Здавалка
Главная | Обратная связь

Аль-Бухари, Муслим. 7 страница



 

521. Хабар бойынша,Анас, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде Абу Тальха Умм Суламге[309]: “Мен Аллаһтың елшісінің даусының әлсірегенін есітіп, оның ашығып жүргенін түсіндім! Сенде жейтін бір нәрсе бар ма?”, - деді. Ол: “Бар”, - деді де, арпадан жасалған нанды алып шықты, сосын өзінің жаялығын (орамалын) алып, оның бір бөлігімен нанды орап менің ышқырыма салды, ал қалған бөлігін орап мені Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жіберді. Мен жанында басқа да адамдармен мешітте отырған Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, нанымды алып бардым. Мен оларға жақындадым да, Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, менен: “Сені Абу Тальха жіберді ме?”, - деп сұрады. Мен: “Иә” - дедім. Ол тағы да: “Ол мені тамақ жеуге шақырып жатыр ма?”, - деп сұрады. Мен: “Иә” – деп жауап бердім. Сонда Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдарға: “Тұрыңдар!”, - деп әмір берді де, олар мешіттен шығуға ыңғайланды, ал мен болсам олардың алдына шығып жүгіріп отырып Абу Тальхаға келдім де болған жайды айтып бердім. Абу Тальха: “Иә Умм Салама, бізге адамдармен Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келе (жатыр), ал біздің оларға беретін тамағымыз жоқ!"”, – дегенде Умм Салама: “Аллаһ және Аллаһтың елшісі бұл жайында жақсырақ біледі!”, - деп жауап берді. Сонда Абу Тальха Аллаһтың елшісін, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қарсы алуға шықты. Сосын олар бірге үйге кірді де Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: “Иә Абу Сулайым, сенде не бар алып кел!”, - деді. Ол сол нанды алып келіп, Аллаһтың елшісінің әмірімен оны үгітті де, оны теріден жасалған торсықтың ішіндегі маймен тұздықтады. Осыдан кейін Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, оған тиесілі дұға оқыды да: “Онын кіргіз”, - деп әмір берді. Сосын Абу Тальха он адамды кіргізді де, олар тойынғанша жеп шықты. Сосын ол тағы да: “Онын кіргіз”, - деді де, олар да тойынғанша жеп шықты. Сосын ол тағы да: “Онын кіргіз”, - деді, осылай осы жай бәрі кіріп тойынғанша жалғасып отырды, ал олар жетпіс не сексен адам болды! Аль-Бухари, Муслим.

Бұл хадистің “Сахихтердің” екеуінде де келтірген тағы бір нұсқасында Ансатың, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:

Сонымен Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, солай он адамнан барлық адам тойынғанша кіргізіп шығарып отырды да, сосын бүкіл тамақты жинаған кезде, ондағы нанның, алдында жеуді бастаған кезде қанша болса сонша қалғаны анықталды.

Осы хадистің Муслим келтірген нұсқасында Анастың, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай дегені келтіріледі:

Сонымен сол жердегі сексеннің бәрі жеп болғанша олар он адамнан (кіріп) отырды, артынан Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзі үй иелерімен бірге жеді де, сонда (бәріміз жеп болған соң да) дастархан үстінде тамақ қалды.

Осы хадистің тек қана Муслим келтірген нұсқасында Анастың, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай дегені келтіріледі:

Сонда олардан кейін тамақтың бір бөлігі қалып оны көршілеріне апарып берді.

Осы хадистің тек қана Муслим келтірген үшінші нұсқасында Анастың, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай дегені келтіріледі:

Бірде мен Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келіп, оның сахабаларының арасында ішін байлап алып отырғанын көріп, олардың бірінен: “Неге Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ішін байлап алған?”, - деп сұрадым. Олар: “Аштықтан”, - деді. Сонда мен Умм Суләйм бин Мальханның күйеуі Абу Тальхаға келіп: “Иә әкетай[310], мен Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ішін байлап алғанын көріп жанындағылардан оның себебін сұрағанымда олар: “Аштықтан”, - деп жауап берді”, - деп көргенімді айтып бердім. Сонда Абу Тальха менің шешеме кіріп: “Бізде бір нәрсе бар ма?”, - деп сұрады. Ол: “Иә, менде бірнеше бөлік нан мен бірнеше құрма бар, егер Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізге жалғыз келсе онда біз оны тойдыра аламыз, ал егер онымен бірге тағы біреу болса, онда бұл оларға жетпейді”, - деді.

Осыны айтып Анас, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, хадисті толығымен айтып шықты.

 

ТАРАУ

Күй талғамаушылық, қарапайымдылық, тамаққа және басқа да жаратуларда орташылдықты ұстану және қатты мәжбүрлік болмаса адамдардан сұрамау жайлы.

 

Аллаһ Тағала айтты:

“Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаһқа ған тән (яғни оларды қоректендіруді Аллаһ Өз мойнына алған)…”“Һуд” сүресі, 6 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

“Сондай Аллаһ жолында қамалып шықпай отырған[311], жер жүзінде жүре алмайтын, (білмейтіндер) оларды (олардың) абырой сақтағандарынан бай деп ойлайтын пақырларға беріңдер. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдарға жабысып сұрамайды. Сендер не хайыр берсеңдар расында Аллаһ оны біледі.”“Бақара” сүресі, 273 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

“Олар мал сарып қылғанда, ысрап та қылмай, сараңдық та істемей, осы орталықта тұрады.” “Фұрқан” сүресі, 67 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

“Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын.” “Зәрйат”) сүресі, 56-57 аят.

Бұл тарауға жататын хадистер жайлы айтатын болсақ, онда олардың көбі алдыңғы екі тарауларда айтылып өтті, ал онда айтылмағандарға келесі хадистер жатады:

 

522. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Байлық дүниенің көбтігі емес, ақиқатында байлық - ол жан дүниеңнің (яғни көңліңнің) байлығы. Аль-Бухари, Муслим.

 

523. Хабар бойынша,Абдуллаһ бин Амр бин аль-Ас, оғларға Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Ислам дінін қабылдап, өзінің несібесіне жеткіліктісі[312] бұйырып және Аллаһтың қалауымен Оның бергеніне риза болған адам, мол табысқа кенеледі. Муслим.

 

524. Хабар бойынша,Хаким бин Хизам, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде мен Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бір нәрсе сұрадым да ол маған сұрағанымды берді, сосын мен одан тағы да сұрадым да ол маған сұрағанымды тағы да берді, сосын мен одан тағы да сұрадым, ол маған тағы да сұрағанымды беріп: “Иә Хакам, расында, бұл дүние (зат) көк әрі тәтті жеміс секілді: ол адамның жомарт кезінде оған игілік әкеледі де, ал өзінің нәпсісіне ергенге игілік әкелмейді және ол жеп тойына алмайтын адам секілді болады. Есіңде сақта жоғарғы қол төменгі қолдан жақсы[313]”, - деді.

Хаким сөзін былай жалғастырды:

Сонда мен: “Иә Аллаһтың елшісі, сені ақиқатпен Жібергеннің атымен ант етемін, осы дүниеден өткенімше сенен кейін ешкімнен ештеңе алмаймын!”, - дедім.

Сосын[314] былай делінеді: Бірде Абу Бакр, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, әскери олжадан оған тиесілісін ұсынған уақытта, ол оны алудан бас тартады. Осыдан кейін оны өзіне Омар, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, шақырып алып бір нәрсе бермекші болған кезінде, ол одан да оны алудан бас тартады, Сонда Омар: “Иә мұсылмандар, куә болыңдар, мен Хакимге олжадан оған тиесілі бөлігін ұсынғанымда ол алудан бас тартты”, - деді. Сонымен Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, кейін ол өле-өлгенше ешкімнен еш нәрсе алмай осы дүниеден өтті. Аль-Бухари, Муслим.

 

525. Хабар бойынша,Абу Бурда, Абу Муса аль-Ашъаридың, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деп айтқанын естіген:

Бірде біз алтауымыз[315] Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бірге жорыққа шықтық та, сонда біздің кезек-кезек мінген бір түйеміз болды. Сонда (жаяу жүргеннен) біздің табандарымыз желінді, менің де табаным желініп тырнақтарымнан айрылдым. Біз аяқтарымызды шүберекпен орадық, сондықтан бұл жорықтың аты “Зат ар-рика”[316] аталды.

Абу Бурда сөзін былай жалғастырды:

Сосын маған (айтқаны) жайлы өкініп: “Мен мұны артынан ол жайлы айтсын деп жасаған жоқпын!”, – деп, оның істеген амалдары жайлы сөз болуын қаламағанын байқатты. Аль-Бухари, Муслим.

 

526. Хабар бойынша,Амр бин Тағлиб, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде, Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ақша /не тұтқындарды/ жеткізген кезде ол оны біріне бір нәрсе беріп, ал енді біріне еш нәрсе бермей адамдардың арасында бөлді. Сосын оған еш нәрсе берілмегендер оны жазғырып жатқанын есітіп, ол алдымен Аллаһқа мақтаулар айтып, Оған шүкіршіліктер айтып, ал содан соң былай деді:

Содан соң: Аллаһтың атымен ант етемін мен біреуге бір нәрсе беремін де, басқаны құр қалдырамын, бірақта құр қалдырғандарыңды бергендерімнен артық жақсы көремін! Мен жүректеріңде кемшілік пен сабырсыздық (халь) барларыңа беремін, ал басқаларыңды, Аллаһтың жүректеріне салған игілігі мен байлығына сеніп тасырамын және солардың ішінде – Амр бин Таглиб (бар).

Амр бин Тағлиб, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол сөзін былай жалғастырады:

Аллаһтың атымен ант етемін, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұл сөздерін қызыл түйелерге де айырбастамас едім! Аль-Бухари.

Халь дегеніміз уайымдаудың ең ауырын айтады. Және бұл жайында – тынымсыздық деп те айтады.

 

527. Хабар бойынша,Хаким бин Хизам, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Жоғарыдағы қол төмендегі қолдан жақсы[317]. (Садақа беруді) өзіңнің қарамағыңдағы, кімді қамтамасыз етуге тиістісің солардан баста, ал садақаның жақсысы – ол молшылықтан (яғни бар кезінде) берілген садақа. Кім сұрамшылықтан өзін тыйуға ұмтылса, Аллаһ оған ешкімнен ештеңе сұрамайтын жағдайын жасайды, ал Аллаһтың өзіне бергенімен ғана қанағат ететіндерді, Аллаһ басқалардан мұңсыз етеді. Аль-Бухари, Муслим, бұл жерде аль-Бухаридің нұсқасы беріліп тұр, ал Муслимнің нұсқасы бұдан қысқа.

 

528. Хабар бойынша,Абу Абд ар-Рахман Муъавийи Абу Суфиан Сахара бин Харб, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Сұрамшылықта табандылық көрсетпеңдер, өйткені Аллаһтың атымен ант етемін, егер кімде-кім менен өзінің сұрамшылығымен менің бергім келмеген нәрсені беруіме мәжбір етсе, онда менің бергенім оған игілік әкелмейді! Муслим.

 

529. Хабар бойынша,Абу Абд ар-Рахман Ауф бин Малик аль-Ашджаъи, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде біз он /не тоғыз, не сегіз, не жеті/ кісі шамасында Аллаһтың елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бірге отырған кезімізде, ол бізге: “Сендер Аллаһтың елшісіне ант бересіңдер ме?”, - деді. Ал біз болсақ жуырда ғана оған ант берген болатынбыз, сондықтан: “Біз саған ант бергенбіз, иә Аллаһтың елшісі!”, - дедік. Бірақта ол тағы да: “Сендер Аллаһтың елшісіне ант бересіңдер ме?”, - деп сұрады. Сонда біз: “Біз саған ант бермеп пе едік, иә Аллаһтың елшісі, енді не жайында ант берейік?”, - деп қолдарымызды оған соза бастадық. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: “Аллаһқа ғана құлшылық етіп, одан басқа ешкімге құлшылық етпеуге, бес уақыт намаз оқуға, толығымен бойұсынуға”, - деді де, содан кейін сыбырлап: “Және адамдардан еш нәрсе сұрамауға!”, - деді. Сосын мен осыны естігендердің кейбіреуінің, қамшысын түсіріп алып, бірақта ешқашан[318] оны көтеріп беруін ешкімнен сұрамайтынын көрдім. Муслим.

 

530. Хабар бойынша,Ибн Омар, оларға Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Сендерден кез-келгендерің адамдардан ерсілі-қарсылы сұрай бергендерің, Аллаһты, бетінде бір түйір еті болмай кездестреді[319]. Аль-Бухари, Муслим.

 

531. Хабар бойынша,Абдуллаһө бин Омар, оларға Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде мінберден хұтпа айтып тұрған Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, садақа және ұстамдылық жайлы айтып тұрып сөзінің арасында: "Жоғарыдағы қол төменгі қолдан жақсы. Жоғарыдағы қол ол беруші қол да, ал төмендегі қол ол алушы қол”, - деп айтты. Аль-Бухари, Муслим.

532. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Расында, адамдардан өзінің дүниесін көбейту үшін сұрайтындар, өздеріне қызып тұрған шоқ сұрап жатыр: сондақтан ол өзіне көбірек, не азырақ алуға тырыссын[320]. Муслим.

 

533. Хабар бойынша,Самур бин Жундуб, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Расында, сұрау адамның өзінің бетінде өзі тырнаған сызат[321] секілді, егерде ол басқарушыдан сұрамаса не болмаса одан басқа шарасы қалмаса.Ат-Тирмизи “жақсы хадис”, деп келтіреді.

534. Хабар бойынша,Ибн Масъуд, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Адам өзінің мұқтажынан ешқашан құтыла алмайды егер ол адамдардан көмек сұрайтын болса, ал егер кім Аллаһтан сұрайтын болса, онда Аллаһ ерте ме еш пе оның ризығын жібереді. Абу Дауд, ат-Тирмизи “жақсы хадис”, деп келтіреді.

 

535. Хабар бойынша,Саубан, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: “Мен оның Жәннәтқа кіруіне кепіл болуым үшін, кім маған адамдардардан еш нәрсе сұрамайтындығына кепіл бола алады?”, - деп сұрады, сонда мен: “Мен!”, - дедім.

Артынан расында ол ешкімнен еш нәрсе сұрамады, делінеді. Бұл хадисті Абу Дауд сенімді иснадпен келтіреді.

 

536. Хабар бойынша,Абу Башр Қабиса бин аль-Мухарик, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде мен біреудің төлемін өтеуді мойныма алдым да, Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келіп төлемді өтеуде көмектесуін сұрадым. Сонда ол: “Осында бізге садақаны жеткізгенше тұра-тұр, сол кезде саған сенің сұрағаныңды бергіздіреміз, - деді де сосын былай деді: “Иә Қабиса, үш (түрлі) адамға ғана сұраушылық рұқсат етілген, олар: өзінің мойнына төлемді өтеуді жүктегенге, - мұндай адамға төлемді өтеу үшін сұрауға болады, бірақ содан соң ол (мұндай сұраудан, не істен) тартынуы керек; бүкіл дүниесіне опат әкелген қайғысы бар адамға – мұндай адамға күн көруі үшін сұрауға болады; ең соңғысы кедейленгені соншама, оның ақыл есі дұрыс үш руласы: “Мынау пақырлыққа дейін (тым) кедейленіпті!”, - десе – сол адамға күнін көру үшін сұрауға болады, ал бұдан басқа бүкіл сұраушылыққа рұқсат жоқ, ал кімде-кім осындай сұраумен бір нәрсе алса, онда ол тыйым салынған (харам) нәрсені алды!” Муслим.

 

537. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Адамдарды аралап бір-екі бөлік тамақ, не бір-екі құрма алған кедей емес, шындығында кедей – ол адамдардан сұрауға мұқтаж бола тұрып, бірақ адамдар оның мұқтаж екенін ол сұрамағандықтан білмейтін адам. Аль-Бухари, Муслим.

 

 

ТАРАУ

Адамға өзі сұрамай және оны алуға ұмтылмай келген нәрсені алуға болатындығы жайлы.

 

538. Хабар бойынша,Салим бин Абдуллаһ бин Омар өзінің әкесі Абдуллаһ бин Омардан әкесі Омардың, оларға Аллаһтың ризашылығы болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Аллаһтың елшісі маған жиі силықтар беріп тұратын да, мен: “Бұны осыған менен гөрі мұқтаждарға бер”, - дейтінмін, бірақта ол бір жолы былай деді: “Бұны ал. Егер саған осы дүниеден сен оны сұрамаай, сенің қалауыңсыз бір нәрсе тиетін болса, онда сен оны ал да иемден, сосын қаласаң оны кәдеңе жарат, ал қаласаң садақа ретінде мұқтаждарға тарат, ал бұдан басқаның бәріне ұмтылма[322]!”

Сәлим сөзін былай жалғастырды:

Содан соң Абдуллаһ бин Омар ешкімнен ештеңе сұрамайтын да, ал оған сыйлаған нәрседен бас тартпайтын. Аль-Бухари, Муслим.

 

 

ТАРАУ

Ешкімнен сұрамай өз еңбегімен табыс тауып өмір сүруге ұмтылдыру және сыйлық алуға ұмтылмау жайлы.

 

Аллаһ Тағала айтты:

«Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Аллаһтың мәрхеметінен несібе іздеңдер…»«Жұма» сүресі, 10 аят.

539. Хабар бойынша,Абу Абдуллаһ аз-Зубайр бин аль-Аууама, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Расында, сендерден кез келгеніңе арқан алып, тауға барып иығында отын көтеріп келіп, базарда сатып, сол арқылы Аллаһ оны мұқтаж қылмағаны, оған бірі беріп, ал екіншісі бермейтін адамдардан сұрағаннан артығырақ! Аль-Бухари.

 

540. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Расында, сендерден кез-келгеніңе бір бау отын шауып, оны арқасына көтеріп келгенің, бірі беріп, ал екіншісі бермейтін адамдардан сұрағаннан артығырақ! Аль-Бухари, Муслим.

 

541. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Дауд (пайғамбар) оған Аллаһтың сәлемі болсын, тек қана қолымен жасап (сатқанымен) ғана тамақтанған. Аль-Бухари.

542. Хабар бойынша,Абу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Закария, оған Аллаһтың сәлемі болсын, ағаш ұстасы болған. Муслим.

 

543. Хабар бойынша,аль-Макдам бин Маъдикариб, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Өзінің қолымен жасап тапқанымен жеген тамақтан артық тамақты ешкім жеген емес, Аллаһтың пайғамбары Дауд, оған Аллаһтың сәлемі болсын тек қана қолымен жасап (сатқанымен) ғана тамақтанған. Аль-Бухари.

 

 

ТАРАУ

Жомарттық, кең пейілділік және Аллаһ Тағаланың уәдесінің ақиқаттығына сеніп, сауабты істерге қаржы жұмсау жайында.

 

Аллаһ Тағала айтты:

«…Тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Аллаһ? Тағы есесін береді…»«Сәбә» сүресі, 39 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

«…Нендей хайыр берсеңдер де сонда өздерің үшін; Аллаһтың ризалығын тілеп қана берсеңдер, Аллаһ жолында беретін хайыр өздеріңе толық төленеді әрі сендерге әділсіздік етілмейді.» «Бақара» сүресі, 272 аят.

Аллаһ Тағала айтты:

«…Сендер не хайыр берсеңдер, расында Алла оны біледі. » «Бақара» сүресі, 273 аят.

544. Хабар бойынша,Ибн Масъуд, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Адамдардың екі түрлі қасиетіне ғана қызығуға болады, олар: Аллаһ оларға көп байлық беріп, оны дұрыс жолға соңына дейін жұмсағандар және Аллаһ оларға көп білім (ақыл) беріп онымен басшылық еткендер және оны басқаларға үйреткендер. Аль-Бухари, Муслим.

Бұл дегеніміз, осы екі қасиеттен басқа еш нәрсеге қызығуға болмайды деген сөз.

 

545. Хабар бойынша,Ибн Масъуд, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай деді:

Бірде Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдардан: “Сендерден қайсыларың өзінің мұрагерінің байлығын, өзінің байлығынан артық жақсы көреді?”, - деп сұрады. Олар: “Біздің арамызда өзінің байлығын артық жақсы көрмейтіндер жоқ”, - деді. Сонда ол: “Расында, (түбінде) сендердің байлықтарың болып (Аллаһ жолында) жаратқандарың (не қолданғандарың) болады, ал (жаратпай) қалдырғандарың, мұрагарлеріңнің байлығы!”, - деді. Аль-Бухари.







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.