Здавалка
Главная | Обратная связь

ОБ ЭМОТИВНОСТИ ПОЭЗИИ Н. РУБЦОВА 2 страница



Жазушының идеясының даму динамикасының бастау алар тұсы, дағдарысы, әлсіреуі, шарықтау шегі болатыны да шартты құбылыс. Адамзат өміріндегі болмыс пен табиғат арасында, адам мен жануар арасындағы қарама-қайшылық немесе бірігіп, біртұтас мәнде болуы да терең ойға жетелейді.

Марат Қабанбай шығармашылығындағы «Кентавр» немесе «Кісікиік» ұғымы үлкен мәнге ие. Қазақ әдебиетінде Кентавр образын автор алғаш рет сөз еткен. Шығармашылығындағы бұл ой, бұл тақырып, бұл идея әу бастан-ақ оқырманға жиі ұшырасады. Қаламгер, әсіресе, 1997-1998 жылдарда бірнеше мақалалар жазды. Өмірінің соңына қарай қолына алған «Кентавр» романы аяқталмай қалған. «Кентавр» – қандай ұғым ? Алдымен соған тоқталып көрейік.

Кентавр – көне гректер ойлап тапқан мифтік образ. Көне дүниені зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, гректер бұл образды ежелгі түркілерге қарап отырып ойлап тапқан деседі. Ат үстінен түспеген түркілер көне гректерге ат үстінде ұйықтайтын қысқасы, атпен бірге жаратылғандай боп көрінген ғой. Кентаврлардың бойындағы буырқанған бұла күшті, қайрат-жігерді, еркіндікті, шалттықты, асаулықты дәл берумен қатар, олардың алауыздықтарын, аңғалдығын, басы бірікпегенін, бірін-бірі аямағанын да көрсетеді /1/. Бұл – Арнольд Бэклиннің «Кентаврлар шайқасы» атты суретінің (1873 ж.с.) түсіндірмесі.

Марат Қабанбай шығармашылығындағы «Кентавр» түсінігі белгілі бір жүйемен дамып отырған, ауқымы кең. Ұғымның өткені мен бүгіні және болашағы туралы дәлелді пікір, тұжырымды ой айтқан. Аталмыш образға автордың аса үлкен дайындықпен келгеніне баспасөздегі мақалалары, прозадағы шығармалары дәлел бола алады.

Түркілер тарихында, дәлірек айтқанда ата-баба тарихында адам мен ат бірін-бірінсіз өмір сүре алмады, бірін-бірі толықтырды. Атқа құрық салып, бас үйретіп, қарғып мініп, көшпеліге айналды. Аттылы адам мен жаяу адамның айырмашылығы, олардың ойлау жүйесі мен ақылы, қиялы, тарихта қалдырар мұрасы әрине бөлек болмақ. Аттылы мен жаяу тіршіліктің соқпағы әлі күнге дейін бірін-бірі қуалап келе жатыр. Мұны да қаламгер қалт жібермейді: «Аттылы жаяудан 1,5 кез биік. Қызық болғанда, осы екі ара екеуін тіршіліктің, ойдың қай түрінен болсын, космостық қашықтыққа бөліп тастады» /2/. Ат, соқа соңындағы отырықшы биіктігі қырық кез сарайларды сәндеп соқса да, қырық құлаштық қисса тудыра алмады, ал итарқа күркесін «кең сарайдай боз үйім» деп бөсетін салт атты қазақ 150 томдық фольклорды, көрші қырғыз қалыңдығы кісі өлтіретін «Манасты», бір уыс қалмақ «Гэсерді» ғасырлардың аңызақ ыстық желінің өтінде көздері қан мен жасқа тола қарлығып тұрып жырлады.

«Тарих баба былай дейді...

...Иран мен Тұран жеңісе алмай, бір-біріне табан тіреп жатып алған, ертегілер әлі айтылмаған, әлмисақтан да арғы бір заман екен. Сәл қулау, пәл пұлдылау Иран әманда ержүрек гректерді жалдап, шептің қақ ортасына, ең сойқан қырғынға соларды сайлап салады. Екі жақ та атты әскер дегенді білмейді, жаяу соғысады. Тұран да тоқалдан туған жоқ, сақ, скиф секілді туыстарын соғысқа тартады.

Күндердің күні екі армия бетпе-бет келіп, армансыз шайналысады. Грек – алда, парсы – соңда, Тұранды таптап барады... Кенет қайдан шыққаны белгісіз, төрт тұяқты, қыл құйрықты, ат денелі, адам басты бір құбыжықтар құйғытып шауып келіп, парсы, гректерге жебені жаңбырша жаудырады да, жалт беріп, кейін ысырылады. Шетінен шапса семсер, лақтырса найза дарытпайтын, ұшқыр да әбжіл пәлекеттер. Бас жиғанша қайта оралып, сіресіп тұрған гректерге бұғалық тастап, тулақтайын дырылдатып сүйретіп әкете барады. Мұндай ат, әрі адам тажалды көрмеген гректер тым-тырақай қашады. Парсы жер болып жеңіледі.

Ертеңінде әскери сот болады.

– Уа, ержүрек гректер! – деп ышқынады парсы трибунал. Біз сендерді дорба-дорба динарға жалдап ек. Кешегілерің не масқара?! Не қара басты сендерді, Зевс құдайдың қаһарман перзенттері?! Енді, міне, сендерді өлім жазасына кесейік деп тұрмыз...

Үсті-басы салтақ-салтақ қан мен шаң қарт грек қолбасы алға шығады.

– Тірі пендеден шегініп көрмеппіз. Кеше де Тұранмен қылыш жүзінде қатқыл сөйлесетін ек. Бірақ бізге адам емес, жарты құдайлар шапты. Ал, гректер құдайлармен соғыспайды, – деп көзелің кеудесін керіп тұр.

Парсылар у да шу.

- Мынау не деп көкіп тұр-ей, өзі?!

- Қайдағы құдай?

- Кеше құдайды көрсек көзіміз шықсын!

- Гректер де берілмейді.

- Адам басты, ат денелілер құдай емей немене?

- Бүтін болмаса да, жарты құдай! /3/ – деп «Кентавриада» атты мақаласында кентавр образы жөнінде кең ұғым, мол түсінік береді.

Гректер осылайша кешіріледі. Ал, адам басты, ат денелілер «кентаврлар» деп аталынып кетеді. Кентаврлар жойқын күш иесі, әрі адуын, аңғалдау кейіпте грек мифологиясына қайтып шықпастай болып кіреді. Марат Қабанбай «Кентавр» романында баспасөз беттеріндегі түрлі ойларын жинақтаған сияқты. Автор қазақтың ұлттық даму танымының басқаға еш ұқсамайтын кісікиіктік-кентаврлық жатқандығын сөз етеді.

Жазушы американдық Дж. Алдаиктің «Кентавр» романын оқыған. Суретшілердің полотноларындағы кентаврлардың бейнесін көрген. Марат Қабанбай түркілерді кентаврға теңеуінің себебіне үңіледі. Жалпы, жер бетіндегі әр зат, құбылыс кентаврдың бойындағы қарама-қарсылығынан (адам-жануар) және тап осы екеуінің бірлігінен (адам+жануар) түзіледі. Әлем кентавризмге «буаз». Ең ұсақ микро бөлшек атомның өзі +сияқты қарсы зарядтардың қорасы. Ал, атом – микрокентавр, бұл дүниенің алтын кірпіші. Кентаврдың адам басы ми, Логос болса, ат денесі – қомағай қарын. Ол – тіршіліктің әзір үлгісі, пішімі, пошымы. Адами басы – ақыл, мәдениет, өркениет, есебі, рухани бөлегі, ат денесі – тұла бойымыздағы жануарлық дүлей инстинкттер. Осы екеуі ықылымнан бері бір Пенденің қаратұяғынан құйқасына дейін жеңісе алмай келе жатыр. Адами басы қаншалықты көк зеңгірді ойша кезіп, есепсіз бостандыққа ұмтылса да, боққарын жылқы дене бәрібір кеңірдегінен қылқындырып, еркіне жібермейтін диктатор, зорлықшыл. Бір денеде – әрі мәңгілік майдан, әрі мәңгілік бірігу!

Кентавр – адам бойындағы барлық жақсылық, жамандықтардың, рационалдық пен иррационалдықтың, үнем мен шашпалықтың, даналық пен есуастықтың жиынтығы. Екеуі бір-бірінсіз, жеке өмір сүре алмайды. Сонымен бірге қаламгер «Таңсәріде туған баллада» /4/ деген мақаласында қоғамның ащы тұстарын ашына жазады. Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау мақсатында ақын-жазушыларды еңбекші қауыммен қауыштыратын. Бұл жолы Ақтөбе облысына барғандығы турасында Марат Қабанбай ақын Өтежан Нұрғалиев және кезінде Жоғары Кеңесте қызмет істеген зейнеткер қарт – үшеуінің куә болған сапарын былай баяндайды: «Қазақтың Пушкині»: үшеуіміз бұдан былай кентаврға айналамыз, сондықтан кентаврдың қақшиған басы – «миы» мына мен болайын. Ал, анау қабан жал Жоғарғы Кеңесті сораптап көп сорған адам, кентаврдың бырқыраған боқ қарнын соған берейік. Сен, бала, кентаврдың алып кел де, шауып кел төрт сирағысың».

Бұл – қазақ қоғамының кентаврлық келбеті. Жазушы негізі ақынның өр тұлғалы болмысын, ақындығын жыр жинақтарын оқығаннан кейін былай дейді: «Ұққаным – өтекең тіпті де Пушкин емес, қазақтың алмас тілді Өтежан Нұрғалиеві екен. Және басы кетсе де, ақ, дал ісі жолында тілін тартпаған Махамбет атасындай-ақ бұ кісі ғұмыр бойы системемен, яғни Кеңеспен, оның Жазушылар одағындағы итаршыларымен сөзімен де, ісімен де, сырттай да, іштей де шайнасып келе жатқан күдіс жалды көкбөрі екен... Оның осы жүрісінің өзі көтеріліс, әлденеге шақыру! Біздей үшкір тілі мен ерекше жүріс-тұрысы – тұнып тұрған этнографиялық қазақ, кентаврлық соңғы сынық. Ежелгі ғұндар мен сақтардың грек мифологиясына асау да тарпаң, әрі дана кентавр болып кірген тірі моделі».

Әр жерде қылаң берген ой жазушыны роман жазуға итермеледі. Шығарма «Кентавр» (Қолжазбасында «Кісікиік» деп аталады) деп аталады. Роман «Аң ба, адам ба?» – деген сұрақтан басталады. Қазақтың сар даласы. Із кесу. Мұса, Азат, Елтай, академик, аспирант «УАЗикте» келе жатыр. Академик пен аспирант балбал тастарды, көне ескерткіштерді іздемекші. Алдымен Қозы мен Көрпештің моласы, біраздан соң Лениннің мүсіні. Автор мұны неге алып отыр? Себебі тарихтың терең қатпарлары көне ескерткіштерден бастау алады, одан батырлық, ғашықтық жырлар, кеңестік кезең және қазіргі уақыт... Автордың көзі қырағы. Мағжан-Ілияс... Қайта тірілтеді. 1937 жылдың құрбаны. Өзінің жүз жылдық мерейтойын тойлап жатыр деген соң, көруге келген. Ұрпақтар қандай шара жасап жатыр. Келгенімен ақынның өзін керек ете қоятын ешкім жоғын білгендей. Баяндау кейіпкер атынан: «Несіне келдің екен туған жеріңізге, ата! – деп тіс арасынан сыбырлап тұрғанын өзі де байқамай қалды...

Бұл өмірге тірі ақын емес, өлі ақын, оның өзі емес өлеңі ғана керек екенін, тірі көсем емес, оның әне, анау есік алдында күншығысқа қолын созып тұрған төрт метрлік гипс ескерткіші ғана керек екенін кім ұғыпты, кім біліпті – дүниенің қызығы да, шыжығы да осы ғой» /5/. Жазушы халқының не жағдайға түскенін өз көзімен көрсін деді. Ал, ақын сол өзіңің жаңадан ашылып жатқан ескерткішінің қасынан қайтадан тұтқындалып кете барды. Жазушы ұлт тағдырының қасіретін осы бір көріністе аша түседі.

Елтай «Айшылық алыс жолдан» таныс кейіпкер. Талантты жазушы, бірақ бақытсыз. Ешқандай жер жұмысқа алмайды. Жазушы өз ортасын, өз қоғамын жайлап бара жатқан рухани кеселдерді қалдырмай тұтас қамтып, Елтай жүрегінен өткізеді. Романда көптің арасында жүріп, жалғыздықтың жапасын шеккен, білім десең білімі, тазалық десең жан тазалығы, адамшылық даралығы бар Елтай жол таппай күйзеледі. Жазушылар арасы, редакциядағы жанталас, сыраханадағы өмір, наркодиспансердегі жанкүйзеліс – осының бәрін қатқыл, ащы талқыға түсіреді. Жазушы кейіпкерлерінің жан дүниесіне, ішкі әлеміне көп үңіледі, өмір шындығын философиялық оймен жеткізбекші болады, адам мен қоғамның арақатынасы, жеке адам және қоғам. Деталь пайдалануда ұлттық реңк, ұлттық бояуды ұмытпаған. «Қайран, шіркін, қазекемнің тымағы-ай!» – деп ақын Ілиястың ешкім танымасын деп көзіне дейін түсіріп киген тымағын кім екенін білуге құмарта, ынтықтыра суреттейді.

Қаламгер романда сюжеттік уақытты ұйымдастырудың әр түрлі әдістерін пайдаланған. Ретроспекция, яғни шегініс – ақын Абайдың өміріне, өлеңдеріне тоқталу, оқиғаның тарихы – кентавр тарихына кейіпкерлер пікірталасымен беру, кейіпкер түсі – екеуі де Елтай түсі. Алғашқы түсі, әр ұлттан құралған топ, Арктиканың шоқы төбесі, адамдар бір-біріне тіл қатпайды, үнсіз, бәрі тереңнен ау тартып жатыр. Бір сәтте құс қанатты сұлу қыз тура Елтайға қарап: «Мен сені он мың жыл тосқанмын», – дей бергенде ау қолдан шығып, қыз қайта жылымға кете барады. Бұл түсті достары – Қараулек, Серікке айтып отыр. Автор бұл түсті Серіктің жоруымен жауабын былай береді: «Ол періңіз не құпия сыры қойнында тарих анамыз ғой деп ойлаймын. Елтайға бір көрініп кетуі: «Есіңді жинап, етегіңді жиятын кез келді, қазағым! Аптықпай-саспай адам болатын заман туды» деп белгі беріп кеткені». Екінші түсі – үлкен қаланың ұзын-ұзын көшелері лықа толы машина. Аздан соң машиналар ағыны көз ілеспей тұтас темір ағынға айналып бара жатады. Адам атаулы үйді-үйге қашып кіріп, биік балкондардан демдерін іштен ала мына тасқынға бақырая қарап қалған. Одан машиналардың бәрі де бірінен кейін бірі үн-түнсіз аяқтары аспаннан келіп жатты. Ары қарай мылқау күңгірт қорқынышты дүние басталды... Қарап отырсақ, автор екі түсті де романның негізгі айтар ойына жетер баспалдақ ретінде пайдаланады. Шығарманың өн бойынан қазақ халқының өмірі туралы толғаныс білінеді. Осы бүгінге дейін басымыз адам секілді, құйрығымыз ат сияқты бірдеңе болып келді, ал сол кентаврдың бойында ұлы ойшылдар армандап келген үлкен символикалық мағына бар дейді. Ұлы ойшылдар ғасырлар бойы жер бетіндегі тіршілік иелері – адам мен жануарлар арасындағы бейбіт өмір сүрістен ұлы гармония, сәйкестік іздеп келген. Қаламгер ойын жинақтай келе «Кентавр – адам мен жануардың ең жақсы қасиеттерін бір бойына жинақтаушы ортақ образ» – дейді. Марат Қабанбайдан кейін қазақ әдебиетінде кентавр образын Асқар Алтай өзінің «Кентавр» әңгімесінде ойын ішкі психологиялық иіріммен көрсетеді. Асқар Алтай шығармасында жылқы тұрпатты, бірақ адам тұлғалы Басаралының дүниеге келуін күрделі жағдайда өрбітеді. Жазушы ядролық апат аймағында дүниеге келген кемтар бала өзінің осындай күйге ұшырағанына кінәліні іздеп, болашағынан үмітін үзген бала бейнесін емес, жылқы тұрпатына қарамастан айналасына зор сүйіспеншілікпен, сеніммен, болашағына үлкен мұратпен қараған жылқы-жігіт бейнесін жасаған. «Сар даланы сағына күткен тұрандық жылқы-адам осылайша қайта оралған еді» /6, 122/.

Жалпы, Марат Қабанбай баспасөздегі сұхбаттарында «Кентавр» романының жазылуы жөнінде мынадай пікірлер айтады. «Дидар» /7/ газетінде: «Кісікиік» романы – онда қазақтың тарих көшінен адасып қалып қойғанын философиялық сипатта көрсетпекпін, – десе, «ZAMAN-Қазақстан» /8/ газетінде: «Кісікиік» деген роман жазып жүр едім. Ат пен адамнан тұратын кентавр қазақтың бүгіні туралы... Мына заман киіп кетіп, қолыма журналистік қаламды ұстата қойды, – деп өкінішін жасырмайды.

Жазушы романына қазақ халқының тағдыры арқау болған. «Кентавр» романында романтикалық сипаттағы, күрделі тағдырлы кейіпкерлерді көрсету, оларды қиын жағдайда сынақтан өткізу, характердің психологиялық ахуалын баяндаудағы драматизм мен экспрессия ерекше сезіледі.

Айқындаушы сәттің мағыналы қабаттары көп. Роман аяқталмаса да қаламгер өзінің айтар негізгі ойын шығарма соңындағы абзацтардан байқауға болады: «Қолына бүктелген қағазды ұстатты. Көзіне жас толып кетті ме, қағаздағы ірі-ірі жазулар су астына батып бара жатқандай тым бұлдырланып көрінді. «Елтай, жағдай осылай болды, қайтеміз. Қазақтың басына келген пәле-жала менімен бірге кетсін деп тілеймін. Ақыретте кездескенше қош...» – Е, Қареке, Қареке!»

Қазақ халқын кентаврдың асаулығына, ақылдылығына, даналығына теңеп, «Кентавр» образы біздің өткеніміз ғана емес, ол біздің болашағымыз деп сенеді: «Батыс пен Шығыстың нәрлі емшегіне мойнын қаншама ғасыр созса да, жеткізе алмай ындыны кепкен қазекем сонда грек мифологиясындағы адам басты, жылқы денелі әйгілі кентаврға айналып, өз топырағында туған жаңа Геракл, Алпамыстарды да тәрбиелеп шығарар /9, 159/.

Қорыта айтқанда, «Кентавр» образы Марат шығармашылығында елеулі орын алады. Мақала соңын автордың өз сөзімен аяқтасақ: «Келесі ғасыр – Еш талассыз! Кентаврлар ғасыры!»

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Қазақ әдебиеті. 22-маусым. – 2001.

2 Ана тілі. 27-наурыз. – 1997.

3 Ана тілі. 20-тамыз. – 1998.

4 Ана тілі. 25-сәуір. – 1997.

5 Таң-Шолпан. – №3. – 2004.

6 Алтай А. Қыр мен қала хикаялары. – Алматы: Санат, 1998.

7 Дидар. 25- қазан. – 1996.

8 ZAMAN-Қазақстан. 27-желтоқсан. – 1996.

9 Қабанбай М. Қазақ, қайда барасың? – Алматы, 1995.

 

ТҮЙІНДЕМЕ

Аталған мақалада Марат Қабанбай шығармаларындағы «Кентавр» образы туралы сөз қозғалады.

 

РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается образ Кентавра в произведениях М. Кабанбая.


АКАДЕМИК С. ҚАСҚАБАСОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГТІК МЕКТЕБІ

 

Пірәлиева Г.Ж. – ф.ғ.д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

 

ҚР ҰҒА -ның академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ф.ғ.д., профессор, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, көрнекті фольклортанушы ғалым Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың ғылыми мектебі, педагогтық қыры жөнінде әңгіме әзірге қозғала қойған жоқ. Бүгінгі әңгіме ғалымның осы қыры жайында болмақ.

Табиғатынан талапты, ізденімпаз, әрдайым білсем деген құштарлықтың құшағында жүретін Сейіт Асқарұлы студент шағынан бастап ғылыми жұмыстарға белсене атсалысты. Қазақтың тұңғыш білім ордасы саналған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық университеті) тарих-филология факультетінде жүріп, фольклортанушы ғалым Н.С. Смирнова жетекшілік ететін халық арасындағы көне әдеби мұралаларды жинау, зерттеумен айналысатын ғылыми ортаға түскен ізденімпаз жас халық ауыз әдебиетіне мамандана бастайды. Ұстаздарының тәлімгерлік-педагогтік қасиетін жанында жүріп, тоқи білген ол есейе өзі де ғылыми жұмыстармен бірге жастарды білімге, ғылымға баулуды басты мақсаты деп білді. Ұстазы Н.С. Смирновамен бірге бірнеше ғылыми мақалалар жазып,қазақтың халық ауыз әдебиетінің тарихына, теориясына, әсіресе бұрындары зерттелінбей жатқан прозалық ертегі жанрының ерекшеліктері мен көркемдік әлеміне терең мән беріп, осы тақырып төңірегінде тынымсыз ізденеді. Алғашқы мақаласын 5 курста жазып, арнайы журналда жариялаған жас тынымсыз талпынудың нәтижесінде 1964 жылы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына қабылданады. Оны үздік бітіріп, қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін зерттеп, 1969 жылы «Казахская волшебная сказка» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.1989 жылы М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.

Осыдан соң-ақ, ғалымның фольклортанушы ғана емес бүкіл қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелеріне қатысты құнды ғылыми тұжырымдары мен теориялық еңбектері әдеби-ғылыми ортада жылы қабылданып жатты. Осы ретте оның айтылмай жүрген қыры- қазақ фольклортану ғылымында осы күнге дейін қалыптастырып үлгерген ғылыми мектебі мен студент жастардан бастап ізденуші магистранттарға,аспиранттарға жүйелі түрде арнайы мақсатпен дәріс оқуы және бірнеше кандидаттық, докторлық диссертацияларға жетекшілік жасауы дер едік. Сондай-ақ, талай талапты жастардың ғылымдағы тұсауын кесіп, ірі ғылыми жолға бағыттап отыруы нағыз ұстазға тән қадірлі қасиет. Көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз С. Қасқабасовтың дәрісін ізденушілері-шалқар шабыттың шығармашылық көрінісі,терең теориялық білімнің қайнары, әлемдік деңгейдегі ғылыми ақпараттың ағыны деп есептейді. Кезінде Ресейдегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының студенті әрі тыңдаушысы, үлкен білім ордасының талантты түлегі – бүгінде сол әлемдік деңгейдегі ірі мектептің білгір маманы ретінде әлі күнге дейін түрлі ғылыми-теориялық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келеді. Талантты ғалым С. Қасқабасовтың өз білгенін бәсекеге бейім бүгінгі жастарға үйретуге, ол үшін өзінің уақыты мен күш-жігерін аямайтын адал ұстаздық қасиеті қашанда құрметке ие.Оның әмбебаптық білімі, қоғамдық ғылымдар саласындағы жүйелі білімі, өз мамандығы мен шәкірттеріне деген адалдығы кімді де сүйсінтеді. Ғылымға келген күннен бастап республикамыздың бірнеше ЖОО-да ұстаздық еткен профессор С. Қасқабасов фольклортанушы, әдебиеттанушы ретінде шәкірттердің бірнеше буындарын тәрбиелеп шығарды. Оларға қазақ фольклористикасынан арнаулы курс бойынша дәріс оқыды.Оның әрбір сабағы тың ғылыми жаңалықтарға толы, теориялық білімге бай, құнды әдеби-ғылыми мәліметтерге мол болып, шәкірттерін үнемі шабыттандырып, тыңдаушыларының ізденуге деген құштарлықтарын арттырып отырды. Ұстаздың өзіне тән әдістемелік-педагогикалық тәсілдері болды. Ол ең біріншіден, шәкірттерінен тәртіпті, сабаққа уақтысында келуді, кешікпеуді, тапсырманы мүлтіксіз әрі шығармашылықпен орындауды талап етті. Тәртіп бар жерде ғана табыс бар екендігін ескертуді ұмытпайтын. Сонсын, таңдаған мамандығына,ғылымға адал болмай ешқандай жұмыстың жемісі болмайтындығын бірінші күннен талап ететін-ді. Өз пәніне, шәкірттеріне деген адалдық пен тынымсыз іздену, талап қоюшылық ұстазды да талай табыстарға жетелеп, абыройға бөледі.

Шәкірт тәрбиелеуді, ұлтты, оның жас ұрпағын, әсіресе жас ғалымдарды, қазақ ғылымын тәрбиелеу деп ұққан ұстаз мұғалімдік мамандықты мемлекеттік міндет, өз елінің алдындағы перзенттік парызы деп ұқты. Сондықтан мемлекетіміздің ертеңін, еліміздің болашақ мамандарын, мемлекет қызметкерлерін даярлаудағы міндетін абыроймен атқаруды жөн деп ұқты.

Осы орайда мына бір әңгіме еске оралады. Бір әмірші Әбу Насыр әл-Фарабиден: «Менің мемлекетімнің ертеңі туралы не айтар едің?» – деп сұрапты. Сонда әл-Фараби: «Сен маған өзіңнің жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен. Ұлы данышпан бабамыз айтқандай қай кезеңде де болашақтың қожасы жастар болған. Не шықса да,солардан шығатынын жақсы ұққан ұстаз С.Қасқабасов, әсіресе ауылдан келген бойларында ұлттық рухтары бар, халықтың ауыз әдебиетін, сөз өнерін ана сүті арқылы еміп, емін-еркін игеріп келген қара домалақ қазақтың қыздары мен балаларын баулуды мұрат тұтты. Сол мақсатта еңбек етті. Еңбек жеміссіз емес екендігін бүгінде ғылымда жүрген шәкірттер шоғының көптігі дәлелдейді.







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.