотапшылыққа әкеледі. Американдардың айтуы бойынша, токсоплазмоз тек иммунотапшылық жағдайында ғана дамиды.

- Токсоплазмоз ЖИТС кезінде жайылған инфекция түрінде дамып, ақыры өлімге әкелуі мүмкін.

Патоморфологиясы:

- Микронекроздар, гранулемалар, кальцинаттар – тек бас миында.

1.Сильвиев суқұбырының қабырғасында склероз нәтижесінде некроз дамып тарылады.

2. Қарыншалардың қан тамырлар еріні зақымдалып, эпиндиматоз, склероз, кальциноз жаңа қабырғасының зақымдалуы дамиды.

3. 4 қарыншадан ликвордан үлкен арқаға, подпаутинді кеңістікке ағуы бұзылады.

- Көз жағынан – ретиниттер, хориоретинит, көз алмасының атрофиясына дейін иридоциклит дамиды.

- Бөртпе, миозит, миокардит, гепатит, орхит, панкреатит, пневмония, нефрит және т. б. дамиды.

Клиникалық көріністері. Инкубациялық кезең лабораторлы жұқтырғанда 2 апта шамасында. Табиғи жағдайда токсоплазмоздың инкубациялық кезеңін анықтау мүмкін емес, себебі ауру жиі біріншілік-латенттік немесе біріншілік-созылмалы түрде өтеді.

Берілу механизмге байланысты туа пайда болған және жүре пайда болған токсоплазмозды анықтау керек.

 

Жүре пайда болған токсоплазмоз жедел, созылмалы, латенттік турлерінде өтеді. Латенттік токсоплазмоз біріншілік-латенттік және екіншілік-латенттік түрлеріне бөлінеді.

Біріншілк–латенттік токсоплазмоз клиникалық көрініссіз өтеді, екіншілік-латенттік токсоплазмоз кезінде резидуальды белгілер (кальцификация, хориоретиниттен кейінгі тыртық, көздің көруінің нашарлауы және т.б.) жиі байқалған.

Жедел токсоплазмоз – аурудың сирек кездесетін түрі, көбінесе әлсіз көріністерімен сипатталып (әлсіздік, миалгиялар, неврастения) айығумен аяқталады. Диагнозды анықтау қиындыққа соғады.

Сирек жағдайда жедел токсоплазмоз ауыр жайылмалы түрінде өтіп жедел басталумен, қызбамен, жалпы улану көрінісімен, бауыр мен көк бауырдың ұлғаюымен, миокардитпен сипатталады. Тағы да полиморфті экзантема және орталық жүйке жүйесінің айқын зақымдануы (энцефалит, менингоэнцефалит) байқалуы мүмкін. Жедел түрлері энцефалиттің нышандарынсыз (сүзек тәрізді немесе экзантемді түрлері) өтуі мүмкін немесе энцефалиттің белгілерімен сипатталады (энцефалиттік, менингоэнцефалиттік, немесе церебральды түрлері). Энцефалит жайылмалы токсоплазмоздың басқа белгілерінің фонында білінеді, ауруды анықтауға көмек береді. Ауру ауыр өтіп және мұнда өлім қаупін тудыратын нәтиже жиі болатыны айқын. Аурудың патологиялық процессінің басылуы барысында, ол резидуальды құбылысымен екіншілік-созылмалы түрге өтеді (эпилепсия нышандары, ақыл-естің төмендеуі және т.б.).

Созылмалы токсоплазмоз – ұзаққа созылатын, баяу дамитын ауру, ол субфебрильды қызбамен, созылмалы улану нышандарымен сипатталған, оның фонында көптеген мүшелердің зақымдануы білінеді: жүйке жүйесі, көз, миокард, бұлшықеттер және т.б. Ауыру жайлап басталады. Науқас жалпы әлсіздікке, тәбетінің нашарлауына, ұйқының бұзылуына, қозғыштыққа, бас ауыруына, естің төмендеуіне, жүрек соғысына және жүрек ауыруына, бұлшықет пен буындардың ауыруына, кейде көздің көруінің нашарлағанына шағымданады.

Тексеру барысында, барлық науқастарда субфебрильды қызба анықталады, ол айлар бойына созылуы мүмкін немесе түрлі ұзақтықтың толқындары түрінде білініп, апирексия кезеңімен алмасатыны мәлім. Жиі дамитын нышан - жайылмалы лимфоаденопатия. Перифериялық (мойын, желке, қолтық асты, шап) және мезентеральды лимфа түйіндер ұлғаяды. Кейде мезаденит шұғыл көріністі болып, ол туберкулез мезаденитінің, соқыр ішектің, аднекситтің және т.б. қате диагнозына себепші болмақ. Лимфа түйіндер бастапқыда жұмсақ, пальпация кезінде ауырып, содан соң өлшемі кішірейіп, қатты болады, ол аз ауырып немесе аурусыз қалыпқа жетеді. Науқастардың жартысында бауыр ұлғаяды, пальпация кезінде орташа ауыруы мүмкін. Бауыр қызметінің едәуір бұзылғаны байқалмайды. Ал көк бауырдың ұлғаюы жиі білінетіні анық.

Токсоплазмоздың жиі көрінісі арнайы миозит болып табылады. Бұлшықеттің ауру сезімі, қалың жерінде тығыздалған ошақтар анықталады, ал рентгенография арқылы науқастардың жартысынан бұлшықеттегі кальцификаттарды табудың сәті түскен. Буындар ауырады, бірақ қабыну процестің белгілері болмайды.

Жүрек-тамыр жүйелері жиі зақымданып, күре тамыр гипотензиясы білініп, кейде жүректің тез соғуы және ырғақтың бұзылуы пайда болады. Жүрек шекарасының солға жылжуы, жүректің тондарының бәсеңдеуі, жүректін жетіспеушілігі, миокардит көрінісі байқалған. Электрокардиографикалық тексеру барысында барлық науқастарда ошақтық немесе диффуздық миокардиттің өзгерісі айқындалған. Перикард пен эндокард зақымдалмаған.

Тыныс алу мүшелері созылмалы токсоплазмоз кезінде сирек зақымдалады, оның нышандары пневмоцистоздың көрінісін еске түсіреді.

Науқастар тәбеттің нашарлауына, ауыздың құрғап кетуіне, жүрек айнуға, төс шеміршек пен кіндік аралығының сыздап ауыратынына, іштің кебуіне, дәреттің тоқтауына шағымданады. Науқастың арықтауы жиі байқалатыны белгілі. Асқазан сөлін тексеру барысында, секрецияның төмендеуі мен қышқылдың азайғаны айқындалған. Рентгенологиялық зерттеу арқылы тоқ ішектің моторлы қызметінің бұзылатынын анықтаған.

Көптеген науқастарда жүйке жүйесінің өзгерістері байқалған. Олар әртүрлі болуы мүмкін. Перифериялық жүйкелер біршама сирек зақымданып, патологиялық процесске орталық жүйке жүйесі жиі қатысады. Кейде бұл невротикалық нышандардың (тез әсерленгіш тұрақтылығы, жұмысқа қабілетінің төмендеуі, қозғыштық, секемшілдік, канцерофобия және т.б.) орташа көрінісі түрінде білінген. Кейбір науқастарда истерия тәрізді ауыр невроз, диэнцефальды бұзылыстар, эпилепсия нышандары пайда болуы мүмкін. Вегетативтік-тамырдың бұзылуы болады. Көздің зақымдануы жиі байқалады: хориоретинит, увеит, алыстан көре алмаушылық үдемек. Эндокриндік мүшелерінің қызметі бұзылады (етек кір циклінің бұзылуы, бедеулік, бүйрекүстіндегі бездердің екіншілік жетіспеушілігі), қалқан безінің қызметі сирек төмендейді.

Перифериялық қанды тексеру барысында, лейкопения, нейтропения, салыстырмалы лимфоцитоз, эозинофильды лейкоциттер мөлшерінің өсу тенденциясы айқындалған. ЭТЖ қалыпты болып қалады.

Латенттік токсоплазмоз сипатында, науқасты ұқыпты клиникалық тексеруде, онда токсоплазмоз нышандарын табудың сәті түспеген (біріншілік –латенттік токсоплазмоз) немесе хориоретиниттің ескі ошақтары, кальцификаттар, склерозды лимфатикалық түйіндер түріндегі тек қана резидуальды құбылыс байқалған (екіншілік-латенттік токсоплазмоз). Латенттік түрдің диагнозы оң серологиялық реакциялардың табылуына немесе тері ішінде токсоплазмоздарды байқап білуге негізденген.

Туа пайда болған токсоплазмоз келесі түрлерге бөлінеді:жедел, созылмалы, латенттік, резидуальды токсоплазмоз (гидроцефалия, олигофрения, эпилепсия және т.б.). Бұл түрі біршама сирек кездеседі. Ол әйелдердің жүктілік уақытында жұқтыруында, қоздырғыштардың трансплацентарлы берілуі нәтижесінде пайда болады. Туа пайда болған токсоплазмоздың патогенезі жүре пайда болған токсоплазмозға ұқсас, біріншілік инфекция ошағы гематогенді диссеминация стадиясында ұрықтан тыс басталады, көбінесе токсоплазмозбен зақымдалу жүктіліктің мерзіміне байланысты. Егер зақымдалу 2-триместрде болса нәрестеде жедел немесе созылмалы инфекция дамиды, 3- триместрде болса нәрестеде жедел немесе созылмалы инфекция сирек субклиникалық түрі дамиды, егер 3- триместрдің соңы босануға дейін болса жедел немесе жеделдеу инфекция дамиды.

Туа пайда болған токсоплазмоздың жедел түрі ауыр жайылмалы инфекция ретінде өтіп айқын интоксикациямен, қызбамен, бауырдың (жиірек сарғыштану дамиды) және көк бауырдың ұлғаюымен, макулопапулезді экзантемамен білінетіні анықталған. Балалардың көбінде бұл фонда ауыр энцефалит пен көздің зақымдануы (көбінесе хориоретинит түрінде) артады.

Туа пайда болған токсоплазмоздың созылмалы түрге өтуінде энцефалиттің қалдықтары (гидроцефалия, олигофрения, сиптоматикалық самайлық немесе Джексон эпилепсиясы дамығаны байқалып, сонымен қатар көру мүшелерінің әртүрлі зақымдануы (микро- және анофтальм). Басында бұл көріністер субфебрилитетпен, улану нышандарымен, миозиттермен, лимфаденопатиямен сипатталады. Содан соң процесстің белсенділігі біртіндеп баяулайды және тек энцефалиттің қалдықтары ғана сақталады. Бұл резидуальды туа пайда болған токсоплазмоздың көріністері болып саналады.







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.