Здавалка
Главная | Обратная связь

ОБ ЭМОТИВНОСТИ ПОЭЗИИ Н. РУБЦОВА 8 страница



Бүгінде кез келген тілдегі жаңа сөз негізінен термин не қандай да сала түсінігі ретінде пайда болады және керісінше, белгілі ғалым С.А. Низовцеваның (3) пайымдауынша, пайда болып жатқан жаңа сөздердің 90 пайызы термин болып табылады.

Жаңа сөздік сипаты терминнің сөзден сөз тудыру, сөзді түрлендіру, сөз жасаудың соны тәсілдерін тудыруға, яғни сөзжасамдық қызметіне негіз болады. Кез келген тіл де жаңа сөз туып, жасалып отырмаса, оның ішкі даму мүмкіндіктеріне тұсау салынады, онда бөгде тіл сөздері пайда болады. Бұл қызметінің мақсаты тілдегі сөз қорын арттыру, оны ойға, заманға ілестіру, өз табиғатына сай жаңарту, жасарту болады әрі тіл сапасына, оның икемдік, оралымдық сипаттарына бағышталады.

Терминнің сөз ретіндегі төртінші басты белгісі – ол – арнайы сөз, арнайы мәні бар сөз. Яғни сөздің жалпы (жай) және арнайы мәні болады. Сөздің арнайы да, жалпы да не тек арнайы не тек жалпы мәні болуы да мүмкін. Яғни арнайы мәні жоқ сөз де болады. Сөйлем, көсемше, есімше, етістік, есімдік сияқты көптеген терминнің, сөздердің тек терминдік мәні бар, жалпы мәндері жоқ. Ал рай, шырай, одағай, шылау, үстеу, жалғау, жұрнақ, қосымша, түбір, буын сияқты мыңдаған сөздердің жалпы тілдік те, арнайы да мәндері бар. Бұл сөздердің термин немесе термин емес, жай сөз болуы қолданыс аясына қарай анықталады. Мысалы, ауа сөзінің 1. дем, 2. газ қоспасы деген жай сөздік те, терминдік те мәндері бар. Оның бірінші мағынасы күнделікті тұрмыста, жалпы тілде, екіншісі – белгілі бір сала аясында қолданылады. Олай болса, термин – сөз және арнайы қолданыстық сөз. Терминнің терминдігі сөзінің тегіне қарап емес, қолданыс аясына қарап анықталады. «Балкон» көпке жалпы тіл, тұрмыс сөзі ретінде танылды. Сондай-ақ ол – сәулет-құрылыс саласының арнайы сөзі де. Ол ғылыми қатынаста қолданылса, термин болады да, жай, жалпы тілдік қатынаста қолданылса, жай сөз болады. Қолданыстық сипаты, қоланыс аясы терминді сала атауы, яғни кәсіпсөз етеді

Терминді танып, анықтаудағы бір жаңсақтық оны ғылым сөзі, ғылыми таңба деп атап, тек ғылыммен ғана байланыстыра қарау болып отыр. Терминнің, терминдік сөздің алғаш рет ғылым саласында пайда болғаны рас. Ғылымның өзі әуелден бір кәсіп түрі еді. Ол кезде өндіріс – өндіріс, дене еңбегі, қара жұмыс етін де, ғылым – ғылым, ақ жұмыс, ой еңбегі, ой ойыны болатын. Бүгінде кез келген кәсіп, өндіріс, саланың ғылыми негізі бар. Дәл сол сияқты кез келген өндірістің, саланың өзіндік атаулық жүйесі, термині бар. Мысалы, мал шаруашылығы бұрын қара жұмыс қана болған, қазір оның бірнеше салаға жіктелген ғылымы барына, оның ғылым нысаны да екеніне және өзіндік атаулық жүйесі де бар екеніне, ол атаулар қатарында білімдік, яғни оқып-білуге қатысты, таза ғылымдық, яғни ғылымды жазуға, дамытуға қатысты және тікелей өндірістік, яғни сала шаруашылғын жүргізуге қатысты атаулар барына әрі бәрінің артық-кемсіз, бірдей бағаланатынына ешкім таласпайды. Сол сияқты, кез келген әрекет түрінің арнайы өзіне ғана тән, өз атымен аталатын ғылымы болмаса да, басқа ғылым аясында, ғылымдар түйісінде қаралып, шешілетін ғылыми негізі болады. Мысалы, бет күтімі қызметінің де бірінші кезекте ғылым нәтижелері негізінде жүргізілетіні әрі оның медицина, биология, химия т.б. ғылымдар түйісіндегі мәселе екені белгілі. Ғылым–технология–өндіріс қатынасы да теория-әдістеме-практика қатынасын қайталайды. Осы себепті, енді сала сөздерін термин, кәсіпсөз деп бөлудің түк мәнісі жоқ. Олай болса, әуелден табиғаты бір бұл сөздер тобын ғылыми сөз, ғылыми емес сөз, өндіріске қатысты сөз, кәсіби сөз деп жасанды жіктеуге ұрынбай, бәріне ортақ белгілері бойынша арнайы сөз, сала сөзі деп немесе Ақаңша, пәнсөз деп атасақ болады.

Оның үстіне, терминтану мәселесіне айрықша мән берген кеңестік ғалымдардың соңғы буын өкілдері де терминді специальная лексика, отраслевая лексика деп атап, оның айрықша жаралған сөз, ғылыми таңба еместігін аңғара, қабылдай, мойындай бастау жайы да байқалады. Олай дейтініміз – «..термин ғылым саласының атауы болғандықтан, ұлттық тілдің жалпы халыққа бірдей мәнін қамтыса, профессионалдық лексика тек ұсақ мамандықпен ғана байланысты ... аздаған мамандар ғана қолданатын оқшау сөздер...» деген түсінікке сай, кеңестік ғылым әуелден кәсіпсөз – шаруашылыққа қатысты жай, қалдық сөз, ал термин – ғылым атауы, алдыңғы қатарлы, аса ғылыми түсінік деп, бұл екеуін екі бөлек нәрседей түсіндіріп келген-ді. Сондағы мақсаты – әр тілде әуелден бар, болуы тиіс кәсіптік атаулар мен таза ғылым атауы саналатын терминді өзара қарама-қарсы қою, терминді ол тілдерге аудартпай алдыру, кәсіпсөзді ескі-құсқы сөз етіп көрсету еді. Олай болса, термин арнайы мәні бар, сала сөзі ретінде кәсіп сөзбен теңеседі. Тек терминнің көпшілігі жаңа да, кәсіпсөздер ескі болады.

Бұл сипаты терминнің арнайы, салалық қатынас құралы болуына, яғни қатынастық қызметіне негіз болады. Қызмет мақсаты ойды жеткізу, әрекетке түрткі болу болады әрі ғылымға, ғылым-білімді дамытуға бағышталады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Котелова Н.З.К вопросу о специфике термина // Лингвистические проблемы научно-технической терминологии. – М: Наука, 1970. – С. 112-126.

2 Қазіргі қазақ тілі. – А., 1964. – 69-75 б.

3 Низовцева С.А.Возможности и границы унификции научно-технической терминологии // Термины в языке и речи. – Горький, 1985. – 122 с.

 

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада термин сөздің мазмұндық сипатын ашатын негізгі белгі-қасиеттері көрсетіліп, талданады.


РЕЗЮМЕ

В статье выдвигаются и анализируются основные признаки терминологичесокй лексики.

 

ОРЫС ТІЛІ ЫҚПАЛЫМЕН БҰРМАЛАНҒАН ЖЕР-СУ АТТАРЫ

Ақайұлы Ы. – ф.ғ.д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

 

Жақсының аты, ғалымның хаты қалады дейміз. «Жерімнің аты – елімнің хаты» деген де сөз бар. Яғни жер-су аты да – хат, біз білетін хаттардың бір түрі. Әрі ол – қағаздағы ғана емес, бүкіл халықтың құлағына құйылып, жадына жазылып, көмейіне қойылып, тіліне ұстартылып, байланып кеткен және қойған хат. Сондай-ақ елдің саяси-тарихының хаты, жер мен судың меншіктілік белгісі. Кез келген ел мен халықтың өткен тарихын, тағдырын, кешегісі мен бүгінін, ақыл-ойын, таным деңгейін, мәдениетін осы жер-су аттары арқылы да байқауға, пайымдауға болады.

Өйткені тіл, сөз – ойдың көрінісі ғана емес, олар өз кезегінде ойды өзгертіп, оны жаңадан жасайды да. Біріншіден, біз өмір сүріп отырған ортадағы жер-су аты біздің санамызға, сана астарына (подсознание) әсер етеді. Ол қай тілде аталса, біз сол тілге, сол ділге, сол мәдениетке бейімделе бастаймыз. Біз ол атаулардың дұрыс-бұрысын, жанымызға алыс-жақындығын біліп-ажыратып жатпай-ақ оған ыңғайланатын боламыз. Мысалы, еңбек, еңбекші, алғабас, еркіндік, азаттық, бостандық, бірлік, төңкеріс, теңдік, ынтымақ, кеңес, кеңесарық, қызыл ту, жаңа тұрмыс, жаңа құрлыс, жаңа талап, коммунизм сияқты елаттары (елді мекен аттары) біздің түйсігімізге таптық көзқарас дәнін септі.

Ал патшалық Ресей, Кеңес үкіметі тұсында пайда болған және жамырай көбейген орыстекті жер-су аттары қазақ халқының орыстана түсуіне, орыс жұртын ұлы, күшті ұлт ретінде қабылдауына, мойындауына қызмет етті. Орыс қазақ жеріне өзі ғана келген жоқ. Троицк, Свердловск, Комсомольский-Тагильский, Славянка сияқты өздері көшіп шыққан жер аттарын ала келді немесе Саратовка, Самарское, Донское, Малороссийка /1/ Новотроицк, Новоодесская, Новониколаевка, Новоалексеевка деп олардан туынды елат жасап алды. Яғни олар өздерінің шаруашылық түрі, өмір салты, ырым-жырымына қоса орыс тілді жер-су аттарын да қалыптастырып, қазақ жерінің тілдік ортасын да өзгертті. Сөйтіп, орыс жұрты өз жерлерінен мыңдаған шақырым алыста тұрса да, өздерін өз елдерінде жүргендей сезінетіндей жағдай жасап бақты. Мысалы, осы мақала иесі еліміздің оңтүстігінің өзінде бір ұжымшардағы Кончасть, Сеславино, Карл Маркс, Лесхоз, Ақсай, Кельтемашат (Шахты), Чеченгород, Военка, Димитров, Антоновка деп аталған елдімекендер арасында, осы атауларды күнде есітіп, айтып, жаттап өсті. Бұлардың Ақсайдан басқасының бәрі де біз үшін түсініксіз әрі сөз ретінде де, дыбыстық тіркесім ретінде де құлағымызға да, тілімізге де жат болды. Тіл арқылы бізді өз жер-суымызбен, қоршаған ортамен байланыстыра, туыстыра алмады. Керісінше, оларды алыстата, өз елімізді өзімізге өгейсіте түсті.

Екіншіден, жер-су аты бұл жерде бұдан бұрын кімдер өмір сүріп, кімдердің сөзі жүргенінің, бір заманда кімге тиесілі болғанының куәгері, кепілгері болады әрі бәріміз үшін де бұлтартпас тарихи шындық ретінде көрінеді. Мысалы, бүгінде Саратовтың – сары тау, Красноярскінің – қызыл жар деген түрік сөзімен, ал Семейдің – семь палат, Өскеменнің – устья каменных гор деген орыс сөзімен аталғандарына әрі бұлардан туындар тарихи ой-тұжырымдармен ешкім де таласа алмайды. Бұл – тілдің жадтық қызметінің көрінісі, тарихтың хаты болғаны. Біз сөз, әсіресе жер-су аттары арқылы атамзаманда болып өткен жайларға жарық түсіріп, олар туралы шын, жаңсақ, жалған мәлімет ала немесе құрастыра аламыз. Мысалы, Келтемасат, Ұзынмасат деген өзен, су аттарына қарап және өздерін тікелей көріп-білмей-ақ, біз тарихтан олардың өзара ұқсас, тек бірі ұзын, бірі қысқа болғаны туралы шын, қисынды мәлімет аламыз.

Үшіншіден, жер-су аттары бізге саналы түрде, саналық деңгейде де әсер етеді. Яғни біз кімнің жерінде жүрміз, бұл жерде кім қожа, шаңыраққа қарай жүр дегендей, астарлы емес, анық түсінік қалыптасады. Бұл оның саяси тұрғыдағы, тікелей әсері. Төртіншіден, жер-су аттары күнделікті өмірде аса жиі қайталанып айтылатын, қоғамдағы ең белсенді қолданысты сөздер тобына кіреді.

Осы себептерге орай, жер-су аттарына көпшіліктің күнделікті қарекетіне қажетті атау сөз, тіл білімінің ғана нысаны ретінде қарамай, оны мемлекеттік саясат пен ұлттық салт-сана (идеология) негізі деп тану, соған сай мән-мағына беру керек болады. Қазақстандағы жер-су аттарының бұған дейінгі тарихы қазақ жұртын орыстандыруға қызмет етіп келсе, енді олардың қазақшалануы басқа ұлт өкілдерінің қазақтана түсуіне, елімізде мақсат-мүүдесі бір, бір тұтас қауым қалыптасуына негіз болады.

Өкінішке орай, тілдік басқыншылық саясатының, басқа ел, басқа тіл үстемдігінің тілдің басқа салаларын былай қойып, тек жер-су аттары арқылы келтірілетін және тек тілдің өзіне ғана тигізетін зардабының өзі орасан дерлік. Мұндай кері ықпал салдарынан халық өзінің дұрыс тілдік дағдысынан жаңылады. Тілдің ғасырлар бойы тірнектелген, Ақаңша айтсақ, асыл жүйесі бұзылып, бей-берекеттене түседі. Тіл өзінің тарихи, табиғи бастауларынан ажырап, онда түсініксіз, төркіндетілуі қиын сөздер үлесі артады немесе олар жаңсақ түсінілетін болады. Мысалы, Алматы облысындағы Инин, Шиен, Киз, Шығыс Қазақстандағы Верхуба, Ардынка /1/, Орталық Қазақстандағы Иабай, Жалбаше, Матекол, Кулшин, Колутон, Алутау, Бурташ, Манадыр, Килагир, Киндор /2, 3/ немесе Чугучаг, Тюкалинск, Калочинск, Шердаяк, Селшярка, Балакшино, Осакаровка сияқты қазақ жеріндегі басқа да елаттарының нендей сөз екенін, қайдан шығып, не мән берерін тұлғасына қарап біле қою қиын. Тіпті бұлардың бірқатарын тілші, жер-су аттарын зерттеуші мамандардың өзі айтып бере алмайды. Сондай-ақ кейінірек қазақша дыбысталуы бойынша тұлғасы өзгеріп кетуі мүкін Киз атауы тек орыс тілінде ғана тарқатыла алады. Ең бастысы – бұл атаулар орысша айтылуында ғана емес, қазақша айтуда, жай жұрттың сөйлеу тілінде орысша дыбысталуы бойынша қолданылып, бұл жай жазуда, соның ішінде арнайы қабылданатын әкімшлік-аумақтық құжаттарда, іс қағаздарында да көрініс беріп, тұрақтай түсуде.

Жалпы қазақ жер-су аттарының басқа тіл ықпалы салдарынан мүлдем түсініксіз немесе жаңсақ түсінілетін болып қалуы, яғни бұрмалануы бірнеше деңгейде жүреді. Мысалы, Архарлы (арқарлы), Шарафкент (шарапкент), Сүмбе (сүмбі), Мерке (меркі), Тобол (тобыл) атауларының орысша айту ыңғайына қарай бір ғана дыбыстары ауысқан. Бұлар адам танығысыз күйге жетіп, айрықша қолайсыздық тудырмайтынымен, дыбыстау құралымыздың, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстық тіркесім жүйесінің орыс тіліне икемделіп, өзінің табиғи қалбынан айырыла бастағанын көрсетеді. Ең қауіптісі – сырт көзге байқаусыз, елеусіз, бір дыбыста тұрған не бар дейсің дейтіндей, ереңсіз күйде. Айталық, Украина, Америка, Афина, Каспий, Аякөз, Машат сияқты елаттарын да ешкім де қандай да қатесі бар, қазақ тілі дыбыстық жүйесіне жат сөздер деп есептемейді. Дегенмен бұл атауларда қазақ тілінің дыбыс үндестігі, кейінді ықпал заңдары, тіліміздегі дыбыстық тіркесім дәстүрі бұзылып тұр және қазақшалай айтсақ, украин, әмірике, апиын, сарқан, самарқан, қоқан, аягөз, масат болар еді. Шын мәнінде бұл атаулардағы артық не кем, ауысқан бір дыбыстың өзі бүкіл сөздің дыбысталу ырғағын, айту екпінін өзгертеді. Мысалы, сүмбе, мерке, тобол дегенімізде дауысымыз қаттырақ шығып, сөздің соңына және бүкіл бойына екпін қаттырақ түседі, яғни айту демі көбірек шығып, күш те көбірек жұмсалады.

Сөйлеу тілімізде де қазақтың әуелден бар Башқұртыстан, Үндістан, Жапон, Отар, Шу атауларын жоқ қылып, Башкиря, Индия, Япония, Атар, Чу, Түркия немесе Турция дейтін болдық. Әуелгі Қорғасты орысша мәнермен Харгос деу арқылы қазақ тілінің өзіне ғана тән «қ» дыбысы, онда болмаған «х»-ға айналды әрі дыбыстардың сөз бойында келу заңдылықтары бұзылды.

Ал Сибинка (сібе), Шульба (үлбі), Кумашкино, Убинка, Таловочка /1/, Куракина, Кульса, Таволжанка, Дамса, ерголка, Еруслановка, Чилинка /2/, Ишим, Искитам, Иссык, Мойынты, Куучеки (қушоқы), немесе Курминка (құрма), Боровое, Нуринск (нұра), Топаровка, Борлуха, Бурное сияқты дыбыстық өзгеріс үстіне орыс тілі қосымшасын жалғаған, әуелгі тұлғасы қалай болғаны белгісізденіп бара жатқан атаулар да баршылық. Бір қызығы – қазақ тіліндегі Есік, Ыстық атаулары орысша ыңғайда иссык түріндегі бір тұлғаға айналса, шилі атауы бірде Чайлы /3/, бірде Чилинка /2/ болып екі түрлі, ал қамысты сөзі бірде Камышановка, бірде Камышинский, бірде Камышинка болып, үш түрлі бұрмаланған. Осы дыбыстық бұрмалану салдарынан әуелгі Алтыүй атауының Ялтаға, Кімасар атауыныңбірнеше сатыда Коммисаровскийге айналып/3/, Қопалы – Копалинское – Копальское – Капальское – Капал болып өзгеріп және соңғы тұлғасы бойынша Қапал деген қаламақ ханының атымен байланыстырылса /4/, бір кездегі Жем атауы әуелі Эмба, кейінірек Ембі болып, бұлардың негізінде тағы бірнеше елат, мекеме аттары пайда болды.

Сондай-ақ орыс тілінің «за-» сөзалды қосымшасы арқылы Затобол, Заилийск, Затон, Забадам, Задария сияқты дүбара атаулар туып, әсіресе соңғы екеуіндегі «за» буыны барған сайын көзден тасаланып, қазақ тілінің өз сөзіндей болып барады және түбінде өзімізді адастырып, әуреге салатын болады. Бұлар дыбыс пен қосымша ауысуы және үстемеленуі арқылы ғана бұрмаланған жер-су аттары.

Ал Каменка, Сосновка, Щущинск, Степная, Семиречье, Белые воды, Красные воды, Черные воды, Больше Нарым, Большая Буконь (бөкен), Большой мараленок, Красногорск, Синегорье, Степногорск атаулары жағдайында бүтін сөз, сөз тіркесі немесе оның бір бөлігі ауысып, атау түгелдей немесе жарым-жартылай орыс тіліне аударыла алынған және бірқатары бірден орысша жасалған. Нәтижесінде, біріншіден, қазақ қауымы жер-судың табиғи сипатына қарай қойлыған тастақ, қарағайлы, шортанды, дала қайнар, жетісу, ақсу, қызылсу, қарасу, үлкен нарым сияқты өз тілінен шыққан әдемі атауларынан, сөздерінен жаңылып, айрылып әрі өзі үшін түсініксіз, дыбыстауға да қолайсыз сөзді алуға, қолдануға мәжбүр болып отыр. Екіншіден, мұндай орысша атауларды қазақтың қазақша сөйлеу ырғағымен тез және жиі айтуы, қолдануы салдарынан Белауат, Шернауат, Краснауат сынды тағы да кейінірек түп-төркінін ажыратуда қиындық туғызатын адас атаулар пайда болуда.

Адамның, халықтың «аршып алып тастауға болмайтын» бір табиғи қасиеті – ол не нәрсеге де ат бере отырып, оның мәнін, мазмұнын аша, сыртқы дүниедегі және өзінің таным жүйесіндегі орнын көрсете атайды. Әрі кез келген енді ғана көріп-естіп тұрған нәрсенің де атын затына, затын атына байланыстыра қабылдауға, олардың арасынан қандай да байланыс көруге, табуға бейім болады. Бұл қасиет әсіресе қазақта басым. Өйткені, Ақаңша айтсақ, ол – «сөзге сергек қарайтын», оған үлкен мән беретін халық. Осы себептен болар – бір кездері орыс тілі ықпалымен тұлғасы елеулі өзгерісе ұшырап, әуелгі мәні мен уәжін жоғалтқан сөздерді кейінірек сол өзгерген тұлғасы бойынша басқаша түсініп, басқаша қазақшалау, қазақтың басқа бір сөзіне айналдыру жайы да аз кездеспейді. Мысалы, Алматы облысындағы бір аудан орталығы Шелек деп аталады. Алайда неге бұлай аталатынын ешкім де түсіндіре алмайды әрі шынында да неге Шелек деді екен деп, өздері де түсіне алмай, дал болады. Бірақ мұның орыс тілінен келген оғаштық екені ешкімнің де ойына кіріп-шықпайды. Сірә, тағы біраз уақыт өтіп, ұрпақ алмасса, «Шелек» жұмбағы сол бойы шешілмей қалуы және «шелек-ведро» түсінігі арқылы қабылданып кете беруі мүмкін.

Шындығында бұл елатының «шелек-ведро»-ға түк қатысы жоқ. Халық әуеліде өзеннің өзін, оны жағалай өскен шілік, яғни майда қамыс атымен шілік деп атап, содан шыққан елатын орыс жұрты Чилик түрінде өз тілдеріне икемдей айтқан. Кейінірек орыс тілінің, жұртының екпінімен «шілікті» ұмытуға мәжбүр болған қазақ, «чилик» деуге де тілі толық келіңкірмей, айта-айта оны «шелек» еткен. Нәтижесінде жер-судың табиғи сипатын көрсете атаушы әуелгі «шілік» атауы, табиғат жайымен еш байланысы жоқ шатамптық атауға айналды әрі тілімізде жаңсақ түсінік тудырушы «Шелек» атауы пайда болды.

Дәл осы сияқты, Алматы қаласының оңтүсітк батыс жағындағы төңіркете өсіп тұрған қалың қарағайға қатысты қарағайлы аталған жер, елді мекен орыс тілінің қосымшасы жалғана әуеліде – Карагайлинск, кейінірек – жиі қолданыс барысында ықшамдалып, Каргалинка болған сыңайлы. Күні кешеге дейін Каргалинка болып келген сол жерді бүгінде Қарғалы дейміз және солай жазып та қойдық. Енді кейінгі ұрпақтың бұл жерде бір заманда қарға көп болған-ау деп ойлауына, ойлап қана қоймай, қабылдауына тура келеді. Жер-су аты арқылы өткен заманнан жаңсақ, жалған мәлімет алып, сол негізде шындық та қолдан құрастырылуы мүмкін деуіміздің мәнісі осы болады. Ал бұлай болмасын десек, жадымыздан жулып кетпей тұрғанда мұндай төркін-тұлғасы күмәнді жалқы есімдерді тілдік, танымдық талдаудан өткізіп, әуелгі, қазақ тілі бұзылмай, бұрмаланбай тұрғандағы қалыбын орнықтыру керек болады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Әлімхан А. Шығыс Қазақстандағ ыорыс тілінен енген топонимдер //Нығмет Сауранбаев және қазақ тіл білімі. – А., 2000. – 184-187 б.

2 Қазақстанның географиялық атаулары. Ақмола облысы. – А., 1998.

3 Сулы, нулы Жетісу. – А., 1994.

4 Қоңқашпаев Ғ. Қазақтың халықтық географиялық терминдері. – А., 1956.

 

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қазақ жеріндегі жер-су аттарының орыс тілі ықпалымен бұрмаланып, тілдік тұрғыда танығысыз күйге жеткені, тіпті жаңсақ түсінік тудыру жайы келтіріліп, талданады.

 

РЕЗЮМЕ

В статье приводятся и анализируются искаженные и неузнаваемые в казахском языке топонимы Казахстана.







©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.