Здавалка
Главная | Обратная связь

Имам Мухйиддин ан-Науауи



Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!

Барлық мақтау Өзінен басқа сыйынуға лайықты Құдай болмаған, Аллаһ Тағалаға ғана тән! Соңғы Пайғамбар Мухаммадқа, оның жанұясы мен туған туысқандарына және оның сахабаларына, Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

 

Имам ан-Науауидің «Тақуалардың бақтары» (арабша, «Рийад ас-салихин») атты хадистер жинағы, мұсылмандар арасында көп танымал, әрі сүйікті кітап болып табылады. Бұның таң қаларлық ештеңесі жоқ. Өйткені, біріншіден бұл кітап, Ислам әлемінде Құраннан кейін екінші орында тұратын Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сүннеті жайлы болса, екіншіден бұл кітапты жазған адам, мұсылмандар арасында абыройымен және тақуалығымен сүйіктісі болған, өзінің өмірін Исламға қызмет етуге арнаған ғалым болып тұр.

Бұл кітаптың мәнділігін айтсақ, Пайғамбар Мухаммадтың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінің мәнін айтқан боламыз. Хадистерден құралатын Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сүннетінен аз болса да хабардар болмай, Ислам дінін және осы діндегі адамдарды түсіну мүмкін емес. Сонымен мұсылмандар үшін Сүннетті білу, міндет болып табылады.

 

Ал енді осы кітап жайлы ан-Науауидің өзі былай деген:

Бұл кітапты жазғанда, мен тек сенімді және белгілі мұхаддистердің шығармаларынан алынған хадистердің жиынтығын жасағым келді. Ал ол хадистердің мән-мағынасы оқырманды, мәңгілік өмірдің рахатына жетелейтін, сондай-ақ оған дінді жан дүниесімен ұстана алатын жолды көрсететін, сондай-ақ адамға қорқыныш пен үміт ұялататын, сондай-ақ адамның жанын пәктік пен көркем мінезділікке тәрбиелейтін, сондай-ақ адамның жүрегін кеселдерден емдеп, бүкіл қисықтықты түзететін және де білім іздеушінің басқа да талпынатын нәрселері туралы болса деп қаладым.

Егер бұл кітап, жазылып бітсе, Онда бұны дұрыс көңіл бөліп оқыған әр адамды, бұл кітап игілікке жетелейді және оны барлық пасықтық пен жамандықтан ұстайды, ал мен осы кітапты оқып өзіне пайда алған әр-бір мұсылман бауырымнан, Аллаһтан мен үшін, менің ата-анам үшін, менің ұстаздарым үшін, басқа да өзіміз жақсы көретін адамдар үшін, сондай-ақ бүкіл мұсылмандар үшін Аллаһтан (Оның жәннәтін) сұрап (және Оның тозағынан құтқаруын сұрап) дұға етуін өтінемін. Жомарт Аллаһқа артынамын және оған өзімнің ісімді тапсырамын, маған Аллаһ жеткілікті, ол Керемет Қамқоршы және Ұлы Аллаһ Тағаланың күш-қуатына жететін ешқандай күш-қуат жоқ!

 

Құрметті оқырман! Сіздің қолыңыздағы кітапша, сол ан-Науауидің «Рийад ас-салихин» кітабінің, орыс тіліне Владимир Абдуллаһ НИРША аударған «Сады праведных» кітабінан, қазақ тіліне аударылған нұсқасы. Кітаптағы Құран аяттарының аудармасында, Халифа Алтайдың Құранды арабшадан қазақшаға аударған «Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі», атты еңбегі қолданылды. Осы ктапты кез-келген түрде басып шығаруға, көбейтуге, материалдарын қолдануға, сатуға, тегін таратуға толығымен рұқсат беріледі.

Құдіретті Ұлы Аллаһ Тағаладан, Оның көркем есімдерімен және Оның ұлы сипаттарымен бұл еңбегімізді тек Оның жолына ғана арналуын және осы кітапты оқыған немесе жарық көруіне себепші болған кісілерге, бұл кітаптың осы дүниеде де, мәңгілік дүниеде де пайдалы болуын сұраймыз.

Пайғамбарға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын. Аллаһқа сансыз мақтаулар!

 

«Науан Хазрет» атындағы орталық мешіт, Көкшетау қаласы.

Islamic.kz

Камқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!

 

ТАРАУ

Құпия болсын, жария болсын - әрдайым және кез келген уақытта, барлық амалында және сөзінде адал (ықыласты) болу және ізгі ниетті ұстану жайлы.

 

Аллаһ Тағала айтты:

«Олар; ғибадатты, нағыз Аллаһқа шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген. Міне осы тұп-тура дін» «Бәййіна» сүресі, 5 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

«Ешқашан құрбанның еттері, қандары Аллаһқа үлгермейді (жетпейді) Бірақ сендердің тақуалықтарың үлгереді (жетеді).» «Хажж» сүресі, 37 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

«(Мухаммад,) оларға: "Көңілдеріңде бір нәрсені жасырсаңдар Аллаһ оны біледі. Әрі Аллаһтың барлық нәрсеге толық күші жетуші", - де» «Аль-Имран» сүресі, 29 аят

 

1. Хабар бойынша, діндарлардың басшысы (халифа) Омар бин аль Хаттаб[1] оған АллаҺтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Шын мәнінде, әр амалдың ниетімен байланысы бар, шындығында адамға бұйыратыны, (сол амалдан) тек қана қалаған ниеті. Егер адамның көші[2] Аллаһ және Аллаһтың елшісі үшін болса, онда ол Аллаһқа және Аллаһтың елшісіне көшеді, ал оның қалағаны дүние рахаты не болмаса бір әйелге үйлену мақсатында болса, онда сол көштің мақсатына көшеді. аль-Бухари, Муслим

 

2. Хабар бойынша, мұсылмандардың анасы, Умм Абдаллаһ Айша, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

(Бірде) Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Қағбаға қарай жасақ аттанады, олар жердің шөлді жеріне жеткенде, жер оларды біріншісінен соңғысына дейін (бәрін) жұтады". Мен: "Я Аллаһтың елшісі, қалайша жер олардың бәрін жұтады, олардың арасында, жәй оларға қатысы жоқ адамдар да болады емес пе?”, - деп сұрадым. Ол: "Олар біріншісінен соңғысына дейін (бәрі) жұтылады, ал сосын қайта тірілгенде, оларға ниеттеріне қарай тиістісі беріледі”, - деді. Аль-Бухари, Муслим.

 

3. Хабар бойынша, Айша, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Жеңістен[3] кейін көшудің (хижраның) керегі жоқ, бірақ ізгі ниет және Жихадқа[4] қатысудың міндеті тоқтаған жоқ, егер сендерді (оған) шақырса, онда оған асығыңдар." Аль-Бухари, Муслим.

Бұл дегеніміз, Мекке төңірегі Ислам тараған мекен болғандықтан, одан көшудің қажеттілігі тоқтаған.

 

4. Хабар бойынша, Абу Абдаллаһ Жабір бин Абдаллаһ аль-Ансари, олардың екеуіне де Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бірге қатысқан бір жорықта, ол былай деді: “Шын мәнінде, сендер қай жолмен жүрсеңдер де, қандай қырдан ассаңдар да, Мединалықтардың арасында ауырып жорыққа шыға алмағандар, бәрібір сендермен бірге болды.

Бұл хадистің басқа хабарында оның былай деп айтқаны келтіріледі:

"...әрдайым сендермен бірге сауабты бөлісіп отырды". Муслим.

Аль-Бухаридің Анастан, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, жеткізген хабарында, оның былай деп айтқаны келтіріледі:

Біз Пайғамбармен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Табук соғысынан қайтып келе жатқанымызда, былай деді: "Шындығында, біздің артымызда, Мединада орынды себептермен қалған адамдар бар, бірақта олар біз қайсы бір таулы жолмен жүрсек те, қай бір қырдан ассақ та олар бізбен бірге болды[5].

 

5. Хабар бойынша, өзінің әкесі және атасы өзі сияқты сахаба болған, Абу Йазид Маън бин Йазид бин аль-Ахнас, олардың бәріне Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

Бірде менің әкем Йазид, садақа тарату ниетімен, қалтасынан бірнеше динар алып, мешіттің қасындағы адамның (ол оны мұқтаждарға берсін, деп) жанына қойып кетті. Сосын ол жерге мен келдім де, ол ақшаны алып[6] әкеме әкеліп бердім. Ол: "Аллаһтың атымен ант етемін, мен ол ақшаны саған беру үшін қойған жоқпын!", - деді. Бұдан кейін мен Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келіп, біздің дауымызға төреші болуын сұрадым. Ол: "Я Йазид, - саған сенің тапқың келген ниетің, ал саған – сенің алғаның, я Маън”, - деді. Аль-Бухари.

 

6. Хабар бойынша, жәннәт жайлы қуанышты хабар естіген онның бірі, оларға Аллаһтың ризашылығы болсын, Абу Исхақ бин Абу Ваккас Малик бин Ухайб бин Абд Манаф Ибн Зухра бин Қиляб бин Мурра бин Қаъб бин Лууайй аль-Кураши аз-Зухри, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

"Қоштасу қажылығы болған жылы, мен қатты ауырып, Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, маған көңіл айтып келгенде, мен одан: “Шындығында, мені мына аурудың қандай жағадайға жеткізгенін, сен көріп тұрсың! Мен баймын, менің қызымнан басқа еш мұрагерлерім жоқ, сондықтан мен байлығымның үштен екі бөлігін кедейлерге таратсам болады ма?”, - деп сұрадым. Ол: “Жоқ”, - деді. Мен: “Ал жартысын ше, я Аллаһтың елшісі?”, - дедім. Ол: “Жоқ”, - деді. Мен: “Үштен бірін ше?”, –деп сұрадым. Ол: “Үштен бірін, бірақ үштен бірі де көп болады, шындығында, саған мұргерлеріңді дүниесіз, адамдарға мұқтаж етіп қалдырғаныңнан, оларды бай етіп қалдырғаның жақсы. Шындығында, сен Аллаһ жолында жаратқаныңның барлығы үшін сауаб табасың, керек десең, әйеліңнің аузына салған асың үшін де сауаб бар”, - деді. Сонда мен: “Я Аллаһтың елшісі, мені менің жолдастарым осы жерден кеткеннен кейін мұнда қалдырады ма?”1, – деп, сұрадым. Ол: “Сені бұл жерде ешқашан қалдырмайды. Сен қайбір сауабты амал жасасаң, ол сені әлбетте жоғарылатады. Бәлкім сен арқылы біреу жақсылық табу үшін және сен арқылы біреу соққы алу үшін, әлі көп өмір сүресің2. Иә Аллаһ, менің сахабаларымның көшін аяқта3 және оларды шегінуге мұқтаж еткізбе! Иә бейшара, Саъд бин Хауля!", - деп, Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ол адамның Меккеде өлгеніне өкініштерін білдіріп жатты. Аль-Бухари, Муслим.

 

7. Хабар бойынша, Абу Хурайра Абд Ар-Рахман бин Сахр, оған Алллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Шындығында, Аллаһ Тағала сендердің денелеріңе, не сырт көріністеріңе қарамайды, бірақ Ол сендердің жүректеріңе қарайды. Муслим.

8. Хабар бойынша, Абу Муса Абдуллаһ бин Каис аль-Ашъари, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: “мыналардың қайсысы Аллаһтың жолымен жүрген болады: оның батырлығы жайлы айтуы үшін шайқасушы ма, әлде ашу-ыза ықпалымен шайқасушы ма, не болмаса көрер көзге шайқасушы ма?”, - деп сұрады. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп жауап берді: "Кім Аллаһтың сөзі жоғары болу үшін шайқасса, сол Аллаһтың жолында соғысқан болады." Аль-Бухари, Муслим.

 

9. Хабар бойынша, Абу Бакр Нуфайъ бин аль-Харис ас-Сакафи, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

Бірде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Егер екі мұсылман қылыштарын айқастырып соғысса, онда өлген де, өлтірген де тозақта болады". Мен: "(Тозаққа) өлтірген түссе әділ болады, ал өлген неліктен түседі?!", - деп сұрадым. Ол: "Өлген де өзінің жолдасын өлтірмекші болған жоқ па", - деп жауап берді. Аль-Бухари, Муслим.

 

10. Хабар бойынша, Абу Хурайра Абд Ар-Рахман бин Сахр, оған Алллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Адамның жамағатпен оқыған намазы, үйінде, не базарда оқыған намазынан жиырма дәреже жоғары. Өйткені мұсылмандардың кез келгені, дұрыстап дәрет алса, ал одан кейін мешітке тек қана намаз оқу ниетімен ғана, одан басқа ешбір ниетпен келмеген болса, онда ол мешітке кіргенге дейінгі әр қадамы үшін міндетті түрде бір дәреже көтеріледі және одан кішігірім бір күнәдан түсіп отырады. Ол мешітке кіргеннен кейін, егер де ол онда тек қана намаз үшін қалса, онда ол сол жердегі болған барлық уақытында намаз үстінде болған есептеледі1, және періштелер, намаз орнында болған кез-келгенің үшін былай: "Иә Аллаһ оған рахым көрсет, иә Аллаһ, кешір оны, иә Аллаһ оның тәубесін қабыл ал!", - деп жалбарынады және бұл жағдай, ол үшін, сол жерде ешкімді ренжітпегенше және дәреті бұзлмағанша жалғасады. Аль-Бухари, Муслим.

11. Хабар бойынша, АбулАббас Абдуллаһ бин Аббас бин Абд аль-Мутталлиб, ол екеуіне де Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзінің Тәңірі Мәртебелі Аллаһ Тағаланың сөздерінен, былай деп айтқанын жеткізген:

Шындығында, Аллаһ Тағала жаман және жақсы амалдарды жазып, оны түсіндірді2: “Кімде-кім, бір жақсы амал орындамақшы болса (ниеттенсе), бірақ оны орындамаса (орындай алмаса), Мәртебелі Аллаһ Тағала Өзінде (ол адамға, сол амалды орындағанындай) толық бір амалдың сауабын жазады. Егер адам жақсы амалды орындамақшы болып, оны орындаса, Аллаһ Өзінде ол адам үшін, оннан жеті жүзге дейін, және одан да көп жақсы амалдың сауабын жазады. Егер адам бір жаман іс жасамақшы болып, бірақ оны жасамаса3, Аллаһ Өзінде ол адам үшін толық бір жақсы амалдың сауабын жазады. Егер адам бір жаман іс жасамақшы болып, оны орындаса, Аллаһ (ол адамға) бір күнә жазады." Аль-Бухари, Муслим.

 

12. Хабар бойынша, Абу Абд ар-Рахман Абдуллаһ бин Умар бин аль-Хаттаб, олардың екеуіне де Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын естіген:

Бір кездері сіздерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, түнемекке бір үнгірге тоқтайды. Олар сол үңгірге кіргенде таудан бір үлкен тас құлап, үңгірдің шығар тесігі жабылып қалады. Сонда олар: "Шындығында, бұл тастан бізді, Аллаһ Тағалаға жақсы амалдарымызды айтып, жалбарыну ғана құтқара алады4", - десті.

Одан кейін, олардың бірі былай деді: "Я Аллаһ, менің қартайған ата-аналарым болды, мен кешке оларға сүт бермейінше, не үй ішіндегілерге, не құлдарға сүт бермейтінмін. Бірде мен ағаштарды5 іздеп жүріп үйден алысқа кетіп қалыппын, ал сосын үйге қайтып келсем, олар ұйықтап жатыр екен. Мен сүт сауып болған соң, олардың ұйықтап жатқанын көріп, оларды оятқым келмеді, және де олардан бұрын үй іші мен құлдарға да сүт бергім келмеді. Сонымен мен таң атқанша олардың оянғанын қолымдағы ыдыспен күтіп тұрдым. Сол уақыт бойы аяғымның жанында балаларым қарындары ашып жылап жатты. Сосын менің ата-анам оянып өздерінің кешкілік ішетіндерін ішті. Иә Аллаһ, егер осының бәрін мен Сенің ризалығың үшін істеген болсам, бізді осы тастың кесірінен болған жайымыздан құтқар!" Осыдан кейін тас орнынан кішкене қозғалды, бірақ олардың өтуіне әлі де орын босамады.

Басқасы былай деді: "Иә Аллаһ, менің адамдардың ішінен бәрінен де артық жақсы көретін (ғашық болған) бөле қарындасым болды..."

Бұл хадистің басқа нұсқасында оның былай деп айтқаны хабарланады:

"...еркектер әйелдерді қалай жақсы көреді, мен де оны сондай қатты жақсы көретінмін және қалайтынмын, бірақ ол маған қарсылық көрсететін. Бұл жағдай құрғақшылық жылы келгенше болды. (Сол жылы) ол маған келген кезде, мен оған менің еркіме көнуі үшін, жүз жиырма динар бердім. Сонымен ол менің дегеніме көнетін болды; ал мен болсам онымен жақындасуға мүмкіншілік алдым..."

Бұл хадистің басқа нұсқасында оның былай деп айтқаны хабарланады:

"... мен оның екі аяғының ортасына отырғанымда, ол: "Аллаһтан қорық, хақысыз бұл пердені бұзба”, - деді. Сол кезде мен оны қанша бәрінен де артық сүйсем де, берген алтынымды қалдырып, оған тиіспей кетіп қалдым. Иә Аллаһ, егер мен осыны, сенің ризалығыңды табу үшін істеген болсам, онда бізді қазіргі душар болған жағдайымыздан құтқар!” Осыдан кейін тас тағы да орнынан кішкене қозғалды, бірақ әлі де олардың өтуіне орын босамады.

Үшіншісі былай деді: "Иә Аллаһ, шындығында, мен жұмыскерлерді жұмысқа жалдап, олардан өзі қалдырып кеткен біреуінен басқасының бәріне еңбек ақыларын төледім. Ал мен болсам алмағанның ақшасын пайдаланып оны көбейттім. Сосын күндердің күнінде ол маған келіп: "Иә Аллаһтың құлы, менің ақымды бер”, - деді. Сонда мен оған: "Сенің ақың мына көріп тұрған бүкіл түйе, сиыр, қой және құлдар”, - дедім. Ол болса: «Сен менімен қалжыңдама, иә Аллаһтың құлы!», - деді. Мен: «Мен саған қалжыңдап тұрған жоқпын», - дедім. Содан соң ол маған ешнәрсе қалдырмай, соның бәрін алып, айдап кетті. Иә Аллаһ, егер мен осыны, Сенің ризалығыңды табу үшін істеген болсам, онда бізді қазіргі душар болған жағдайымыздан құтқар!” Содан кейін тас, олар өте алатындай қашықтықта орнынан жылжып, олар сыртқа шығып кетті. Аль-Бухари, Муслим.

 

 

ТАРАУ

Тәубе жайлы.

 

Ислам ғұламалары әр-бір жасалған күнәға тәубе келтіру керек, деген. Егерде жасалған күнә тек қана Аллаһ Тағаланың алдында ғана болып, ол күнәсінен басқа адамдар зардап шекпесе, онда тәубе мына үш жағдайды қанағаттандыруы керек:

біріншіден, адам ондай күнә жасаудан бас тартуы керек;

екіншіден, сол жасаған күнәсі үшін өкінуі керек;

үшіншіден, ондай күнәні ендігәрі қайталамауға бекем бел байлауы керек.

Егер тәубеге келуде, осы жоғарыда айтылған шарттардың бірі орындалмаса онда тәубе қабыл болмайды.

Егер жасалған күнәдан, басқа бір адам зардап шеккен болса, онда тәубеге келу, төртінші жағдайды қанағаттандыру керек.

Төртіншісі, ол зардап шеккен адамның алдында айыбын жууы. Күнә ұрланған, не болмаса тартып алынған және осыларға ұқсас түрде хақысыз алынғын ақша, не басқа да бағалы заттармен қатысы болса, онда ақысыз алынған дүние, зардап шеккен адамға қайтарылуы тиісті. Ал егер де жағдай жала жабу, не болмаса басқа, барлық Құранға және Сүннетке байланысты жазаға тартылуға тиісті күнәләр жайлы болса, онда айыпкер өзін, өз еркімен жазаға беруі керек, не болмаса зардап шеккен адамнан кешірім сұрауы керек. Ал егер күнә, біреудің артынан ғайбаттау жайлы болса, онда айыпкер сол адамнан, сондай сөздер айтуға рұқсат алуы тиісті1. Үлкен-кішісіне қарамай барлық жасалған күнә үшін таубе жасалуы керек. Егер адам жасалған күнәләрінің бір бөлігіне ғана тәубе келтірсе, онда Пайғамбарымыздың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сүннетімен жүрушілердің ойынша, қабыл деп есептелінеді2. Дегенмен ол күнәләрінің басқа қалған бөлігі үшін де тәубе келтіруі тиісті, неге десеңіз тәубеге келудің міндеттілігіне, Құран мен Сүннет және ғұламалардың ойы дәлел.

 

Аллаһ Тағала айтты:

«…Әй мүминдер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыласыңдар.» «Нұр» сүресі, 31 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң оған тәубе етіңдер….» «Һұд» сүресі, 3 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

«Әй мүминдер! Аллаһқа шынайы тәубе қылыңдар…» «Тахрим» сүресі, 8 аят.

 

13. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

Мен Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын естідім: "Аллаһтың атымен ант етемін, мен Аллаһтан күніне жетпістен астам рет кешірім сұраймын3 және тәубеге келемін" Аль-Бухари.

14. Хабар бойынша,аль-Агарр бин Йасир аль-Музани, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Иә адамдар, Аллаһқа тәубе келтіріңдер және Одан кешірім сұраңдар, мен болсам, Аллаһқа күніне жүз рет тәубе келтіремін." Муслим.

15. Хабар бойынша,Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қызметшісі Абу Хамза Анас бин Малик аль-Ансари, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

«Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Расында, Аллаһ, Өзінің құлының тәубесіне, сендердің, шөлде жоғалтқан түйесін кенеттен тапқан, кез келегеніңнен де артық қуанады"» Аль-Бухари, Муслим.

Муслимнің нұсқасында Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны хабарланады:

«Сендерден біреу, шөл далада мініп келе жатқан, үстіне бүкіл тамағы және суы бар түйесі жұлынып қашып кетіп, ол оны табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп жатты. Сондай жағдайда жатқанда кенеттен, оның түйесі, жоғалтқан бүкіл азығымен жанынан табылады, сонда ол түйесінің жібінен ұстап: "Иә Аллаһ, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Тәңіріңмін!", - деп қуанғанынан бүкілін қалай шатастырып алғанын білмей қалған құл, қалай қуанса, шындығында, Аллаһ Өзінің құлының тәубесіне одан да артық қуанады.»

 

16. Хабар бойынша,Абу Муса Абдулла бин Кайс аль-Ашъри, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Расында, Аллаһ Тағала, күндіз қай бір жамандық жасағанның тәубесін қабыл алу үшін, оған түнде Өзінің қолын созады. Ал түнде қай бір жамандық жасағанның тәубесін қабыл алу үшін, оған күндіз Өзінің қолын созады2. Және бұл, күн бататын жағынан шықпайынша жалғасады3 Муслим.

17. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деді:

«Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Аллаһ, күн, бататын жағынан шыққанша тәубеге келіп үлгергеннің, тәубесін қабыл алады”. Муслим.

18. Хабар бойынша,Абу абд ар-Рахман Абдуллаһ бин Омар бин аль-Хаттаб, олардың екеуіне де Аллаһтың ризашылығы болсын, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Расында, Мәртебелі Аллаһ Тағала Өзінің құлының тәубесін, ол өлер алдындағы соңғы қырылы шыққанша қабылдайды. Бұл хадисті жеткізуші ат-Тирмизи бұны «Жақсы хадис», деген.

19. Хабар бойынша,Зурр бин Хубайш былай деді:

«Бірде, мен аяқ киімге4 масих тарту жайлы сұрайын, деп Саффан бин Ассалға, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, келдім. Ол: "Сені алып келген не, иә Зарр?" -, деп сұрады. Мен: "Білімге деген талпыныс" – дедім. Ол: "Шындығында, өздерінің ризашылығын білдіру үшін періштелер, білім іздегендерге сол іздегендері үшін, қанаттарын тигізеді!", - деді. Одан кейін мен: "Мені, үлкен дәрет пен кіші дәретті сындырғаннан кейінгі, масих тарту жайлы сұрақ, тыным бермей жүр, сен Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларының бірі болдың ғой, сондықтан мен сенен осы туралы бір нәрсе естідің бе, деп сұрағалы келдім?", - дедім. Ол: "Иә, егер біз сапарда болған болсақ, ол бізге, аяқ киімді үш күн ішінде тек қана жүніп1 болған жағдайда ғана шешу керектігін, ал қалған жағдайда, яғни үлкен және кіші дәрет сындырғанда және ұйқыдан кейін шешудің керегі жоқтығын2, айтқан", - деді. Одан кейін мен: "Сен оның сүйіспеншілік жайлы айтқанын естідің бе?", - деп сұрадым. Ол: «Иә, бірде біз Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сапарда болғанда, оған бір бәдәуи келіп: "Иә Мухаммад!", - деп дауыстады. Аллаһтың елшісі де, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, оған қатты дауыспен: "Мен мұндамын", - деп жауап берді. Мен: "Аллаһ саған рахым етсін, сен Аллаһтың елшісінің алдында тұрған жоқсың ба, даусыңды бәсеңдет, саған олай сөйлеуге тыйым салынады", - дедім. Бірақ ол: "Аллаһтың атымен ант етемін, мен ақырын сөлемеймін!", - деді де, ол бәдәуи Пайғамбарға, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: "Адам бұл адамдарды жақсы көреді, бірақ әлі оларға қосылған жоқ3". Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: "Қайта тірілетін күні ол адам, жақсы көрген адамдарымен бірге тіріледі", - деді».

Зурр бин Хубайш сөзін былай жалғастырды:

"Сосын ол сөзін, батыстағы енін аттылы қырық жыл, не жетпіс жыл шауып өтетін қақпалар жайлы айтқанша жалғастырды."

Бұл хадисті жеткізушілерінің бірі, Суфйан былай деді:

"Бұл қақпалар Шам бағытында (яғни батыста). Аллаһ Тағала оларды, көк пен жерді жаратқан кезде-ақ, тәубелерді қабыл алу үшін ашық қылап жаратқан, және олар сол жақтан (яғни батыстан) күн шықпайынша жабылмайды"». Ат-Тирмизи және басқа да мухаддистердің риуаяты бойынша. Ат-Тирмизи бұл хадисті «Жақсы әрі сенімді хадис», деген.

20. Хабар бойынша,Абу Саъид Саъда бин Малик бин Синана аль Худри, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

«Сендерге дейін өмір сүрген адамадардың ішінен, тоқсан тоғыз адамды өлтірген біреу, жер бетіндегі ең білгір адамды іздепті. Оған Исрайл ұрпақтарынан бір машайық (монах) туралы айтыпты. Сонда ол, оған келіп, мен тоқсан тоғыз адамды өлтірдім, енді менің тәубеге келуімнен пайда бар ма?, - деп сұрапты. Ол (машайық) оған: "Жоқ", - деп жауап берген кезде, ол оны өлтіріп, өлтірген адамдарының санын жүзге жеткізіпті. Сосын ол тағы да жер бетінде білгір адамды іздепті. Сонда оған бір білгір адамды көрсетіпті. Ол онымен кездесіп, оған өзінің жүз адам өлтіргенін айтып, енді маған тәубеге келудің пайдасы бар ма?, - деп сұрағанда, ол оған: "Иә. Тәубеге келушіге, кім тәубеге келуіне кедергі жасай алады? Осындай да осындай жерге бар, сол жерде Аллаһ Тағалаға құлшылық етушілер тұрады, солармен бірге Аллаһқа құлшылық ет те, одан кейін өзіңнің жеріңе қайта оралушы болма, бұл жерде залымдық жасалып жатыр", - деп айтыпты. Сонымен ол сол жерге аттанады, бірақ жарты жолда ол баратын жеріне жете алмай ол қаза табады. Сол себепті мейірім періштелері мен қинау періштелері өзара тартыса бастайды. Мейірім періштелері: "Ол Аллаһ Тағалаға жүрегімен тәубе етуге келе жатты", - дейді. Ал қинау періштелері: "Шындығында, ол өмірінде бірде-бір ізгілік (жақсылық) жасамаған", - дейді. Сол кезде оларға адам кейіпінде бір періште келіп, оны олар өздерінің тартысына төреші етіп тағайындайды. Ол оларға: "Екі жердің1 арасын өлшеңдер, ол қай жағына жақын болса сол жердіңкі болып табылады", - дейді. Екі жақты өлшеп қарағанда, оның бара жатқан жағының жақын екені анықталып, оны2 мейірім періштелері өздерімен алып кетеді.» Аль-Бухари, Муслим.

Муслимнің "Сахихындағы” бұл хадистің басқа хабарында, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:

«Ол тақуалардың тұратын жеріне бір қарыс жақын болғандықтан оны сонда тұратындардың қатарына қосады».

Аль-Бухаридің "Сахихындағы” бұл хадистің басқа хабарында, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:

«Сонда Аллаһ Тағала жердің бір бөлігінің ұзаруына, ал екінші бөлігінің кемуіне әмір берді де: "Екі жақтың ара-қашықтығын өлшеңдер", - деді. Сонда олар оның бұл жағының3 қарысқа қысқа екендігін анықтап, оның бүкіл күнәләрі кешірілді».

Муслимнің "Сахихындағы” бұл хадистің тағы бір хабарында, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:

«...ол жүрегімен соған4 тырмысты»

 

21. Хабар бойынша,Абдуллаһ бин Қаъб бин Малик, Қъабтың, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, көзі көрмей қалғанда оған жетекші болған баласы, ол әкесінің Табук жорығына пайғамбармен, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бармай Мединада қалғаны жайлы әңгімесінде былай дейді:

Қаъб айтты:

«Мен Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қатысқан Табуктан басқа бірде бір жорықты қалдырған емеспін. Дегенмен, мен Бадр5 соғысына қатысқан жоқпын, бірақта ол жорыққа Пайғамбар басқа мұсылмандармен, соғыс үшін емес, құрайыштардың саудаға шыққан керуенін басып алу ниетімен аттанғанымен, Аллаһ оларды соғысуға шарттаспаған жауларымен кездестірді, сондықтан Пайғамбар ол соғысқа қатыспағандарды сөккен емес. Мен Исламға толығымен мойынсұнуға ант берген, Ақаба түнінде болғанмын. Бадр шайқасы адамдар арасында көп даңққа ие болғанымен, мен Ақабаны Бадр шайқасына айырбастамас едім. Ал енді менің Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Табук жорығына бармаған хикаямды айтатын болсам, ол кезде мен дәл сол кездегідей еш уақытта күшті әрі толығымен қамтамасыз етілген емес едім. Аллаһтың атымен ант етемін, менің сол кезге дейін еш уақытта екі түйем болған емес, ал жорық алдында менің екі түйем болды. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жайлы айтатын болсақ, ол жорыққа шығар алдында қайда баратынын міндетті түрде жасыратын.6 Бұл жолы да жорыққа аттанатын уақыт жеткенше, дәл солай болды. Жорыққа Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, аптаған ыстықта аттанды, әрі жорық жолы өте ұзақ, сусыз дала және көптеген жауларға толы еді. Мұсылмандардың жорыққа дайындалуына мүмкіншілігі болуы үшін, ол істің мәнін түсіндірді, ал сонан соң қайда баратынын жариялады. Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жиналған мұсылмандардың санының көптігі соншама, оның есебін білу қиын еді.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Сол барғысы келмеген азын-аулақ жұрт, өздерінің жоқтығын ешкім байқамайды деп есептеді. Бірақ бұл жағдай Аллаһ Тағаладан уахи түскенше ғана жалғасты. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұл жорыққа жемістер пісіп, ағаштардан мені қызықтыратын тамаша көлеңкелері түсетін уақытта аттанды. Сонымен Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, басқа мұсылмандармен жорыққа дайындалып жатты, ал мен болсам олармен бірге таң ертең дайындалу ниетімен шығып, ал кешке қарай өз-өзіме: "Мен бұны кез-келген уақытта істегім келсе істеймін", - деп ештеңе істемей құр оралатын болдым. Басқалар дайындалып жатқанда мен осы ниетімнен таймадым. Сонымен ақыр аяғында бір күні таңертеңгілік Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, басқа мұсылмандармен бірге жолға аттанды, ал мен болсам сол дайындалмаған күйде қала бердім. Сол кезде мен тағы да таңертең шығып кешке жақын еш нәрсе жасамай қайта оралдым. Мен осындай ду-дамал күйде жүргенімде, жорықшылар жылдам қозғалған күйде алысқа кетіп қалды. Ал мен болсам, жолға шығып оларды қуып жетпекші болдым. Шіркін солай істей алсам еді! Бірақ та бұл маған нәсіп етілмеді. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жорыққа аттанып кеткеннен кейін, екі жүзді, деп айып тағылатындар мен Аллаһ Тағаланың Өзі ақтаған әлсіздерден басқа, адамдардың арасынан өзім сияқтыларды7 кездестірмедім, мінеки осы жәй мені бәрінен де қатты өкіндіретін.

Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жайлы айтатын болсақ, ол Табукқа жетпейінше мені есіне алмады. Ал ол сол жерге жетіп адамдардың арасында отырғанда: "Ал Қаһб бин Малик не істеп жүр?", - деп сұрады. Бану салим руынан бір адам: "Ия Аллаһтың елшісі, оны онда екі киімі мен тәкәппарлығы ұстап қалды", - деді. Сол кезде Муъиз бин Жабал, оған Аллаһтың ризашылығы болсын: "Сен нендей жаман сөз айттың! Аллаһтың атымен ант етемін, ия Аллаһтың елшісі, біз оның тек жақсылықтарын білеміз!", - деді. Аллаһтың елшісі ештеңе айтпады және сол уақытта түскілік күннің ыстығындағы сағымда ақ киімді бір адамды көріп: "Бұл Абу Хайсам болса керек", - деді. Шынымен-ақ, бұл екіжүзділіердің, оның бір саъ1 құрма садақа бергені үшін, мазақ қылған2 Абу Хайсам аль-Ансари еді.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Табуктан келе жатқанын естігенімде, менің бойымды қатты қайғы биледі. Мен сасқанымнан: "Ертең оның ашуынан қалай құтылсам екен?", - деп өзімнің жанұямның әр-бір ақылды адамынан көмек сұрап, түрлі өтірік ақтаулар іздей бастадым. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Мединаға жақындап қалды дегенде, менің бойымдағы өтіріктің дымы да қалмады, жалғанмен оның ашуынан құтыла алмайтынымды біліп, тек қана шындықты айтуға бел будым.

Таңертеңгілік ол Мединаға оралды, ол әдетінше қай бір сапардан оралмасын ең бірінші мешітке кіріп екі ракағат намаз оқып, сонда адамдармен сұқбаттасатын. Ол осының бәрін орындап болған соң, оған өздерінің ақтауларын айтып және ақтауларын анттарымен растап, Мединада қалған адамдар келе бастады. Ол болса олардың ақтауларын қабыл алып, олар үшін Аллаһтан кешірім сұрап, ал олардың бүкіл ішкі жан дүниесіндегі ниетін Аллаһтың Өзіне тапсырп жатты. Мұндай адамдар саны сексеннен артық жиналды. Сосын оған мен келіп онымен амандастым, ол ашуын жасырған адамның жүзімен жымиып: "Кел!”, - деді. Мен оның жанына жақындап келіп отырдым, ол менен: "Сен түйелерді сатып алмап па едің, сені мұнда қалдырған не?", - деп сұрады.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Мен: "Ия Аллаһтың елшісі! Аллаһтың атымен ант етемін, егерде мен қазір басқа адамның алдында отырсам, жалған ақтаулармен құтылар едім, олай айтатыным, менің шешендігім бар. Бірақ, Аллаһтың атымен ант етемін, егер қазір мен сенен жалған сөйлеп құтылсам, Аллаһ бәрібір жақын бір күндері сені маған ашуландырар еді. Ал егер саған шындықты қазір айтсам, онда сен маған қазір ашуланасың, бірақ осы арқылы Ұлы Аллаһ Тағала, бұның соңын игілікке әкеледі ме деген үмітім бар! Аллаһтың атымен ант етемін, мен қалған кезімде еш уақытта сондай күшті әрі бүкілімен жақсы қамтамасыз етілген емес едім, менің ақталатын ешқандай сылтауым жоқ!", - дедім.

Сонда Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: "Бұл жайлы айтатын болсақ, ол шындықты айтты. Тұр, енді Аллаһтың Өзі сен жайлы шешім қабылдағанша күт", - деді. Осыдан кейін маған абу Салима руынан адамдар келіп: "Біз сенің күнәлі істер істегеніңді көрген емеспіз, ал сен болсаң Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, алдында ақтала да алмадың. Сен үшін Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Ұлы Аллаһ Тағаладан қалғандарына кешірім сұрағанындай кешірім сұраса, саған жеткілікті болар еді!", – деп, айта бастады.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Аллаһтың атымен ант етемін, олардың мені осылай кінәләй бергені соншалық, менің ойыма, Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қайта оралып, мен өтірік айттым деп айтқым келген кездер де болды. Сондай кездердің бірінде, менің: "Мен сияқты халде жүрген біреулер бар ма екен?”, - деген сұрағыма олар: "Иә, сен сияқты айтқан екеу бар, саған айтылған жауап оларға да айтылды", - деді.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Мен: “Ол екеуі кім?”, - деп сұрадым. Маған: “Олар Мурара бин Рабиъа аль-ъАмири және Хиляль бин Умаййа аль-Уакифи" -, деді.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Олар осылай маған, Бадр соғысына қатысқан екі тақуа адамның атын атады. Мен болсам өз-өзіме: "Маған осылардан үлгі алу керек", - дедім.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Маған осы екеуінің атын айтқан соң, мен бәрін сол қалпында қалдыруға бел байладым. Ал Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, болса, Мединдағы қалғандардың ішінен осы үшеумізбен ғана адамдарға бізбен сөйлеспеуге әмір берді.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Сонымен адамдар бізден қашқақтайтын болды, керек десеңіз жер де мен үшін бөтен болып кетті, өйткені бұл мен білетін жер емес еді. Осындай жағдайда біз елу күн өткіздік. Мен сияқты халдегі екеуі мойынсұнып үйлерініен шықпай жылап отырды. Ал мен болсам олардан гөрі жасырақ едім, сондықтан жамағатпен намаз оқуға қатысып және базарға барып жүрдім, бірақ менімен ешкім сөйлеспеді! Мен Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, намаздан кейін отырған уақыттарында сәлем беріп жақындап жүрдім. Сол кездері, мен Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, менің сәлемімді қабыл алғанын білу үшін: "Ол еріндерін жыбырлатты ма екен?", - деп қарайтынмын. Сосын мен оған тығылып қарап қасында намаз оқитынмын, ол мен намаз оқып жатқанымда маған қарайтын да, ал мен оған қарағанымда бұрылып кететін.

Сонымен осылай мұсылмандар менен қашқақтап жүрген кезінде, мен өзімнің адамдар арасында ең жақсы көретін бөле бауырым, Абу Қатадтың бағына қарай тарттым. Мен бақшасын қоршаған дуалына шығып онымен амандастым, Аллаһтың атымен ант етемін, ол менің сәлеміме жауап бермеді! Сонда мен оған: "Иә Абу Қатада, Аллаһтың атымен сұраймын, сен менің Аллаһты және Аллаһтың елшісін, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жақсы көретінімді білесің бе?", - дедім. Ол үндемеді, сонда мен одан тағы да Аллаһтың атымен сұрай бастадым, бірақ ол сонда да сол үндемеуін жалғастыра берді. Мен өзімнің сөзімді тағы да қайталадым, сонда ғана ол маған: "Аллаһ пен Аллаһтың елшісі бұл туралы бәрінен жақсы біледі", - деді. Сол кезде менің көзім жасқа толып, сол шарбақтан қайта өтіп оралдым.

Біраз уақыт өтісімен, Медина базарының жанынан өтіп бара жатып: "Кім мені Каъб бин Маликке алып барады?", - деп сөйлеп келе жатқан Шамдық, Мединаға азық-түлік сатуға әкеліп жүрген христиан шаруаны естідім. Ол, гассаниттердің көсемінің сәлемдеме хатын маған тапсырғанша, адамдар мені көрсетіп отырды. Мен жазғыш (яғни сауатты) едім, сондықтан оның сәлемдемесіндегі хатты оқып шықтым, онда: "Содан соң1,шындығында, маған сенің досыңның сені оқшаулатып жатқаны жетті, шындығында сені жәбірлеуге Аллаһ жол бермейді, бізге қосыл, біз сені жұбатамыз!", - деп жазылыпты. Бұл сәлемдемені оқып болған соң өзіме: "Бұл да бір сынақ", - деп пешке от салып хатты жағып жібердім.

Аллаһтан уахи әлі келген жоқ болатын. Айтылған елу күннің қырық күні өткенде, Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бір хабаршы келіп: "Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, саған әйеліңе жоламауыңа әмір берді!", - деді. Мен: “Мен әйеліммен ажырасуым керек пе, әлде басқа бір жолын табуым керек пе?”, - деп сұрадым. Ол: "Жоқ, одан алшақта және міндетті түрде онымен жақындасушы болма", - деді. Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, менің екі жолдасыма да осыны әмір етіпті. Сонда мен әйеліме: "Әке-шешеңе бар және Аллаһ осы іс жайлы Өзінің шешімін жібергенше, сонда бол", - дедім.

Содан соң Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Хилял бин Умайдың әйелі келіп: "Ия Аллаһтың елшісі, Хилял бин Умай – қаусаған шал, менің оған жәрдем беруіме қарсы болмайсың ба?", - деді. Ол: "Сен оған қызмет ете аласың, бірақ ол саған жақындамауы керек", - деді. Ол (әйел) бұл айтылғанға: “Оның ешбір жаман ойы жоқ, Аллаһтың атымен ант етемін, осы жай басталғалы ол жылағаннан тыным таппайды!", - деді.

Осыдан кейін менің жан ұямнан біреуі маған: "Сен де Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сенің әйеліңе саған қызмет етуіне рұқсат сұрасайшы, анау Хилял бин Умайдың әйеліне рұқсат берілді ғой", - деді. Мен: “Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мұндай өтініш жасамаймын, өйткені Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұған не дейтінін білмеймін, мен әлі жас емеспін бе!", - деп жауап бердім.

Мінеки, осындай жағдайда мен тағы да он күн өткіздім. Адамдардың бізбен сөйлеспеуіне әмір берілген уақытынан елу күн өтті. Сонымен елуінші түннің аяқталып келе жатқанында, мен үйлеріміздің бірінің шатырына шығып таң намазын оқып бітіріп, тура Аллаһ Тағала (Құранда) айтқандай жаным қысылып, жер өзінің кеңдігіне қарамай мен үшін тарылып, отырғанымда, мен бір адамның Сальъа тауына шығып бар даусымсен: "Ия Қаъб бин Малик қуана бер!”, - деп, айқайлағанын естідім. Осыны ести салысымен мен жеңілдіктің келгенін біліп, дереу сәждеге құладым2. Шынымен-ақ, Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, таң намазының уақытында адамдарға, Аллаһ Тағаланың біздің тәубемізді қабыл алғанын жариялапты. Осыдан кейін адамдар бізге қуанышты хабар жеткізу үшін асығыпты. Олардан біразі менің екі жолдасыма қарай асықса, маған қарай аттылы шауып шығыпты. Бірақта маған қарай Аслама руынан және бір адам жүгіріпті. Ол бір таудың үстіне шығып айғайлағанда, оның даусы аттылының шабысынан ертерек жетті. Даусын естіген адамым маған қуанышты хабарымен өзі келген кезде, оған сүйіншісіне үстімдегі екі киімімді шешіп оның үстіне киіндірдім. Аллаһтың атымен ант етемін, сол кезде менің екі киімімнен басқа киім болмады, сондықтан мен екі киімді одан кие тұруға сұрап алып, Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қарай тарттым. Жол бойы адамдар мені топ-тобымен жиналып: "Аллаһтың сенің тәубеңді қабыл алғаны, сенің игілігіңе!", - деп қуанып қарсы алып жатты. Мешітке кіре Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдардың ортасында отырғанын көрдім. Тальха бин Убайдуллаһ болса орнынан атып тұрып қолымнан қысып, мені құттықтай бастады. Аллаһтың атымен ант етемін, одан басқа мұхаджирлерден ешкім тұрмады, Қаъб, Убайдұллаһқа ол әрекетін ешқашан ұмытпайды1!

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Ал мен Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сәлемдесіп болған соң, оның жүзі күннің көзіндей күлімдеп былай деді: "Шешең сені туғаннан бергі ең қуанышты күніңе қуана бер!" Мен: "Бұл сенен бе ия Аллаһтың елшісі, әлде Аллаһтан ба?", - деп сұрадым. Бұл сұрағыма ол: "Бұл Ұлы Аллаһ Тағаладан!", - деп жауап берді. Аллаһтың елшісін, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бір нәрсеге қуанған уақытында, оның жүзі айдың бір бөлігінше жарқырайтын, бұл бәрімізге мәлім еді. Оның алдына отырып: "Ия Аллаһтың елшісі, тәубемнің қабыл болғанының ризашылығы ретінде, бүкіл дүниемді Аллаһ және Аллаһтың елшісі үшін кедейлерге таратқым келеді!", - дедім. Бұған Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: "Оның бір бөлігін өзіңе қалдыр, бұл сен үшін жақсы болады", - деді. Сонда мен: "Мен өзіме Хайбардағы бөлігімді2 қалдырамын", - дедім. Сол уақытта мен және былай дедім: "Ия Аллаһтың елшісі, Аллаһ менің тәубемді, мен шындықты айтқаннан кейін қабыл алды, сондықтан мен соған ризашылығым ретінде, енді өлгенімше шындықтан басқа ештеңке айтпаймын!"

Аллаһтың атымен ант етемін, осыны Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, айтқалы бері, мен Аллаһ Тағаланың маған көрсеткен игілігінен артық игілікті басқа бір адамға көрсетті дегенін естіген емеспін3. Аллаһтың атымен ант етемін, осыны Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, айтқалы бері, мен осы күнге дейін біле тұра өтірік айтқан емеспін, және бұдан кейін де, Аллаһ Тағала мені өтірік айтудан сақтайды, деген үмітім бар!.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Аллаһ Тағала мына аяттарды түсірді:

«Шынында Аллаһ, бір топтың жүректері ауытқуға таяған ауыршылықтан кейін Пайғамбарға ерген мұхажірлер мен ансардың, Пайғамбардың тәубелерін қабыл етті. Қалдырылған үшеуінің де тәубесін қабыл етті. Тіпті оларға жер кең бола тұра тар келген еді. Өздерінен өздері тарылып, Аллаһтан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан кейін Аллаһ оларға тәубе нәсіп етті. Шынында, ол Аллаһ, тым тәубе қабыл етуші, өте мейірімді. Әй мүминдер! Аллаһтан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» «Тәубе сүресі» 117-119 аяттар.

Қаъб сөзін былай жалғастырды:

Аллаһтың атымен ант етемін, Аллаһтың мені Исламға кіргізген нығметінен кейінгі үлкен нығметі, ол менің Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, шыншыл болып, оған өтірік айтпағаным. Егер өтірік айтқанымда, онда өтірік айтқан қалғандары секілді құрыр едім. Олар жайында Аллаһ Тағала бұрын-соңды ешкімге айтпаған сөздерді айтып аян түсірді.

Аллаһ Тағала айтты:

«Қашан олардың жанына қайта оралсаңдар, олар(ды айыптаудан) бет бұруларың үшін Аллаһтың атымен ант ішеді. Онда олардан бой тартыңдар. Өйткені, олар арам істегендерінің жазасы түрінде олардың орны тозақ. Олар сендердің өздерінен қош болуларың үшін ант-су ішеді. Егер сендер олардан қош болсаңдар да, расында Аллаһ бұзық елден разы болмайды.»







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.