Здавалка
Главная | Обратная связь

ОБ ЭМОТИВНОСТИ ПОЭЗИИ Н. РУБЦОВА 3 страница



Шексіз үміт пен үлкен идеялармен қанаттанған қайраты мол, екпіні қатты жас толқын қашанда тоғышарлық пен бойкүйездікке бой алдырмағаны белгілі. Сергек те сезімталдық қасиетті бойларына дарытқан жастар өздеріне жүктелген қасиетті міндеттің ауырлығын, жауапкершілігін ешқашан естерінен шығармаған. Сондықтан да ұлттық мәселелердің өздерінсіз өз шешімін таппайтынына сенімді жастар қай салада болсын көшбасында болуды мұрат тұтады.

Халқымыздың тарихында да, кешегі желтоқсан оқиғасында да көш бастап, ұлттық мәселе жолында өздерін құрбандыққа шалған жас ұрпақ өкілдері С.Қасқабасовтың күнделікті көз алдында өсіп, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.

Сондай ертеңгі өмірге деген іңкәр сезімдері мен үкілі үміттері мол, кеше ғана ауылдық мектептерді бітіріп,арман арқалап, Алматыдағы қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түскен жауқазын қыздар төрт жылдың ішінде тым тәуір білім алып, мемлекетіміздің ертеңін елестете алатындай әсерге бөлейді. Ауылдан білім аңсап, бүкіл күш-жігерін соған жұмсаған қыздардың арасында жоғары оқу орны талап ететін бакалаврлық біліммен қатар ғылыми жұмыстарға да белсене атсалысып, мерзімді баспасөздерге зерттеу жұмыстары жарияланып жүргендері де баршылық. Міне, осы арада жастарды ғылыми жұмысқа баули білетін, олардың ізденіске деген құштарлығын оята білу де ілудегі бір ұстаздардың ғана қолынан келетін қасиет. Біз білетін ұстаздардың ішінде осы қасиет дарыған, өзінің табиғатында тәлімгерлік таланты бар кісінің бірі де – Сейіт Асқарұлы Қасқабасов.

Өзінің ғылыми ірі жобалық жұмыстарына қоса педагогикалық қызметті үнемі қоса алып жүретін ҚР ҰҒА-ның академигі, ұлттық фольклортану ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бірнеше жылдар бойы магистранттар мен аспиранттарға жүйелі түрде фольклортану ғылымынан дәріс жүргізді.

«Әдебиеттану мен фольклортанудың өзекті мәселелері», Фольклордың теориясы мен тарихылығы» т.б сынды пәндерді жүргізген ол шәкірттеріне өте қатал, талапшыл болды. Өзіне белгіленген уақыттан тыс та ақыл-кеңестер беріп, үнемі жазған конспектілерін ерінбей қадағалап, тексеріп, қалай жазу керек, нені назарға алу керек, әдебиеттерді қалай екшеп, талғаммен танып алу керек, кімдерді оқу керек, ғылымды қалай жүйелеп, қалай жазу керек т.б. деген сияқты таусылмайтын сауалдарға сағаттап студенттермен бірге жауап іздейтін ұстаз өзінің де тынымсыз ізденімпаз зерттеуші екендігін аңғартты. Және ғылымға келген адамның адал, адами қасиетінің жоғары болуын, да қатаң қадағалап, ізденушілерден талап ете білді. Білім жолына түскен жастың бірінші күннен күнделікті күйбең тіршіліктен биік болуын, пайданы емес, парасаттылықты пайымдау керектігін және оларға «бұл дүние мен ол дүниенің жақсылығы –ғылымда, бұл дүние мен о дүниенің жамандығы-надандықта» екендігін үнемі ескертіп отырды. Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағаласақ, жастардың, жалпы адам баласының басына қонған бақыттың тұрақты болуы да жақсы мінез бен терең білімге байланысты екендігін үнемі өзіне мұрат тұтқан ғалым шәкірттеріне де осы уағызды насихаттап отыруды міндеті санаған сыңайлы..

Жапонияда әр ұстаз шәкіртімен 3-4 сағат бойы үзіліссіз жұмыс жасайды екен. Тап сол әдіспен жұмыс жүргізетін көрнекті ғалым Сейіт Асқарұлының көп шәкірттері бүгінде фольклортану ғылымының кандидаттары. 2006-2008 жылдардағы институт магистранттары Гүлнұр Бейсенбаева, Назым Салихараева т.б ұстаздарының өте жауапкершілігіне, талапшылдығына дән риза екендіктерін үнемі айтып отырады. Біз бұл мазмұндағы әңгімені көрнекті ғалымның өз ізденушілерінен де, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы фольклортану бөлімінің қызметкерлерінен, сол кісінің жетекшілігімен қорғаған шәкірттерінен, бірге қызметтес болған әріптестерінен де естиміз. Қалай болған да да талап барда, жастардың келешегіне деген жауапкершілік бар жерде жұмыстың жемісті жүргізілері хақ.

Қазіргі қазақ фольклортану ғылымының дамуы мен зерттелуі, ұлттық фольклортанушы ғалымдардың мектебін қалыптастыру мәселесі де ұлағатты ұстаз С.Қасқабасовтың есімімен тығыз байланысты. Өйткені, төл тарихымыздың әр түрлі кезеңдеріндегі сөз өнерін гуманитарлық ғылымдардың басқа салаларымен сабақтастыра зерттеуге зер салған ғалымның ғылыми-теориялық еңбектерін бүгінде барлық жоғары оқу орындарында арнаулы пән оқулықтары ретінде пайдаланады. Ғылыми еңбектің нәтижелілігінің өзі - оны мектеп және ЖОО орындарында арнаулы кәсіби мамандардың күнделікті қажеттілігіне,яғни оқу құралына айналдырып, рухани айналымына ендіру емес пе?

Осы ретте ғалымның ғылыми ізденістерінің тереңдігін танытатын ірі монографиялық зерттеулері мен ұлттық фольклортану ғылымының күрделі теориялық мәселелеріне арналған еңбектері педагогика саласына да сүбелі үлес қосып келеді. Ортағасырлық әдебиет тарихы бойынша маманданған ғалымның ұлттық сөз өнерінің, оның ішінде халық ауыз әдебиеті мен фольклортану ғылымының теориясы мен тарихы, оның сан алуан ғылыми бағыттары мен көркемдік категорияларын қарастырған 300-ден астам ғылыми зерттеулері жарық көрген. Сондай-ақ, фольклор, әдебиет және өнер мәселелері жөніндегі 10-нан астам монографиялық еңбектің, атап айтар болсақ, 2000 жылы екі томдық «Золотая жила» атты еңбегі, 2002 жылы «Жаназық», 2008 жылы «Елзерде», 2009 жылы «Ой өріс» т.б. зерттеулері жарық көріп, әдебиет сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Әсіресе, республикамыздағы ЖОО-дағы филология факультеттерінің пән оқытушылары мен студенттерінің оқу құралдарына айналғаны анық. Зерттеушінің ұлттық құндылықтарды зерттеп, насихаттаудағы ұзақ жылғы еңбегі мен халқымыздың мүддесі жолындағы табанды да адал қызметі жоғары бағаланып, мемлекет тарапынан арнайы сыйлықтарға ие болды. Атап айтар болсақ, «Қазақ халық прозасы» монографиясы үшін 1986 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы ҚР ҰҒА сыйлығына, ал 1992 жылы «Казахская несказочная проза» монографиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болса, 1996 жылы Жамбыл атындағы, 2003 жылы Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды.

Ұлттық әдебиеттану ғылымында қазақ халқының бүкіл прозалық фольклорын, оның туу, қалыптасу, даму кезеңдерін айқындап, жанрлық ерекшеліктері мен поэтикалық әлемін ұзақ жылдар бойы зерттеп, мамандығы мен тақырыбына деген адалдығын таныта білген зерттеуші-ұстаз өз білгендерін үнемі шәкірттеріне үйретуден жалықпаған. Өзінің ғылыми идеяларын жүзеге асыру мақсатында шәкірттерін жүйелі ғылыми бағыттар бойынша тәрбиелеп, прозалық фольклордың алғашқы қауымдағы мифтерінен бастап, оның барлық көркем жанрларының көркемдік әлемінің қырларын, фольклортанудың бұрындары зерттелмей келген кезеңдерін т.б ізденушілеріне тақырып етіп бере отырып, үлкен ғылыми мектеп қалыптастыра білді. Оның нақты дәлелі ретінде ғалымның ғылыми жетекшілігімен фольклортану, мәтінтану, әдебиеттану және өнертанудың көкейтесті мәселелері бойынша 11 докторлық, 25 кандидаттық диссертация қорғалғандығын атап айтуға болады. Бірнеше жылдар бойы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.53.34.01 Диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде де республикамыздың барлық ЖОО орындарына әдебиеттану, фольклортану, салыстырмалы әдебиет, қазақ әдебиеті т.б мамандықтары бойынша кандидаттар мен докторлар дайындап келеді.

Академик С. Қасқабасов жетекшілігімен тәуелсіз еліміздің әдеби-мәдени мұралары қайта зерттеліп, 10 томдық көлемде «Қазақ әдебиетінің тарихы» жазылып, жарияланды. Осы он томдық тарихтың С. Қасқабасовтың тікелей жетекшілігімен 1 том жазылды. Онда қазақ фольклорының тарихы мен теориясы жаңаша пайымдалды, жаңаша зерттелді.

Республикамыз ғана емес шет елдерге де белгілі фольклортанушы-ғалым С.Қасқабасовтың фольклор, әдебиет, өнер, этнография, мәтінтану, аударма және лексикография т.б. салаларындағы сүбелі еңбектері студент қауымына да жақсы таныс.

Фольклортанушы ғалым еліміздің жалпы білім беретін мектептері мен жоғары оқу орындарында да еңбек етіп, бүгінгі мемлекетіміз міндет етіп отырған нарықтық заманның бәсекеге бейім, әлемдік білім деңгейін меңгерген, зиялы ұлт қалыптастыруға да өз үлесін қосып келеді. Айталық, көрнекті ғалым С.Қасқабасов бірнеше жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне қазақ фольклорынан дәрістер оқып, практикалық сабақтар, арнайы семинарлар өткізеді.

Мемлекеттің ертеңі болар жастарға деген қамқорлықты білікті басшы әрі білгір ғалым С.Қасқабасов рухани құндылықтарды насихаттайтын халқымыздың әдеби, мәдени мұралары жөнінде жазылған ғылыми зерттеулерді ЖОО–ның кітапхана қорына сыйға тарту арқылы да танытып отырады. Оған 2009 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты кітапханасының қорынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттің кітапхана қорына 200-ге жуық кітап сыйлап,қол ұшын беруі дәлел бола алады.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен тығыз шығармашылық бірлікте жұмыс жүргізетін басшы 2008 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтта ширек ғасыр бойы ұстаздық еткен аса көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА-ның академигі, қазақ әдебиеттануындағы өлеңтану саласының негізін салушылардың бірі Зәки Ахметовтің 80 жылдық мерей тойын осы ұжымымен біріге отырып, жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты.

Ал, 2007 жылы осы университет пен С. Демирел атындағы университет бірігіп өткізген «Әлемдік рухани құндылықтар және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісінде «Мәдени мұраны зерттеу мәселесі» деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасап, өзіміздің ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарымызды жинап, жүйелеп жазудағы жеткен жетістіктеріміз жайлы шет елден келген ғалымдарға аса құнды ғылыми мәліметтер берді. Бұл университет ұжымы мен ұстаздар қауымы және студенттер үшін біздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудағы, оларды ғылыми-теориялық тұрғыдан қорытып, тәжірибелік негізде игерудегі игі дәстүрімізді танытудағы танымдық, тағлымдық, тәрбиелік игі істер болғаны белгілі.

Міне, осындай әлемдік, халықаралық ғылыми форумдарда қазақтың сөз өнерінің теориялық және оқу-әдістемелік мәселелерін ғылыми тұрғыдан көтеріп, республикамыздағы ЖОО-на үнемі көмегін көрсетіп, қол ұшын беріп жүретін елгезек, ұлт мүддесі жолында ерінбей еңбек ететін көрнекті ғалым Сейіт Асқарұлының педагогикалық қырын арнайы атап өтуді жөн санадық.

Қай салада жүрсе де сол ортаның ғылыми-педагогтік әлеуетін көтеруге үлкен үлес қосып жүрген академик С.А. Қасқабасов бүгінде 70 жасқа толып отыр. Ғылыми-педагогтык қызметіне 40 жылдан астам уақыт болған көрнекті ғалым, білікті басшы, білгір ұстаздың әлі де жастар арасындағы әдістемелік, зерттеулік, ғылыми жұмыстары жүйелі түрде жүріп, жемісін беретініне сеніміміз мол.

 

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада көрнекті ғалым, білікті басшы, білгір ұстаз академик С.Қасқабасовтың әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі сараланып, ұстаздық мектебінің тәлім-тәрбиелік қыры сөз етіледі.

РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается роль выдающзегося ученого, известного руководителя, профессионального учителя академика С. Каскабасова, говорится о воспитательной грани его школы.

 

 

ҚАЗАҚ ЭПОСЫНДАҒЫ БАТЫРДЫҢ ТҮС КӨРУ АРҚЫЛЫ ЖАР ІЗДЕУ МОТИВІ

 

Нұрақыш Н. – аға оқытушы(Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

 

Дастандардағы түс көру мотиві – бас кейіпкердің іс-әрекетінің негізі. Сол түсінде көргенді іске асыру үшін қиын сапарға жол шегіп, небір қиындықты басынан кешіреді. Өйткені, «Түс көру мотиві бүкіл әлем халықтарына тән және оның атқаратын қызметі әр қилы, алдағаны болжау кейіпкерді сақтандыру, кейіпкерге көмек беру, адамдарды белгілі іс-әрекетке шақыру», – дейді зерттеуінде Ыбыраев Ш. /1, 151/.

Әсіресе, «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. туындыларындағы түс көру сарынының алатын орны ерекше.

Халық сенiмiнде түс көру үлкен орын алатынын аңғарамыз. Алдағы оқиғаны, адам тағдырын көрген түс арқылы болжап бiлуге болады деген сенiм мифтiк танымнан туындаған.

Романдық эпостың оқиғалық, құрылыстық бітіміндегі ортақ, ұқсас тағы бір ерекшелік бұл кейіпкердің психологиялық жағдайы, яғни қалыңдығының іздеп табуына ең біріншіден, әке-шешесінің қарсы тұрып, бөгет жасауы, одан сапар шеккенде кездесетін қиыншылықтары (бал ашу, теріс бата, түс көру т.б.). Осыған орай Г.Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» (Түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем) атты докторлық диссертациясындағы қазақ эпосының түс көру, аян беру мәселелері: «Белгілі бір қауып-қатерден хабар беретін аруақты бабалардың Аян беру түстері мен одан кейінгі кейіпкер көңілін нілдей бұзатын психологиялық жағдайы, болашақтағы қалыңдығына қолы жетер жетпесі туралы хабар береді», – деген пікір айтқан /2, 76./. Мысалы, Қозының шешесі түсіне кіріп айтқан сөзіне тоқталатын болсақ:

Ай, балам, қайт үйіңе, жол көрінбес,

Сарыбай барғанменен қызын бермес.

Ана тілін тыңдамай кеткен бала,

Жолынан аман қайтып, үйін көрмес...

дейді. Мұндағы анасы баласының бір қауып-қатерден қорғап басынан кешер қиыншылық, азабы туралы бір хабарын береді. Бұл жырдың барлық ұлттық нұсқаларында екі ғашықтың бақытына қарсы істелетін әрекеттер өте ұқсас. Ең әуелі қыздың әкесі қарсы, одан кейін қыздан үміткер жігіт қарсы. Жігіт қарсы болу себебі, әрине қалыңдығы туралы естіген жігіт ата-анасынан бастап барлығы қарсы болады. Яғни, жігіттің өз махаббатына жету мақсатында барлық бөгеттерге төзеп, әке-шешесінің де сөздеріне қарсы шығады. Достық жолындағы серттің, алдын-ала бал ашып болашақты болжап және теріс бата сөзінің қаншалықты күші бар болғанын екі жастың қосылуына кедергі болатынын жырда жақсы баяндалған. Бұл сөздердің барлығы әрине, жігітке кері әсерін тигізгендігі көрінеді. Осыдан халықтың «айтылған сөз – оқ», немесе «ойланбай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақалдары бекер айтылмаған дегіміз келеді. «Сейфүлмәлікте», «Жүсіп-Зылихада» да осындай ситуация қайталанады. Халыққа ертеден қанықты «Бозжігіт» жырының да жалпы желісі «Таһир-Зухраға» орайлас. Соның бірі – ғашықтардың түсінде танысуы. Бозжігіт Қарашашты түсінде көріп тілдеседі. Демек, бұл тәсіл ғашықтық жырлардың тұрақты композициялық кестесінің бірі деуге келеді.

Романтикалық қаһарман қандай жағдайда кездескеніне қарамастан қызға бірден ғашық болады. Өйткені, һас сұлу ерекше әсер етеді. Тіпті кейіпкер сезім күшінің әсерінен көз жасына ерік береді. Текстке жүгінейік. Сейфүлмәлік арудың дидарына жанары түскен сәтте талып та қалады. Мұндай жайды “ессіз ғашықтық” деп те атаған.

Есін жиып, тағы да көзін салды,

Көрген сайын қайран боп күйіп-жанды.

Ата-ана, елі-жұрты естен шығып,

Шаһзада сурет көрді жаны күйіп,

Жүзіне жүзін қоя аузын сүйіп.

Өртенді тұла бойы шаһзаданың,

Жүрекке ғашық оты қатты тиіп.

Сондықтан басты кейіпкердің сүйіспеншілік сезімінің идеализациясы мұндай шығармалардың негізгі жанрлық ерекшеліктерінің бірі болып есептеледі. Идеализацияның элементтеріне мыналар жатады: лап еткен сезім алауы, оның пайда болған ғажайыптығын тілмен жеткізудің қиындығы, махаббаттың мөлдір де қуатты толқыны, ынтық құштарлықтың шексіз төзімділігі. Барлық дастандарда ішкі сезімді махаббат дертіне шалдығу арқылы көрсету: (“ғашығын үнемі есінен шығармау, көз жасы, талып қалу, сандырақтау, жалбарыну”). Шығыс дастандарының қазақ нұсқаларының кейіпкерлердің сүйіспеншілігін суреттеу сарыны классикалық дастандар үлгісіне сүйенеді.

Сол сияқты, Төлегеннің Ақ Жайықтан еліне қайтар мезгілінде Жібектің жайсыз түс көріп шошынуынан, түбінде сол түстің расқа айналуын баяндаған тұстар да әсем, ажарлы берілген. Ауылынан ата-анасының айтқан уақытында, қасына нөкер ертіп кетпей, Жібекке берген уәдесінен кешікпеу үшін асығып, жалғыз, жасырын аттанған Төлегеннің інісі Сансызбаймен қоштасуынан осындай қауіптің сарыны сезіледі. Қособаның түбінде Бекежан бастаған алпыс қарақшының қолынан мерт болу әлгі түстің “құдіретін” дәлелденгендей ұғым береді.

Ал, «Мақпал қыз» жырында түс көру, оны жору салты да бар. Жабы бір көзе су алып, жолға тастап кеткен құрдасы Бұлдырыққа келе жатып түс көреді. Оны құрдасы Бұлдырыққа жорытады:

Бүгін жатсам түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім.

Ақсұңқар Мақпал болыпты,

Оң жағына қоныпты.

Алғыр қара бүркіттей

Қасында және құс көрдім.

Бұлдырық Жабының түсін жорып, ақ отауда Сегіз бен Мақпалдың еру қосылғанын айтады. Ашуға булыққан Жабы екеуінің басын шауып тастамаққа аттанады. Сонда Бұлдырық оның түсін екінші қайтара жорып, Жабының ашуын басады. Мұндағы түсті жорудың да психологиялық әсері, яғни, сену, өзгерту, өмірде түстің орындалуы, тұспалдап келуіне сену көрініс береді.

Сонымен қатар романдық эпоста архаикалық, қаһармандық жырлардың, ертегінің элементтері кездесетіні туралы көптеп айтылады. Әрине, мұндай араласу оның негізгі сипаты мен бағытына нұқсан келтірмейді.

«Һамра» дастаны ертегілік, діни сипатта жазылған. Негізінде шығарманың өн бойында түске ерекше мән беріліп, әрбір жаңа оқиға түске енген аянға байланысты өрбиді. Дастанда діни ұғымдар – шариғатқа қайшы келу, күнә жайлары, пайғамбарларды құрметтеу орын алған.

Жалпы дастандағы оқиғалардың өрбуін үш сатымен қарастыруға болады. Алдымен, баласыздық зарына қайғырған Мысыр патшасы Құсыраудың оқиғасы. Келесі Құсырау патшаның түсінде керемет құсты көруінен басталады. Мұндағы әкелерінің түсінде көрген ғажап құсты «әкемізге жасаған қызметіміз болсын», – деп, іздеп әкелу мақсатында үш баласы жолға шығады. Алдарынан жазуы бар тас кездеседі «барса келер жол», «барса келмес жолдары» кездеседі. Сондай-ақ, жол айырығына қылыштарын шаншып кететін оқиға желісі орыстың «Тоты құс» ертегісіне ұқсас. Онда да үш ағайынды әкелеріне керемет тоты құсты іздеу сапарында жолда кездесетін тастағы жазулары ұқсас келеді. Жырдың ерекшелетін жері екі жастың некесін қиюы. Бірақ, пері мен адамзат арасында берік сезім болғанымен, перілер адам қоғамында өмір сүре алмайды. Сондықтан Һамра еліне жалғыз қайтады. Жолда аспазшыға құлдықта жүрген екі ағасын табады. Жолда ағалары Һамраны күндеп, екі көзін ойып құдыққа тастайды. Сонда құс көздері қанатының астына жасырады. Үйіне жетіп әке-шешесіне де бар шындықты осы құс айтады. Дастан Құсырау патшаның қазасымен, шешесінің жоқтауымен бітеді. Һамраның құдыққа тасталуы Жүсіп пайғамбардың оқиғасымен үндес.

Түс көрудің көбінесе эпикалық шығармаларға тән екендігін ескерсек, оның қажеттілігі алда болар оқиғаны алдын ала сездіруімен маңызды. Ғалым Р.Бердібаев «Ер Көкше» жыры жөнінде айтқан пікірінде: «Белгілі бір оқиғаларды түс көріп «болжау», қиын-қыстау кезеңдерде атқа «тіл бітіп» сөйлейтін болуы, өлген батырдың қайта «тірілуі», жай тасының құдіретімен жауын «жаудыру» секілділер – ескі дәуірдегі анимистік, магиялық, тотемистік дүниетанымдар қалдығы» /13, 11/, – дейді. Рас, түс көру, оны жорудың көнелігінің арғы дәуірлерде жатқандығын «Оғызнаме» дастанындағы Ұлығ Түріктің немесе, «Қорқыт ата кітабындағы» Салор Қазанның: «Түсімде не көргенімді білермісің, туысым, Қара Көне? Қайғылы бір оқиға көрдім. Жұдырығымда талпынған қаршыға құсымның өлгелі жатқанын, ақ отауымның үстіне көктен жарылып жай түскенін көрдім. Ел жұртымның аспанын қара тұман басқанын көрдім...» /3, 33/, – дейтін сөздерінен байқауға болады.

Қазақ ертегілерінде түс көру көп жағдайда қара сөз түрінде әңгімеленетін болса, батырлық жырларда өрнекті, ойнақы жыр жолдарымен жеткізіледі.

Әрине, батырдың түс көру арқылы жар іздеу мотиві ата-анасының достық ант сөз бергені мен салт-дәстүрдің ұстанымы емес, әрине сол заманның ер жігіттік намысы мен махаббаттың, сезімнің бірінші орында болғаны көрінеді. Эпостың жар іздеу мотиві туралы әлі де зерттеу қажет ететін мәселелердің бірі. Қазақ эпосының қазіргі таңда жаңа жарық көріп жатқан еңбектері де аз емес. Сондықтан осы жырларға сүйене отырып айтылатын да, ашылатын дәлелдер көп.







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.