Здавалка
Главная | Обратная связь

Ішкі акушерлік зерттеу



ГЛАВА ІІІ

ТӘЖІРИБЕЛІК ДАҒДЫЛАР

Анамнез жинаужәне жүкті (босанған) әйелді жалпы тексеру

Студентке тапсырма: жүкті (босанған) әйелден анамнез жинастыра отырып, анықталған мәліметтер бойынша емтихан қабылдаушыға жасап жатқан әрекетіңізді айтып отырыңыз.

Дағдыны көрсету уақыты -5 минут.

Емтихан қабылдаушыға ақпарат: студенттің анамнез жинауының дұрыстығын төмендегі әрбір пункт бойынша бағалаңыз.

Жүкті/босанушы әйелді мейіріммен және ілтипатпен қарсы аламыз. Өзімізді таныстырамыз. Алынған ақпарат құпия күйінде сақталатындығын түсіндіреміз. 0,5
Паспорттық мәліметтерді анықтаймыз: аты-жөні, жасы, мекен-жайы, мамандығы, жұмыс орны. 0,5
Негізгі шағымдарын сұрастырып анықтаймыз, шағымдардың пайда болу себептерін нақтылаймыз, олардың күшею немесе басылуына әкелетін жағдайларды анықтаймыз. 0,5
Өмір анамнезін анықтаймыз: хронологиялық реттілікпен балалық шақтан бастап басынан өткен аурулары, операциялары. Созылмалы аурулары болса, аурудың ұзақтығын, мамандарда бақылану жиілігі, соңғы өршу уақытын анықтаймыз. Әйелден вирустық гепатитпен, туберкулезбен, жыныстық жолмен жұғатын аурулармен ауырғандығын, эпидқоршауын сұрастырамыз. Жұбайын, оның жасын, денсаулығын. 0,5
Арнайы анамнез: етеккір қызметі туралы мәлімет жинаймыз (менархенің басталуы, қашан тұрақталғаны, ұзақтығы, неше күннен кейін қайталанады, аз мөлшерде, мөлшерлі немесе көп мөлшерде, соңғы етеккір күні). 0,5
Жыныстық өмірі неше жастан басталғанын нақтылаймыз, некеде тұра ма, нешінші неке. Бұрын болған гинекологиялық аурулары туралы мәліметті (қандай, қашан) нақтылаймыз. 0,5
Акушерлік анамнез жинаймыз: болған жүктіліктерінің хронологиялық реттілігі, олардың нәтижелері, туған кезде балаларының салмағы. Босану және жүктілік кезіндегі асқынулары (қандай, қашан). 0,5
Осы жүктіліктің ағымын анықтаймыз: әйелдер кеңесіне бірінші рет келген кезде жіктілік мерзімі және күні, триместрлер бойынша жүктіліктің ағымы туралы мәлімет. 0,5
Тері жабындылары және көзге көрінетін шырышты қабаттарының түсін, перифериялық ісінулердің болуын, аяқ тамырларының жағдайын қарап тексереміз. Артериялық қан қысымын өлшеп, тамыр соғысын тексереді. Жүрек, өкпе аускультациясы, іш, бауыр пальпациясы, қажет жағдайда бауыр перкуссиясы жүргізіледі. 0,5
Шыдамды және ілтипатты түрде емшараны жүргізу барысын жүкті (босанушы) әйелге түсіндіріп, сұрақ қоюға мүмкіндік береміз. 0,5

Максимальды берілетін ұпай саны – 10


Сыртқы акушерлік зерттеу (жамбасты өлшеу)

Студентке тапсырма: жамбас өлшегіш арқылы жүкті (босанушы) әйелдің жамбас өлшемдерін тазомер арқылы өлшеңіз. Сонымен қатар емтихан қабылдаушыға жасап жатқан әрекетіңізді айтып отырыңыз.

Дағдыны көрсету уақыты 5 минут.

Емтихан қабылдаушыға мәлімет: төменде көрсетілген пунктер бойынша студенттің әрекетін бағалаңыз.

 

Жүкті (босанушы) әйелге тексеру барысын түсіндіреміз. Қолды жуамыз, бір реттік орамалмен сүртеміз. Бір рет қолданылатын қолғапты киеміз. 0,5
Жүкті (босанушы) әйелді биік қатты кушеткаға екі аяғын қосып, жамбас-сан және тізе буындарын жазып жатқызамыз. 0,5
Жүкті (босанушы) әйелге қарап оң жағынан тұрамыз немесе отырамыз. Жамбас өлшегіштің тармақтарын үлкен және сұқ саусақпен ұстап, саусақ ұштарын жамбас өлшегіштің түймешіктеріне дұрыс тұратындай етіп орналастырамыз. 0,5
Жамбас өлшегіштің түймешіктерін мықын сүйегінің сыртқы алдыңғы-жоғарғы остеріне екі жақтан қойып, олардың ара қашықтығын өлшейміз distantia spinarum, (қалыпты жағдайда 25-26 см). 0,5
Осыдан кейін жамбас өлшегіштің түймешіктерін остерден мықын сүйегінің сыртқы жиегінің қырқасымен жылжытып, ең алшақ қашықтығын анықтаймыз – distantia cristarum (қалыпты жағдайда 28-29 см). 0,5
Әйелден аяқтарын қимылдатуын сұраймыз, ұршық басының ең көп кимылдайтын нүктелерін тауып, оған жамбас өлшегішті қоямыз және distantia trochanterica анықтаймыз, (қалыпты жағдайда 30-31 см). 0,5
Содан кейін әйелден бүйірімен жатуын сұрап, астыңғы аяғын жамбас-сан, тізе буындарында бүгіп, үстіңгі аяғын жазып жатуын сұраймыз. 0,5
Жамбас өлшегіштің бір тармағының түймешігін симфиздің жоғарғы-сыртқы жиегінің ортасына, екінші ұшын сегізкөз шұңқырына қойып, сыртқы конъюгатаны өлшейміз (20-21 см). 0,5
Соловьев индексін (білезік-буын өлшемі) сантиметрлік лентамен өлшейміз. Қалыпты жағдайда индекс 14,5-15 см-ге тең. Анықталған сыртқы конъюгата өлшемінен 9 см алып, шынайы конъюгата өлшемін табамыз. 0,5
Осы алынған мәліметтер бойынша әйел жамбас сүйектерінің ерекшеліктері туралы қорытынды жасаймыз. Қолғапты шешіп, утилизацияға арналған контейнерге тастаймыз және қолды жуамыз. 0,5

Максимальды берілетін ұпай саны – 10


Сыртқы акушерлік зерттеу (Леопольд –Левицкий тәсілдері)

Студентке тапсырма: жүкті (босанушы) әйелге сыртқы акушерлік зерттеу жүргізіңіз. Сонымен қатар емтихан қабылдаушыға жасап жатқан әрекетіңізді айтып отырыңыз.

Дағдыны көрсету уақыты 5 минут.

Емтихан қабылдаушыға мәлімет: төменде көрсетілген пунктер бойынша студенттің әрекетін бағалаңыз.

 

Жүкті (босанушы) әйелге тексеру қажеттілігін түсіндіреміз. Қолды жуамыз. Бір реттік орамалмен сүртеміз. Бір рет қолданылатын қолғапты киеміз. 0,5
Жүкті (босанушы) әйел арқасымен жатады, іш бұлшық еттерін босаңсыту үшін аяқтарын жамбас-сан және тізе буындарында бүгеді. 0,5
Жүкті (босанушы) әйелге қарап оң жағынан тұрамыз. 0,5
Бірінші әдіс: екі қолдың алақанын жатыр түбіне орналастырамыз, саусақ ұштары бір-біріне бағытталады, ұрықтың орналасуын анықтаймыз (жатыр түбінде ірі бөліктің бар-жоқтығын) және қасағадан жоғары жатыр түбінің биіктігін анықтаймыз. 0,5
Екінші әдіс: қолды жатыр түбінен жатыр бүйіріне ауыстырамыз. Екі қолды кезектестіріп жатырдың бүйір бөліктерінің пальпациясын жүргіземіз. Ұрықтың арқасының және ұсақ бөліктерінің орналасуы жайлы мәліметтер алған соң, позициясы және позициясының түрі жайлы қорытынды жасаймыз. 0,5
Үшінші әдіс: ұрықтың келген бөлігін анықтаймыз, ол үшін оң қол алақанын қасағаға қоямыз, ал саусақтармен келген бөлігін анықтаймыз. Қатты және баллотирлеуші бөлігі анықталса, баспен келгендігін білдіреді, егер жұмсақ және баллотирленбейтін болса – жамбаспен келгендігін білдіреді. 0,5
Келесі әдісті жүргізу үшін зерттеуші әйелдің оң жағынан аяғына қарама-қарсы тұрады. 0,5
Төртінші әдіс арқылы ұрықтың келген бөлігінің кіші жамбас кіреберісіне қатынасын анықтаймыз және бұл әдіс босану кезінде қолданылады. 0,5
Екі қолдың алақанын ортаңғы сызықтан латералды, қасаға сүйегінің көлденең тармағының үстінен орналастырамыз. Біртіндеп қолдарды ұрықтың келген бөлігі мен кіші жамбас кіреберіс жазықтығының арасына жылжытамыз, келген бөлігінің кіші жамбас кіреберіс жазықтығына қатынасын анықтаймыз. 0,5
Алынған мәліметтер негізінде ұрықтың орналасуы, позициясы, түрі, келген бөлігінің кіші жамбас кіреберісіне қатынасы туралы қорытынды жасаймыз. Қолғапты шешіп, утилизацияға арналған контейнерге тастаймыз және қолды жуамыз. 0,5

Максимальды берілетін ұпай саны – 10


Ішкі акушерлік зерттеу

Студентке тапсырма: жүкті (босанушы) әйелге қынаптық зерттеу жүргізіңіз. Сонымен қатар емтихан қабылдаушыға жасап жатқан әрекетіңізді айтып отырыңыз.

Дағдыны көрсету уақыты 5 минут.

Емтихан қабылдаушыға мәлімет: төменде көрсетілген пунктер бойынша студенттің әрекетін бағалаңыз.

 

Жүкті (босанушы) әйелге тексеру қажеттілігін түсіндіреміз. Әйел арқасына жатып, аяқтарын жамбас-сан және тізе буындарында бүгеді және ашып жатады. 0,5
Пациенттің сыртқы жыныс мүшелерін өңдейміз. Қолды жуамыз. Бір реттік орамалмен сүртеміз. Бір рет қолданылатын қолғапты киеміз. 0,5
Ішкі акушерлік зерттеуді сыртқы жыныс мүшелерін қараудан (түктенуі, дамуы, вульваның ісінуі, тамырлардың варикозды кеңеюі), шатаралығын (оның биіктігі, серпімділігі, тыртықтардың болуы) және қынаптың кіреберісін қараудан бастаймыз. 0,5
Қынапқа ортаңғы және сұқ саусақтардың фалангаларын енгізіп, зерттеуді жүргіземіз (оның ені және ұзындығы, қынап қабырғаларының қатпарлығы мен созылғыштығы, тыртықтардың, ісіктердің, перделердің және басқа да патологиялық жағдайлардың болуы). Жамбас сүйегінің ішкі бетін пальпациялаймыз. 0,5
Жүкті әйелдің жатыр мойнын тауып, оның жетілу дәрежесін анықтаймыз: жамбастың өткізгіш осі бойынша орналасуын, формасын, көлемін, консистенциясын, қысқаруын, аранның өткізгіштігін. 0,5
Босану кезінде жатыр мойнының жағдайын (қысқарған, тегістелген), аранның ашылу дәрежесін сантиметрмен, аран жиектерінің жағдайын (жұмсақ немесе тығыз, қалың немесе жұқа) аныктаймыз. Ұрық көпіршігінің жағдайын (бүтіндігін, бүтіндігінің бұзылуын, кернеу дәрежесін, алдыңғы судың көлемін) анықтаймыз. 0,5
Ұрықтың келген бөлігін анықтаймыз – жамбасы, басы, аяқтары, танып ажырату пункттеріне көңіл бөлеміз: басында – тігістері, еңбектері, жамбасында– сегізкөз және құйымшақ. Келген бөлігі қайда орналасқанын анықтаймыз: кіші жамбас кіреберісінен жоғары, кіші жамбас кіреберісіне тірелген, кіші не үлкен сегментпен кіші жамбас кіреберісінде немесе қуысында, шыға берісінде. 0,5
Егер келген бөлігі жоғары тұрса және сегізкөз мүйісіне саусақ жетсе, диагоналді конъюгатаны өлшейміз (conjugata diagonalis) – мүйіс пен симфиздің төменгі жиегінің аралығы (қалыпты жағдайда-13см). Қынапқа енгізілген саусақтармен мүйіске жетуге тырысамыз және ортаңғы саусақ ұшын оған тигіземіз. Бос қолдың сұқ саусағын симфиздің төменгі жиегіне апарып, ішкі колдың қасаға доғасының төменгі шетімен тікелей түйіскен жерін белгілейміз. 0,5
Қынаптан саусақтарды шығарамыз. Ішкі қолда белгіленген қашықтықты сантиметрлік лентамен немесе жамбас өлшегішпен өлшейміз. Диагноналді коньюгатаның өлшемі арқылы шынайы коньюгата өлшемін анықтаймыз. 0,5
Алынған мәліметтер негізінде қорытынды жасаймыз. Қолғапты шешіп, утилизацияға арналған контейнерге тастаймыз және қолды жуамыз. 0,5

Максимальды берілетін ұпай саны – 10


Жүктілік және босану мерзімін анықтау

Студентке тапсырма: жүкті (босанушы) әйелдің жүктілік мерзімін және босану уақытын анықтаңыз. Сонымен қатар емтихан қабылдаушыға жасап жатқан әрекетіңізді айтып отырыңыз.

Дағдыны көрсету уақыты -5 минут.

Емтихан қабылдаушыға ақпарат: төменде көрсетілген пунктер бойынша студенттің әрекетін бағалаңыз.

Жүкті (босанушы) әйелге тексеру мәнін түсіндіреміз. 0,5
Жүктілік мерзімін соңғы етеккір (СЕ) бойынша анықтаймыз. Соңғы етеккірдің бірінші күнін 1-ші күн деп емес, 0-ші күн деп санаған жөн. 0-6 күн аралықтары сәйкесінше «толық нөлдік аптаны» құрайды, ал 7-13 күндер – «толық бірінші аптаны» құрайды. Егер соңғы етеккір күні белгісіз болса, жүктілік мерзімін сенімді клиникалық мәліметтерге сүйеніп анықтаймыз. 0,5
Жүктілік мерзімін овуляция бойынша анықтаймыз. Күтілетін, бірақ болмай қалған етеккір күнінен 14-16 күнді алып тастаймыз, ол циклдің ұзақтығына байланысты болады және күнтізбе бойынша тексерілу күніне дейін жүктілік мерзімін есептейміз. 0,5
Жүктілік мерзімін ұрықтың бірінші қозғалған күні бойынша анықтаймыз. Алғаш босанушыларда бұл жүктіліктің 20 аптасы, қайта босанушыларда – 18 аптасына сәйкес келеді. Әрі қарай күнтізбе бойынша тексерілу күніне дейін жүктілік мерзімін есептейміз. 0,5
5. Босану уақытын ұрықтың бірінші қозғалған күні бойынша анықтау үшін, алғаш босанушы әйелдерге ұрықтың бірінші қозғалған күніне 20 апта, қайта босанушыларға – 22 апта қосамыз.      
ЖДА, әйелдер кеңесіне бірінші рет ерте келген кездегі мәліметтер бойынша, келу күнін нақтылап, жүктілік мерзімін анықтаймыз. 0,5
Объективті мәліметтер бойынша, іш айналымы және жатыр түбі биіктігінің көрсеткіштерін және жүктіліктің 12 аптасына дейін жасалған бимануальды зерттеу мәліметтерін ескеріп жүктілік мерзімін анықтаймыз. 0,5
Жүктілік мерзімін УДЗ мәліметтері бойынша анықтаймыз, егер зерттеу 16 аптаға дейін жүргізілсе. 0,5
Босану мерзімін Негеле формуласы бойынша анықтаймыз: соңғы етеккірдің алғашқы күнінен 3 айды алып тастап, 7 күнді қосамыз. 0,5
Жүктілік мерзімін есептеу кезінде күндермен, апталарды ескерген жөн. Алынған мәліметтер негізінде жүктілік мерзімі және болжам босану мерзімі туралы қорытынды жасаймыз. 0,5

Максимальды берілетін ұпай саны – 10


Ұрықтың болжам салмағын анықтау

Студентке тапсырма: жүкті (босанушы) әйелде ұрықтың болжам салмағын анықтаңыз. Сонымен қатар емтихан қабылдаушыға жасап жатқан әрекетіңізді айтып отырыңыз.

Дағдыны көрсету уақыты -5 минут.

Оқытушыға ақпарат: төменде көрсетілген пунктер бойынша студенттің әрекетін бағалаңыз.

 

Жүкті (босанушы) әйелге тексеру мәнін түсіндіреміз. Қолды жуамыз. Бір реттік орамалмен сүртеміз. Бір рет қолданылатын қолғапты киеміз. 0,5
Жүкті әйелдің іш айналымын (ІА) сантиметрлік лентамен кіңдік деңгейінде және Михаэлис ромбысының бүйір бұрыштарында өлшейміз. 0,5
Жатыр түбінің биіктігін (ЖТБ) сантиметрлік лентамен өлшейміз. Лентаның бір ұшын қасаға қосындысының жоғарғы жиегіне қоямыз, лента іштің ортаңғы сызығы бойымен орналасады. Алақан қырымен жатыр түбінің биіктігін сантиметрмен анықтаймыз. 0,5
Ұрықтың салмағын Жорданиа бойынша анықтаймыз, іш айналымын жатыр түбінінің биіктігіне көбейтеміз. 0,5
Ұрықтың салмағын Стройкова әдісі бойынша мына формуламен анықтаймыз: Х=Барлық әйел салмағы граммен/константаға (салмағына сәйкес)+(ІА´ЖТБ) 0,5
Ұрықтың салмағын Якубова әдісі бойынша анықтаймыз (алғаш босанушы, ұрықтың басымен келуі, бүтін қағанақ сулары) M ұрық салмағы = (ІА+ЖТБ) ´100 2-ші босану кезінде +50, 4-ші +150, одан көп+300. 0,5
Ұрықтың салмағын Джонсон бойынша анықтаймыз: (ЖТБ-11)´155 0,5
Ұрықтың салмағын Бубличенко бойынша анықтаймыз, бұл кезде ұрықтың болжам салмағы жүкті әйелдің дене салмағының 1/20 тең. 0,5
Ірі ұрықты болжаған кезде Нуркасымов бойынша анықтаймыз (дәрігер интерндер үшін). 0,5
Алынған мәліметтер негізінде ұрықтың болжам салмағы туралы қорытынды жасаймыз. Қолғапты шешеміз, утилизацияға арналған контейнерге тастаймыз және қолды жуамыз. 0,5

Максимальды берілетін ұпай саны – 10

 

Қосымша:

Стройкова әдісі бойынша ұрық салмағын анықтау кезіндегі константа – барлық әйелдер 51кг дейін = 15

51-53 = 16

54-56 = 17

57-62 = 18

63-65 = 19

66-73 = 20

74-81 = 21

81 және одан көп = 22








©2015 arhivinfo.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.