Здавалка
Главная | Обратная связь

ОБ ЭМОТИВНОСТИ ПОЭЗИИ Н. РУБЦОВА 6 страница



Тағы да анталап, әкемді қоршап алдық. Әкемнің көзі жұмулы, аузы ашылып, кеудесі сыр-сыр етеді. Алдында дәл осылай ұйықтап жатқанын талай рет көргенмін. Сондықтан бәлендей қауіпті жай болар деп ойлаған жоқпын.

Молда мен Өтеген қабаттасып, әкемнің тамырын ұстады. Молда күбірлеп, иман үйіруге кірісті. Мен алдында байқамаған екенмін, әкемнің көзі төңкеріліп, жартылай ашық жатыр екен. Кеудесіндегі сырыл да, демі де бәсеңдей берді.

– Шымылдық әкеліңдер, – деді молда дауыстап. – Тек жыламаңдар. Жәй талып кетті. Талып кеткенде жыламас болар.

Молда мен Өтеген алып келген ақ шымылдықты әкемнің төсегіне керіп байлады да, бізді ығыстырып, өздері шымылдықтың ішіне кірді. Операция жасап жатқан дәрігердің шығуын күткендей, бәріміз де керулі тұрған шымылдыққа қарап қалыппыз /1, 57 /.

«Қайғыны бөліссе азаяды» дейтін қағида ұстанатын халықтың бауыр еті – балаларының мезгілсіз өлімін көруі, оны жөн-жосықсыз жерлей салуы, санаға түскен қасірет салмағынан сансыраған сана мен қалжыраған ана трагедиясында жеке адам мен қоғам қарым-қатынасы айқын кестеленген. Себебі, тиісті жөн-жосықтар түгел атқарылған адам ғана мұсылманшылықта «иманы үйірілген» адам ретінде танылып, тірілер көңіліне медет болады.

Әлден уақытта шымылдық ішінен басы селкілдеп Өтеген шықты. Мен еш нәрсеге түсінбей, аңырып қалдым. Өтегеннің:

– Аттанып кетті, – деген жарықшақ үнін естігенде барып әкемнен біржола айырылғанымды білдім.

Осы кезде көкірегімде жүрген барлық өкініш, қайғы уыты кеудеме шауып, бүкіл тірлігімнің құдайы – әкемнен мәңгі айырылғанымды түсініп, еңіреп жылаған күйімде шымылдыққа ұмтылдым. Шымылдық ішіне молда босатпады /1, 59/.

Өлімге байланысты, адам эмоциясының сыртқа шыққан ең алғашқы формасы дауыс болса, оның сөзбен толығуы – жылау өлеңдерін, дами келе жоқтауды туғызған. Жерлеу ғұрпының жүйесінде әрбір рәсім мен деталі белгілі бір наным-сенімге негізделіп, өлім зардабын жеңуге бағытталса, ол көркем әдебиетте кейіпкердің ішкі әлемін ашудың әдісінде көрінеді.

Бұрын азалы үйге көңіл айта келген әрбір адам қатты айғайлап, жылап келуі міндетінің мәні: марқұмның тірілердің даусын естиді деген көне түсінікпен байланысты (сүйекті шығарғандағы және көміп келгендегі айғайдың мәні де осымен өзектес). Шығармадағы осы салттық рәсім әрі қарай тереңдетіле көрсетіліп, қайғы тартқан жанның ішкі-сыртқы сипатын суреттеуге жұмсалған.

– Шырағым, балалықты қой, өлікке обал болады. Алла тағала әкеңе иман берсін. Енді ол бұл дүниенің қамы емес. Сондықтан мұның қиянат болады. Сабыр қылыңдар, сабыр. Кімдер екенін айырып болар емеспін, кезек-кезек келіп, мені құшақтап көрісіп жатыр. Тек апамды дауысынан айырдым.

– Асқар таудай әкеңнен айырылдық қой, жалғызым-ай!

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп еді, жалғызым-ай! – деп тас қып құшақтап, айырылмай қойды. Бір шамада:

– Сабыр қылыңдар, жамиғат. Шалдан айырылдық. Енді жақсылап аттандырмақ парыз. Өздеріңе өздерің берік болмасаңдар болмайды, – деген молданың даусынан кейін у-шу саябырлағандай болды

– Әй, бұрынғының адамына дауа бар ма! – деді әлдекім.

Өтекеңнен басқа адам болғанда малдың үлгіруі де қиын екен, дегенмен дұрыс болыпты, – деді тағы біреуі.

Өлікке осылай қызмет етпек керек, – деп ақыл айтты молда.

Өтеген бұлай қызмет ету өзінен басқа ешкімнің қолынан келмейтініне сенімді пішінмен төрде нық отыр /1, 61/.

Осылайша әңгіме-дүкен құрып, тойға жиналғандай бірін-бірі қағытып, қалжың айтысып, өлікті күзеткен шалдар таң атқанша бір көз ілмеді. Молда түнімен құран шығарды. Таңертең бір топ шал сүйекке түсті. Әйел мен ер адамның кебінінің сыртынан екі сыртқы орау орайды. Сирек те болса, қайтыс болар кәрі адамның тілегі бойынша, марқұмның басын сәлдемен орайды. Әйел адамның басына жаулық немесе кимешек түрінде орамал орау міндетті болып саналады. Сонымен қатар әйел адамның кебініне іш көйлек кигізгенге дейін денесінің теменгі бөлігін орап тастайтын маталар жолағы кіреді. Оны белдемше деп атайды. Орағанға дейін кебінді әтірмен жеңіл-желпі себезгілеп өтеді. Өткен ғасырдың 40-жылдарына дейін «жұмақтық» хош иісті шығару үшін қазақтар қалампыр гүлін пайдаланған. Марқұмды кебінге орағаннан кейін үш жерден – басының үстіңгі жағынан, белінен, аяғынан буып, одан кейін киізге (қазіргі заманда кілемге) орап, оны да осылайша байлап тастайды.

Кебінді дайындаудың белгілі тәртіптері бар: 1) ең алдымен, ол кең болуы керек; 2) матадан қиындылар қалмау керек – материал бөлінбейді, бірақ тілінеді, пішіледі (егер қиынды шыға қалса, ол ақыреттің ішіне салынуы тиіс); 3) жіп ретінде (кішігірім мата жолақтарын үлкен орамға тігу барысында) материалдың қиындыларынан алынған кішкентай үзіктері пайдаланылады; 4) кебіннің бөліктерін қолмен пішіп тігеді; 5) ақыретті дайындау барысында аракідік «Алла», «бисмілла» және т.б. мұсылмандық эпитеттер айтылып отырады. Ақыретті молданың жанында жүретін үлкен инемен тігеді. Егер бұрын шариғат бойынша ағаш инелермен тіксе, қазір темір инемен тігеді.

Ақыретті дайындап болған соң мәйітті жуындыру басталады. Халық оны соңғы тазалығы деп атайды. Алдыңғы кездегідей, кісі саны тақ сандардан тұратын 5-7 адам жуады. Оның үстіне бірінші жуғандардың қатарына тағы да адамдар қосады. Бұл адамдарды «сүйекке түсетін кісілер» (сүйекшілер) деп атайды. Сүйекке түсетіндерді таңдағанда туыс, жақын, дос, құрбы жағы есепке алынады. Негізінен бұлар қайтыс болған адамның құрдастары болып келеді. Қалыптасқан ұғым бойынша, сүйекші жылына бір-ақ рет қана сүйекке түсуге тиіс болған. Мәйітті жуу, сол жатқан бөлмесінде, сол тәртіп бойынша күндіз сағат 10-ға таман басталады. Сүйекке түскенге дейін қатысушылар марқұм о дүниеге таза аттануы үшін алдын ала дәрет алуы тиіс болған. Денесін жуып болғаннан кейін шымылдықтың артында жатқан марқұмның бөлмесіне киізге оралған ақыретті береді.

Қайтыс болған кісіні орап болған соң дәлел шығару рәсіміне кіріседі. Бұл ритуал Құраннан аяттар оқу арқылы жүргізіліп, ол қасиетті кітапты бастан-аяқ оқып шыққанмен бірдей болады. Бұрынгы кездері қазақтарда марқұмды үйден шығарудың ислам дініне дейінгі тұтастай ритуалдары болған. Ол, ең бірінші кезекте, өлген адамның күнәсін сатып алу – підия ғұрпы, оны дәуір, ысқат деп те атайды. Егер ауылда қайтқан адамның «күнәсін» алушы адам (підияшы) болса, оған бір қап ұн, мал және т.б. берілген. Қазіргі уақытта көбіне підияшының орнын молданың өзі атқарады. Берілетін құрбандық мешіттің есебіне кіреді.

Мәйітті кілемге орап, сыртынан тағы үш жерден байлап, жаназасы шығарылады. Жиналғандар тік тұрып (азан айтылмайды, еңкеймейді), жаназа намазын оқиды. Өлікті лақатқа түсірген соң кебіннің басы, ортасы және аяқ жағында байланған жерін шешеді, бұл кезде сыртта тұрған адамдар қабірдің жас топырағынан бір-бір уыс топырақ тастаған соң, лақаттың аузы қыш кірпішпен жабылып, сыртқы үйін топырақпен толтырғаннан кейін Құраннан сүрелер оқылады. Шығармада жерлеу рәсімінің осы элементі де дәлдікпен берілген.

Тамақ ішіліп, әлденеше рет құран оқылғаннан кейін, өлікті шығарарда молда дәуір айналдырды. Жұрттың бәрі топырлап, ауыз үйге сыймай кетті. Жиен ағам мені шақырып, молданың алдына отырғызды. Молда аятын айрықша бір сазды әуенмен сарната оқып, әлден уақытта:

– Сейсеннің азан шақыртып қойған аты кім? – деді дауыстап.

– Сейсен өзінің аты емес пе?..

Жұрт аңтарылып бір-біріне қарады.

– Азан шақыртып қойған аты... – деп күмілжіп қалды жиен ағам.

Апам да үнсіз отыр. Кенет:

– Сейсенбай, – деді шалдардың бірі.

– Азан шақыртып қойған аты кім? – деп қайталады молда.

– Дұрыс, сол дұрыс, – деді апам әлгі шалдың сөзін құптап.

Мен өз әкемнің шын атын жаңа естіп тұрғаныма іштей таң қалдым.

Молда әкемнің туған жылын сұрады. Сенбей тұрғандай:

– Үкіметше емес, шын жылын айтыңдар, – деп дауыстады /1, 61/.

Ақыры дәуір айналдыру аяқталып, кілемге оралған өлікті сыртқа шығарып, машинаға салды.

Мәйітті жерлеп болған соң, қабірден 40 қадам өткен соң оқылатын Құран сүрелерінің мәні: қабірге Мүңкір-Нәңкүр келіп, марқұмнан сауал алғанда оған демеу көрсету. Қабірдің ішкі жағы кейде шектеулі формада түсінілсе, бірде шексіз кеңістікті білдіреді. Пәни мен бақидың аралық шекарасы деп есептелетін – қабірге көму о дүние жер астында деген түсініктерді бекіте түскен. Т.Әбдікұлының қазақтың марқұмды жөнелту жерлеуге байланысты мән-жайға қанықтығы қаламгерлік тұлғасына да әсер еткен.

Қабырдың басына келгеннен кейін жерінің керемет жұмсақ болғанын, үйінің аузын жабатын кірпіштердің соншалықты мол келгені бірсыпыра әңгіме болды. Жиен ағама бүйірден тескен лақат ұнамай, күрегін алып өзі түсіп, әлдебірдеңелерін жөндеген болып, бір уақытта шаң-шаң болып қайта шықты.

Қабырға топырақ салдық. Жұрттың бәрі, өлік алдындағы ең соңғы парыздарынан құтылып қалуға асыққандай күрекке кезекке тұрды. Бірнеше адам құран оқып, қабырдың бұрыш-бұрышына қойған ақшаны бөлісіп алды. Жыртыс жыртылды. Жиналғандар ақырғы рет қолдарын жайып, әкемнің өте жақсы аттанғанын әңгіме қылып, өткен жолы Жарқымбайдың кемпірін көмгенде күрек батпаған жердің қалайша жұмсарып кеткеніне таң қалысып, орындарынан тұрды /1, 62/.

«Адам өлгенде аруағына арнап, қырқына дейін қырық күнде, әр күн бір шырақтан қырық шырақ жағады немесе әр күнде он шырақтан төрт күн шырақ жағады», – дейді. Шырақ жағу себебі «өлген кісінің аруағы қырық күнге дейін үйіне келіп, балаларының жай-күйін біліп жүреді дегені. Сондықтан күн батып, қараңғы түскенде, есікті айқара ашып, босағаға ақ киіз төсеп, бір тостаған қымыз қояды, осылайша өлген адамның аруағын күтеді». Бұл – қырқына дейінгі жағдай. Ал, қырқынан жылына дейінгі, одан соңғы жасалатын салттық рәсімдер де осы аруаққа табынуға негізделген.

Шығармада марқұмға жасалған жөн-жосық, салт-дәстүрдің қаншалықты қарбалас күрделі іс екендігіне зор мән берілген.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

Әбдікұлы Төлен. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 352 б.

 

РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются фольклорные мотивы в современной казахской прозе.

 

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы фольклорлық әуендер қарастырылады.

 

 


КӨРКЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІК

 

Ыбырайым Б. – ф.ғ.д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

 

Адамзат тарихына аласапыран әкелген жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы сан қилы саяси-тарихи өзгерістер қазақ ақындарының тағдыры мен танымына, тұрмысына, сол арқылы әдебиеттің де сипаттарына едәуір ықпал жасады.

Бұған дейінгі адамзат тарихында болып көрмеген, құрылысы, идеялық нысанасы мен идеологиясы басқаша қоғам құруға талаптанған мемлекет өз территориясында тұратын елдің күллі өміріне күрт өзгерістер әкелді. Тұрмысқа, рухани өмірге саналуан жаңалықтар ене бастады. Сондықтан мұндай аласапыран кезеңде болмыс туралы санқилы ұғымдардың орын алуы, соған сәйкес қақтығыстардың әралуандығы – заманның қаншалықты күрделіленгендігінің белгісі. Міне, осының барлығы көркем әдебиетте әр деңгейде көрінді. Әу баста гуманистік принциптер, идеялар түрінде белгі берген идеологиялық бағыт жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, саяси-қоғамдық мәні тереңдеп, мемлекеттің өмір сүру нормасына айналуға, қоғамдық санаға пәрменді жетекші болуға бет бұрды.

Тұрмыстық-әлеуметтік тіршіліктің ғасырлар бойы, оған қоса бертінгі отаршылдық дәуірінде қалыптасып үлгерген ерекшеліктері қолма-қол бұзылуы, үйреншікті, «кәдуілгі» тірліктің астаң-кестең сапырылысуы, әсіресе мемлекеттік билік басындағылардың жергілікті жағдай айрықшалығын ескермей, әлеуметтік-қоғамдық, тарихи өзгерістерді жөн-жосықсыз асығыс жүзеге асыруы сан алуан қиындықтар мен қайшылықтарды көбейте түсірді. Күллі мемлекет ішінде саяси науқанның, кейін ұзақ жылдарға созылған жүйелі озбыр науқанның алғашқы кезеңі басталды.

Міне, осындай жағдайда өмір сүрген қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзия ақындардың өмірлік-көркемдік тәжірибесі мен қалыптасқан талғамына, өмірлік көзқарасына қарай сыр-сыпаты әрқилы шығармалар арқылы салаланды.

Бұл кезде жаңа мерзімді басылымдар көптеп ашылып, көркем шығармалар бұрнағы кезеңдермен салыстырғанда, молырақ жарық көре бастады. Әсіресе, айрықша көрінгені – екі көркемдік платформа. Біріншісінде әдебиеттегі көркемдікті ең алдыңғы орынға қойған Мағжан Жұмабаев айрықшаланса, екінші тұрғыда ең алдымен жаңа қоғамның идеяларын жалау еткен Сәкен Сейфуллин көшбасшы ретінде тұлғаланды. Сонымен бірге жиырмасыншы жылдар поэзиясында ислам гуманизмімен құнарланып, Шығыс, Батыс әдебиеті мен философиясының құндылықтарын салмақтаған Ш. Құдайбердіұлы творчествосы арқылы көрінген философиялық лирика тағы да көрінді.

Халқымыздың рухани қажеттілігін қанағаттандыруда ауыз әдебиеті, халық шығармашылығы өкілдері де өнімді, игілікті қызмет атқарғаны талассыз.

М. Жұмабаев творчествосы – отаршылдық кезеңінде күйзелген қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің деңгейіне көтерген, психологиялық-көркемдік иірімдер мен әлем поэзиясына жаңа өрнектер мен бояулар қосқан эстетикалық құбылыс, көркемдік жаңалық. Ол поэзиямыздың эстетикалық әлемін тың бояулармен, күрделі сезімдік әлеммен байытып, жаңа биікке көтерді. Қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан бай дәстүрінен, фольклор мен ауыз әдебиеті құнарынан еркін, табиғи нәр алған ақын Шығыс пен Батыс әдебиетінен де мол сусындап, өзіндік эстетикалық әлем қалыптастырды.

Ақын шығармашылығының өзіндік эстетикалық әлемін айқындаған қазыналар ретінде бірден көзге түсетіні – өзіндік образдар және образдық сонылықтары, соны толғам сарындары, түрікшілдік, лирикалық кейіпкердің рухани мөлдірлік қуаттандырған асқақтығы (Мағжанға дейінгі ақындарда мен – күнмін, пайғамбармын…, деп келетін сарындар бұлайша өр дауыспен айтыла бермейді) мен көлгірсуден аулақ сыршыл сезімталдығы. Оның лирикалық кейіпкері бұған дейінгі қазақ өлеңіндегі ешкімге ұқсамайды. Бұған дейінгі қазақ жырындағы кейіпкер субъективті өмірі жайында әсіресе жан дүниесіндегі құпияларды жайып салуға, бар шындығын ағыл-тегіл ақтарып салуға соншалықты пәрменді құштарлық білдіре қоймаса, енді лирикалық кейіпкер өзінің осалдығын да, қуатын да жасырмайды, күлбілтелеп, күмілжімейді. Бойын кернеген саналуан сезім-толғаныстарын, толғамдарын іркіп, өзін өзі сақтандырып немесе тежеп, тиып ұстаудан мүлдем аулақ. Әсіресе ынтық сезімдерді жасырмай, ақтарып айтуға құлықты. Жан сырын жарық дүниеден қымтамай, тұмшаламай, көз жасындай мөлтілдетіп, таң шығындай мөлдіретіп жеткізеді, не айтса да ағынан жарылып, адалын айтады. Лирикалық кейіпкер субъективті толғаныстарын былай қойғанда, әмбеге ортақ, драмалық сезім арпалыстары арасында да өз түйсігімен, өз түсінік-тұрпатымен дараланады.

Бойындағы осалдығын да, озаттығын да бүгіп қалуды, демек, көлгірсуді білмейтін кейіпкер ашықтығымен, адалдығымен, сыршылдығымен бөлекше бітім танытты. Толқымалы, өзгермелі көңілдің бүгін былай, ертең олай құштарлықтары Мағжан Жұмабаевқа дейінгі қазақ поэзиясында дәл осыншалық ағыл-тегіл, дәл осыншалық үздіксіз, жүйелі төгіле бермейтін.

Орхон-Енесай ескерткіштеріндегі басқаға бас июді білмейтін жауынгерлік рух, Ж.Баласағұн, А.Иассауи, А.Иүгінеки, С.Бақырғани, Хорезми, С.Сарай, т.б. дастандарындағы заман – қоғам – адам үштігін мәңгілік мұраттар, ислам идеялары тұрғысынан терең таразылауға ұмтылған философиялық пайымдаулар, осы бағыттағы көркемдік ізденістерді одан әрі жалғастырған «кітаби» ақындар шығармаларында аталған үштік мәселесін айнымас асыл гуманистік мұраттар тұрғысынан бажайлап, адам мен қоғамның этикалық тазалығын, нормасын іздеген, бұларды өмірлік қажеттілік пен тіршілік дағдысына айналдыруды көздеген, соның жолдарын табуға құшырланған лирикалық кейіпкерлердің толғаныстарында көбіне заман қалыптастырған ішкі сабыр, тереңде жатқан ұстамдылық аңғарылатын.

Махаббат кешулерін өмірдің белгілі бір кезеңдегі эстетикалық-субъективті нормасы мен рухани нысанасы ретінде сұлулап сырлаған сал-серілер (Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай, т.б.) поэзиясы да қалыптасқан дәстүр мен заман нобайлаған шеңберден аса қоймайтын. Тек Абай шығармашылығында ғана ежелден бергі рухани-тарихи даму орнықтырған дәстүр шеңберінен шығып, лирикалық кейіпкердің тек өзіне ғана тән субъективті сезім буырқаныстарын айқын, айбынбай ажарлау мен айшықтау көріне бастады. Абайдың ұстамдылығы заман нормаларына, заңына бағыну, көз жұмып, соған мойын ұсынудан емес, өз көңілі ұйыған, өз көзі жеткен сенімнен, болмыс құбылыстарын таразылаған өз танымынан туған. Жеке адам немесе мораль типтері, махаббат, табиғат, т.т. қай-қайсысы да лирикалық кейіпкерлерді ең алдымен философиялық аяда толғандырады да, ақын поэзиясы әсіресе осы қырымен айрықшаланады.

Ақындық “меннің” сипаты мен сырынан хабар беретін лирикалық кейіпкер сомдауда бұрыннан мол тәжірибе жинақтаған қазақ поэзиясына Мағжан жырлары әкелген кейіпкер өз бойында жоқты бар ғып көрсетуге ұмтылып тыраштанбайды, ақылгөйсімейді. Ақтарып айту бар да, асыра айтудан аулақ. “Гүлмін”, “күнмін” деуі – күшенуі емес, тарихынан тамыр алған, оның бағасын таныған отаншыл рухтың өз қадірін өзі сезініп, асқақ парлауы, еңсесін езгіге бастырғысы келмеген өр кеуденің ноқтаға мойын ұсынғысы келмеген арда асаудай аспанға шапшып қарсыласуы.

Осынша өр, асқақ кейіпкер – енді бірде бала, енді бірде дана. Қол созым жердегі ғашығына қолы жетпей, жалындап жаны күйіп, азап шеккенде, төгілген көз жасын да жасыра алмайды. Бұл – жан дүниесінің тазалығы, мөлдірлігі, “адалымды айтсам, жақпай қаламын-ау” деген қауіп-ойдан аулақ сенгіштігі. Лирикалық кейіпкер осындай адалдығымен, риясыздығымен баурайды, сендіреді. Осындай соны бітімді кейіпкер – М.Жұмабаев поэзиясындағы жаңалықтардың бірі деп айтуға лайықты. Идеялық аңсар-принцип, сарын ретінде белгі берген түрікшілдік те онымен тұстас немесе алдындағы ақындарда дәл Мағжандағыдай айқын дауыспен аршындап, алға шығып көріне бермейді.

Бұл орайда ғасыр басындағы және сол тұстағы түркі халықтары зиялылары көтерген идеялар Мағжанға жақсы таныс болғаны, ақынның өмір шындығын, тарихын бел-белестерді өз сүзгісінен өткізгені, сенімі өлеңдегі сырына айналғаны аңғарылады. И. Гаспиринскийдің толғаныстары қазақ даласына да жетіп, М. Жұмабаевқа да әсер еткенге ұқсайды. Автор бұл жайында арнайы атап көрсетпегенімен, кезінде белең алған идеялық сарынның жалпы қазақ зиялыларына да жақсы таныстығы тарихтан мәлім.

Мағжан поэзиясының өзіндік эстетикалық әлемін қалыптастыратын субъективті факторлар ретінде жаңа образдар және образдылық сонылықтар, соны толғам-сарындар (мәселен, түркішілдік, лирикалық кейіпкердің мөлдір сезімнің асып төгіліп жатуы, қуаттылығы, рухани тазалығы, аса асқақтығы. Мағжанға дейінгі ақындарда мен – күнмін, пайғамбармын... деп келетін сарындар кездесе қоймайды) мен көлгірсуден аулақ сыршыл сезімталдық атап айтуға лайықты. Оның өлеңдерінде символизм түрлі қырынан көрініп, түрлі тұрғыдан пайдаланылады. Ақын символизмнің өзіндік мүмкіндіктерін кәдеге жаратумен бірге өмірлік мегзеуі машақатсыз-ақ табылатын астарлық-жинақтаушылық қуат қосып, лирикалық кейпкердің субъективті сезімі немесе ой-аңсарымен табиғи өрілген суреткерлік концепцияны бейнелейтін астарлы байыптау дарыту арқылы символизмді таза эстетикалық ағым ғана емес, ауқымы одан әлдеқайда кеңірек эстетикалық-философиялық жүйеге көтерді деп айтуға болады.

Әрине, символизмнің де өз философиясы бар. Дегенмен М. Жұмабаев поэзиясындағы символизм таза осы түрдегі ағым, құбылыс ыңғайында ғана қалмайды, өмірлік тиянағы нық, реалистік мегзеуі мен романтикалық аңсары қабаттасқан жаңа құйма секілді. Сырт қарағанда, біркелкі символистік бояулардан құралған секілді көрінетін өлеңдерінің өзінде де реалистік-романтикалық астарлар бірін бірі толықтырып, бірінен бірі туындап жатады. Бұл мәселе алдағы уақытта арнайы зерттелгені игі.

Ақынның лирикалық кейіпкері субъективті толғанысымен бірге әмбеге ортақ, жалпыға мәлім драмалық сезім кешулерімен ерекшеленеді. Бұл сипат Қазан төңкерісіне дейінгі де, одан кейінгі де өлеңдеріне тән. Жиырмасыншы жылдарда кемеліне келген ақынның «Мені де өлім, әлдиле» секілді туындыларынан күрделі конструкция, символизм мүмкіндіктері – ой ишаралау тәсілдері мен бейнелеу құралдары белгілі бір өмірлік құбылыстар немесе абстрактылық арқылы микроәлем жасаудан гөрі көркемдік концепцияны бейнелеуге қызмет еткен, демек, өзіндік эстетикалық-философиялық көру мен байыптау жүйесін қалыптастырғаны аңғарылады.







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.